Basty bet

Рухани байлық – адамзат қазынасы

Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтады.
Газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші»,- дейді.

Бүгінгі таңда елімізде мерзімді басылымдарға жазылу жүріп жатыр. Маңызды науқан туралы халық жақсы хабардар деп ойлаймыз. Алайда басылымдарға жазылу баяу жүруде. Оған себепті әркім әртүрлі айтуда. Бірі пошта қызметкерлерінің газет-журналдарды оқырманға дер кезінде жеткізбеуін айтса, енді біреулер басқа себепті айтады. Бірінші себептің салдарының әсері шынында басым. Дейтұрғанмен көзіқарақты газет-журналды үзбей оқитын патша көңілді оқырмандар өзіне қажетті, өзінің сүйікті басылымдарына уақтылы жазылып алуға асығуда.
Қоғам болған соң әркімнің көзқарасы, таңдауы әртүрлі. Ешкімнің айтуынсыз-ақ, бір емес, бес-алты, тіпті он шақты газет-журналдарға жазылатын оқырмандарымыз бар. Бірақ олар аз.
Ел боламыз десек, рухани жандүниемізге көңіл бөлуіміз керек. Ал, жан тазалығы, рухани баюымыз рухани азыққа байланысты. Рухани байлық – адамзат қазынасы. Материалдық жағынан бай, ал рухани жандүниесі кедей қоғамнан қорқу керек. Сондықтан жалпы газет-журналдарға жазылым науқанына сіз бен біз болып аса мән бергеніміз жөн.
Ауданымызда газет-журналдар, оның ішінде аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетіне жазылымның өз деңгейінде өтуіне аудан басшылары, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, тұрақты оқырмандарымыз, қазыналы қарияларымыз өз үлестерін қосуда. Бұл бір жағынан газетке деген оң көзқарас десек, екінші жағынан елдің болшағына деген жанашырлық деп білеміз.
«Жаңа өмір» газетіне жылдың ІІ жартыжылдығына жоспар 4000 дана болса, бүгінде 2000-нан енді ғана асты. Ал уақыт өте аз қалды.
Ауылдық округтердің ішінде ең алда келе жатқан ауылдық округ Нұрлыкент ауылдық округі, екінші Б.Момышұлы ауылы. Одан кейін Мыңбұлақ, Шақпақ ауылдық округтерін де атауға болады. Ал, Билікөл, Көкбастау, Ақтөбе ауылдық округтерінде көрсеткіш өте төмен.
Мекемелерден аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, қорғаныс бөлімі, жұмыспен қамту бөлімі, полиция бөлімі, аудандық пошта байланыс торабы, кірістер басқармасы, №12, 13 спорт мектептері, жер кадастрлық мекемесі, т.б. мекемелер белсенді атсалысуда. Аталған ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары мен қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз.
Қалған ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшыларын, жалпы ауыл тұрғындарын аудандық газетке уақытты тиімді пайдаланып, тездетіп жазылуын сұранамыз.
Аудандық басылым – халық үніне құлақ асатын мемлекетімізде А.Байтұрсынұлының анықтамасындай, халықтың көзі, құлағы, һәм тілі ретінде ғана емес, қоғамдық сананы өзгертіп, қалыптастыратын ықпалды құрал ретіндегі қызметін де жалғастыра беретініне, еліміздің дамуына тамшыдай болса да өз үлесін қосатынына сенімдіміз.

Таңдаулы материалдар

Close