Basty bet

«Сыймай жүрген жоқпыз, сыйыса алмай жүрміз-ау…»

Ауылдағы шаруа баққан ағайын үшін мал жайылымы маңызға ие екені белгілі. Сол себептен соңғы жылдары ауылдық жерлерде туындап отырған жайылым мәселесін шешуді тездетіп қолға алған дұрыс. Қошқарата ауылында болған көшпелі қоғамдық қабылдауда тұрғындар өзге сұрақтармен қатар мал жайылымы мәселесін көтерді. Онда аудан әкімінің орынбасары А.Жабағы, аудан прокурорының орынбасары Б.Қалыбаев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Д.Нұралиев, аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандары, сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары М.Зиябеков тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

-Кейінгі 10-15 жылдың көлемінде Қошқарата ауылынан біраз отбасылар аудан орталығына, аудан орталығына жақын орналасқан басқа да ауылдарға көшіп кетті. Бұған біздің ауылда табиғи газдың немесе ауызсудың жоқтығы себеп емес. Ең бірінші фактор, ауылда тұрақты жұмыс жоқ. Тұрғындардың дені мал және егін шаруашылығымен айналысады. Жер өңдеуге немесе мал ұстауға шамасы келмейтін азаматтар көшіп кетіп жатыр. Ауылдағы білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс орындары шектеулі.

Биыл ауылымызға ауыз су құбыры тартылып жатыр. Одан бөлек, газ келеді деген жақсы хабар бар. Бұл да тұрғындардың ауылда тұрақтауына оң әсер етеді деп ойлаймын. Тағы бір айта кететін маңызды мәселе, ауылға сырттан мал көп келеді. Қарап отырсаң, бәрі тұрғындардың таныстарының малы. Ауыл тұрғындарының малына тиесілі жайылым да жыл санап тарылып барады. Көп жерлер егістік жерлердің санатында. Ауылдың падасы мен қой кезек бағатын бұрынғы жайлаулар қазір жеке азаматтардың қолына өтіп кеткен. Оған жаяйын десе, жер иелері ол жерлерге мал кіргізбейтін жағдайға жетті. Жасыратын несі бар, атын атамай-ақ қояйын, биыл ауылдың екі азаматының арасында мал жайылымына байланысты дау туындап отыр. Қазір ауылдың өзінде жайылым мәселесі өте өзекті. Жер қатынастары бөлімінің мамандары, аудан басшылары бұл мәселені ертерек шешпесе, ушығатын түрі бар. Бастысы осы. Ауылдағы басқа да ұсақ-түйек мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі деп сенемін,- дейді ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Андасбек Мырзалиев.
Округке қарасты Қызтоған ауылының тұрғыны, зейнеткер ұстаз Кенжебек Тасболатов та аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағының назарына бірқатар әлеуметтік мәселелерді айтты. Ол өз сөзінде аталған ауылдағы ауыз су, ағынсу, сонымен қатар, ауылда тұрғындардың, әсіресе, жастардың тұрақтап тұруына жағдай жасау қажеттігін еске салып, басқа да мәселелерді сөз етті. Бұл сұрақтарға А.Жабағы жауап берді.
-Биылғы жылы округте тұрғындардың игілігі үшін бірқатар жұмыстар қолға алынып отырғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Тұрғындар көптен күткен ауызсу мен газ құбырлары тартылуда. Қазір газға байланысты ауыл ішіндегі жүйелерге конкурс жарияланды. Жақын арада конкурс жұмыстары аяқталса, газдандыру жұмыстары одан әрі жалғасатын болады. Өткен екі жылдың көлемін алып қарайтын болсақ, Қошқарата және Ақтасты ауылдарында жаңадан дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт салынып, пайдалануға берілді. Онда жұмыс жасайтын жас мамандар келіп жатыр. Бұл тұрғындар үшін жағымды жаңалық. Алдағы уақытта да алыс ауылда шаруашылықпен айналысып, ауданның дамуына үлес қосып отырған ағайынға әлеуметтік жағдайлар жасау жұмыстары жалғаса береді,- деді Асхат Базарбайұлы.
Қошқарата ауылында ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауда тұрғындар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Р.Құниязовтан ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті жаңа техника, өндірген өнімге субсидия, жеңілдетілген несие алу жолдарын сұрады. Атап айтқанда, Ақтасты ауылының тұрғыны Нұрлан Құралбеков, Қошқарата ауылынан шаруашылық басшысы Дәулет Тәжібаев т.б. азаматтарға аталған бөлімнің басшысы бағыт-бағдарлар берді. Басқа да ауыл тұрғындары кәсіп ашу, шаруашылықты дамытуға несие алу, кәсіпкерлік негіздерін оқу, интернет мәселесі, Ақтасты ауылында ауызсумен қатар, ағын судың тапшылығын, тоғанды тазалау сияқты сұрақтармен қайырылып, оларға тиісті сала мамандары жауап берді. Одан бөлек, көшпелі қоғамдық қабылдауда аудан прокурорының орынбасары Болат Қалыбаев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Дархан Нұралиев тұрғындарға құқықтық тұрғыдан ақыл-кеңестер берді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close