Basty bet
Газ құбыры тұрғын үйлерге де тартылуда
Жуалы ауданын газдандыру жұмыстары өткен ғасырдың 80 жылдарының аяқ шенінде басталып, аудан орталығы мен оған іргелес бірнеше елді мекендер халқы табиғи газды тұрмыста қолдана бастады. Тоқырау жылдары тоқтап қалған бұл жұмыс 2008 жылы қайта қолға алынып, бірқатар елді мекенге тағы да табиғи газ құбыры тартылды.
Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағының айтуынша, бүгінде өңірдегі 49 елді мекеннің табиғи газбен қамтылғаны – 30 немесе 61%. Ал, халық санына шаққанда 42 303 тұрғын бүгінде көгілдір отынның игілігін көруде, яғни ол 80 пайызды құрайды.
– Таулы аймақтағы қалған бес ауылдық округтегі 19 елді мекенді газбен қамту бағытында мақсатты жұмыстар атқарылуда. 15 елді мекенді, атап айтқанда, Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған, Тасбастау, Қосмұрат, Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қоңыртөбе, Боралдай ауылдық округінің Көлтоған, Рысбек батыр, Ертай, Күреңбел ауылдық округінің Күреңбел, Қаратас, Қошқарата ауылдық округінің Қошқарата, Ақтасты, Қызтоған, және Шақпақ ауылдық округінің Шақпақ станциясын газдандыруға 2017 жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Жобаның құрылыс құны 2,628 млрд. теңгені, ал газ құбырының ұзындығы 102,3 шақырымды құрайды.
Газдандыру жұмыстары бірнеше кезеңмен жүргізілуде. Өткен жылы құрылыс жұмыстарын бастауға 1,365 млрд.теңге, оның ішінде 1,203 млрд.теңге республикалық бюджеттен, 162,0 млн. теңге облыстық бюджеттен бөлініп, игерілді. Мердігері – «Таразстрой-2004» ЖШС. Бөлінген қаражатқа төрт елді мекенге, атап айтқанда, Тасбастау, Кәріқорған, Қоңыртөбе ауылдарына және Шақпақ станциясына жеткізуші газ құбыры тартылды.
Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарын жалғастыруға 803,152 млн.теңге, соның ішінде 722,837 млн .теңге республикалық бюджеттен, 80,315 млн.теңге облыстық бюджеттен бөлініп, бес елді мекен, атап айтқанда Майбұлақ, Шыңбұлақ, Қосмұрат, Күреңбел, Қаратас ауылдарына жеткізуші газ құбыры тартылуда.
2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылауда 2020 жылы газ құрылысы жұмыстарын аяқтауға қосымша 414,0 млн. теңгеге салалық министрлікке бюджеттік өтінім тапсырылған.
Таулы өңірдегі ауылдарға магистралдық газ құбырын тартумен қат-қабат ауыл ішілік газ тарту жұмыстары да жүргізілуде. 2020 жылдың ақпан айында «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеті елді мекенге, атап айтқанда Тасбастау, Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат адам, Кәріқорған, Қоңыртөбе, Күреңбел ауылдарына жалпы құны 636,119 мың теңге қаржы бөлініп, бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Бір елді мекен Шақпақ станциясы ауыл ішілік газ тарту жұмыстарын ауыл тұрғындары өз есебінен жүргізуде.
Жоба толығымен аяқталғанда, жалпы аудан көлемінде 38 елді мекен табиғи газбен қамтылып, 77,55 пайызды құрайды, ал халық санына шаққанда, 47086 адам, 89,56 пайызды құрайтын болады.
– 2020 жылға жеті ауылға Қаратас, Ертай, Көлтоған, Рысбек Батыр, Ақтасты, Қошқарата, Қызтоға ауыл ішілік газ құбырын тарту үшін ЖСҚ әзірлеуге 35835,7 мың теңге қаралған. Бүгінгі күнге бірыңғай ұйымдастырушыға жолданған. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Билікөл аймағындағы төрт елді мекенді, атап айтқанда, Қарабастау, Жылыбұлақ, Дарбаза, Әбдіқадыр ауылдарын газдандыруға облыстық бюджеттен 18,6 млн. теңге бөлініп, қуаттылығы сағатына 10 мың текше метрлік «Билікөл» автоматты газ тарату станциясының құрылысына» ЖСҚ әзірленді. Жобалаушы мекеме – «Нұр-Құрылыс» ЖШС.
Алдағы уақытта жұмыстар жалғасын тауып, аталған елді мекендерге газды 2023 жылға дейін кіргізу жоспарлануда.
2020-2022 ж.ж. арналған республикалық бюджетті нақтылауда 2020 жылы құрылысты бастауға 117,5 млн. теңгеге салалық министрлікке бюджеттік өтінім берілді, – дейді аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»