Basty bet
15 000 теңге есепшоттарына аударылуда
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 18.04.2020 жылғы №212 бұйрығымен Төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу Қағидалары бекітілгені белгілі. Осы қабылданған шаралардың негізгі мақсаты өңірлерде енгізілген қарантин режімі кезіңінде Қағидалармен бекітілген арнайы санаттағы азаматтарға коммуналдық қызметтерін төлеуге мемлекеттік қолдау көрсету болып табылады.
Коммуналдық қызметтерді өтеу белгіленген жеті санаттағы азаматтарға беріледі. Яғни, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасыларға, көпбалалы отбасыларға, ҰОС-ның мүгедектері мен қатысушылары және ҰОС-ның мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген азаматтар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметтерін орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасына, ең төмен және аз зейнетақы алатын зейнеткерлерге, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішіне жалғызбасты зейнеткерлерге.
Мемлекеттен белгіленген 15000 теңге жәрдемақы 2020 жылдың сәуір, мамыр айлары бойынша әр айда нақты тұтынылған коммуналдық қызметтердің шығындарын өтеуге жұмсалады.
Осы ретте, аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбековтың айтуынша, коммуналдық қызметтерді жеткізушілерді шығындарын өтеу Қағидаларына сәйкес коммуналдық қызметке төленетін қаржы бойынша мамыр айына қаралған 86190,0 мың теңге толық игерілген. Олар электр энергиясына 40 808,0 мың теңге екі айға 3795 абонентке, ауыз суға 3708,0 мың теңге екі айға 752 абонентке, табиғи газға екі айға 41674,0 мың теңге 1787 абонентке аударылған.
Маусым айында қаралған қаржы көлемі 86190,0 мың теңгені құрайды. Бұл қаржының бүгінгі күнге екі айға табиғи газға 1089 абонентке 24495,0 мың теңге аударылды. Суға 1500 абонентке, электр энергияға 224 абонетке 11695,0 мың теңгені аудару жоспарланып отыр. Қалған 50000,0 мың теңге карантин режіміне сәйкес аудан орталығынан тыс жердегі абонеттердің тұрғылықты мекенжайында болмауына байланысты шілде айына жылжытылған.
-Президенттің тапсырмасына сәйкес бөлімде коммуналдық төлемдерді төлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл төлемге Қағидадағы белгіленген санаттар бойынша тізім жасалды. Тізім бойынша олардың есепшоттары алынып, толтырылды. Адамдардың көп шоғырланбауын ескеріп, әр ауылдық округ осы санаттарға жататын тұрғындардың есепшоттарын жинауға атсалысты. Белгіленген қомақты қаржыны жұртқа жеткізу мақсатында жедел әрекет етудеміз. Оған бөлімнің барлық мамандары өз үлестерін қосуда. Алайда жұмыстардың кешеуілдеуіне тұрғындардың есепшоттарын дұрыс бермеуі себеп болды. Бұл қателіктерді қайта түзеп, жұмысымызды жалғастырудамыз. Бұл осындай қиын-қыстау кезінде Үкімет тарапынан халыққа беріліп жатқан көмектің бірі. Сондықтан тиесілі азаматтарға төлемді жеткізу біздің міндетіміз болып отыр. Жүктелген міндетті абыроймен атқарып, алдағы уақытта берілген қаржыны игерсек, нұр үстіне нұр, – дейді аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Оразбақұлы.