Basty bet
Әрдайым алғы шепте
Елімізде маусым айының үшінші жексенбісін дәрігерлер күні ретінде атап өту дәстүрі қалыптасып келеді.
Бұл жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, ақ желеңді періштедей адамның көз алдында көлбеңдей жүріп, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, сөзінің қуатымен, жанарының жылуымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған абзал жандардың мерекесі.
Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген.
Ауданның денсаулық саласында бір орталық аурухана, бір аудандық емхана, бастапқы медициналық-санитариялық көмек жүйесіне енетін сегіз дәрігерлік амбулатория, бес ФАП, 33 медициналық пункт тұрғындарға ем-дом қызметін көрсетеді. Мұнда медицина қызметкерлерінің қалың тобы жұмыс атқарады десек, барлық қызметкерлер саны – 673, соның ішінде дәрігерлер – 82, орта буын қызметкерлері – 431, кіші буын қызметкерлері – 95, жалпы техникалық жұмыскерлер – 69.
Денсаулық саласында ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан, өз ісінің кәсіби шеберлері, тәжірибелі мамандар ретінде ота бөлімінің меңгерушісі Қалдыбай Байрамовты, перзентхана меңгерушісі Замира Ашилованы, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Әсел Ахметованы, балалар дәрігер-консультанты Қалбике Сәрсенованы, маммолог дәрігер Қазихан Есмамбетовты және т.б. атап көрсетуге болады.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан медицина саласының материалдық-техникалық базасын нығайту ісіне қомақты қаражат бөлінуде. Бүгінде өңірдегі барлық елді мекендер денсаулық объектілерімен қамтылған, тек былтырдың өзінде ауданның сегіз ауылында заманауи үлгідегі ғимараттар салынып, ел игілігіне берілді.
Биылғы жылғы Медицина қызметкерінің кәсіби мерекесі бүкіл әлем елдерін шарпыған COVID-19 пандемиясы кезіне сәйкес келіп отыр. Сондықтан да қалыптасқан нақты жағдайда бүкіл медициналық қауымдастық өз қызметін үлкен жауапкершілікпен, аянбай, бар ынтасымен атқаруда деп айтуға толық негіз бар.
Бүгінде тек Қазақстан ғана емес, күллі әлем болып осынау бейдауа дертпен күресуде. Осы майданның алдыңғы шебінде құқық қорғаушылармен қатар медицина қызметкерлерінің де тұрғаны анық. Олар сынақпен күнделікті бетпе-бет келіп, өз үйлері мен балаларынан бұрын халықтың денсаулығы мен елдің амандығы үшін күресіп келеді. Мемлекет тарапынан еңбегі еленген медицина қызметкерлерінің халық алдында да абыройы арта түседі.
Төтенше жағдай режимі кезінде Жуалы ауданы мен көршілес Түркістан облысының шекарасында екі блок-бекет орнатылған болатын. Оның бірі Шақпақ, ал екіншісі Қошқарата ауылдық округтерінің аумағында жұмыс істеді. Емхана, қабылдау бөлімдерінде сүзгі орналастырылды және мобильдік топ құрылды. Шектеу іс-шараларын қамтамасыз етуге барлығы 134 медициналық қызметкер жұмылдырылды. Блок-бекетте дәрігерлер Жазира Мырзалиева, Ырысалды Оразбақова, Еркебұлан Көмек және тағы басқалар ерекше қызмет көрсетті.
Пандемиямен күрес шаралары әлі күнге дейін жалғасуда. Жұқпалы аурулар бөлімінде «байланысты» науқаспен бірге екі қызметкер 12 күн бойы сол емделушімен бірге карантин режимінде көмек көрсетті. Олар – Замира Байбосынова, Айгүл Әбдіқадырова.
Елдің басына түскен бұл уақытша сынақ та өтер, кетер. Төтенше жағдайдан кейін Үкімет те, қоғам да денсаулық саласына жаңа көзқараспен қарайтын болады деген сенімдеміз.
Қазіргі уақыт – еліміздің бірлігі мен ынтамақтастығы сыналатын кезең. Осындай үлкен сынақтан тек темірдей тәртіп пен мызғымас бірліктің арқасында өте аламыз. Дәрігерлер халықтың тәнін емдесе, біз ел болып оларға рухани демеу болайық. Сенім білдіріп, құрмет көрсетейік. Сақтық шараларын қатаң сақтайық, сонда бұл ауыр кезеңді де бағындырарымыз сөзсіз.
Осыған орай пандемияның адамдар арасында таралмауы үшін мынадай сақтық шараларын естеріңізге тағы бір мәрте салуды жөн көрдік. Оған мыналар жатады: қол және тыныс алу жолдары гигиенасын сақтау, қолды 20 секунд бойы сабынмен мұқият жуу, сабын болмаса, антисептиктерді, спиртті, санитайзерлерді қолдану. Иммунитетті арттыру: дұрыс ұйықтау, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу. Бөлмені желдету, жиі қолданылатын заттарды залалсыздандыру құралдарымен сүрту, тыныс алу органдарының сілемейлі қабығы қабынған адамдармен қарым-қатынас жасамау, коронавирус тіркелген, қауіпті аймақтарға сапарға шықпау, адам көп жиналатын жерлерден аулақ болу.
Аудан тұрғындарының есіне салатын тағы бір маңызды мәселе, ол денсаулық сақтау саласына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің енгізілуі. 2020 жылдан бастап елімізде пациенттерді қабылдау мен емдеу жаңаша жүргізіледі. Оған себеп, Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшкелі жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдың 1 қаңтарынан қорға төленетін жарналар мен төлемдер көлемін бекітті. Оған сәйкес жұмыс берушілер үшін – жалақы қорының 2%, жұмыскерлер үшін – еңбекақының 1%, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар 1,4 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%, азаматтық-құқықтық сипаттағы шартпен жұмыс істейтіндер табысының 1%, өздігінен төлеушілер – 1 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5% аударады. Ең бастысы, өз-өзін жұмыспен қамтитын азаматтар бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеп (ауылдық жерде ол АЕК-нің жартысы), бүкіл медициналық қызметке қол жеткізе алады.
Алдымен жаңа жүйеде кепілдендірілген тегін медициналық көмектің сақталатынын ұмытпау керек. Оған кіретін қызметтер: бастапқы медициналық-санитариялық көмек, скринингтер (қауіпті ауруларды ерте анықтауға арналған медициналық тексерістер), жүкті әйелдерді қарау, балаларды үйде бақылау, созылмалы ауруы бар науқастарды бақылау (оған 25 ауру кіреді), әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққандарды бақылау (туберкулез, ВИЧ-инфекция, психикалық аурулар, қатерлік ісіктер), шұғыл емдеуді қажет ететін кез келген аурулар, басқа адамдарға қауіп төндіретін инфекциялық ауруларды емдеу.
Бұдан бөлек, стационардан тыс көмек, медициналық оңалту мен қалпына келтіру қызметтерінің аясы кеңейеді. Сақтандыру жарналары есебінен консультативті-диагностикалық көмек, жоғары технологиялық медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көлемі артады.
Адам өміріне арашашы бола білген ізгі жүректі жандарды кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, шаңырақтарына шаттық, амандық, дендеріне саулық тілей отырып, кәсіби біліктіліктің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер деген тілегімді білдіремін.
Батихан АЛПЫСБАЙ,
аудандық орталық
аурухананың бас дәрігері