Basty bet

Әке жолын еңбекпен жалғаған

Ветеринария қызметі – қазіргі заман талабына сай болмаса, ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыс жаслағаны абзал. Атап айтқанда, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау, олардың жалақысын көбейту шаралары.

Үкімет: «Жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек»,- деген еді.
Өздеріңіз білетіндей ауданда ауыл шаруашылығының қос қанаты саналатын – егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы қазіргі таңда қарқынды дамып келеді.
Біз осы ретте ірі қара мал ауруының таралу жолдарымен, кеселдердің алдын қалай алуға болатынын білу үшін Бауыржан Момышұлы ауылының ветеринарлық дәрігері Мирас Лесбекпен сұхбаттастық.
Мирас Санатұлы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектепті аяқтап, Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетке ветеринария мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқып жүргенде, аты жаман індет басталып, жоғары оқу орындардың барлығы онлайн форматқа көшеді. Жас маман өзінің туған ауылына келіп Б.Момышұлы ауыл әкімшілігіне қарасты ветеринарлық пунктке санитар болып жұмысқа орналасады. Сол жерде екі жылдай санитар болып жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды. Ол кезде ауыл әкімшілігіне қарасты ветеринарлық пункттің дәрігері Нұрғали Манашев болған.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Бауыржан Момышұлы ауылында ірі қара малдың басы 2500, жылқы басы 400 болса, уақ малдар саны 9500 мыңды құрап отыр.
– Жануарлар қай жері ауырып тұрғанын айтып, шағымдана алмайды ғой. Негізінен, аурудың белгілеріне қарап емдейміз. Мал дәрігері мамандығын таңдаған себебім, әкем де осы саланың адамы болды. Әкеме қарап мен де мал дәрігері боламын деп шештім. Көп жерде әкемнің жанында жүретінмін. Бала кезімнен осы мамандыққа деген қызығушылығым оянды. Мектеп бітіргенде басқа мамандықты таңдамай бірден құжаттарымды осы мамандыққа тапсырдым. Мал дәрігері болғаныма еш өкінбеймін, керісінше бір адамға көмегім тисе қуанамын. Жанымда екі көмекшім бар.
Өздеріңіз білетіндей, ірі қара малдың арасында көптеген аурудың түрлері болады. Аусыл (ящурь), сары ауру, сарыбезгек және сібір жарасы сияқты аурулар көп тарайды. Аусыл ауруының тоғыз түрі бар. Олардың алғашқы белгілері ірі қара мал шөп жемей, дене қызуы көтеріліп тұрады. Аузынан көп мөлшерде сілекей ағады. Кейбіреуінің тұяқтарының ортасына жара шығады. Негізінде бұл аурумен ауырған малдың сүтін қолданбаған дұрыс. Біз осы ауруларға қарсы вакцинаны мал ауырмай тұрып саламыз. 18 айдан жоғары ірі қара малдарға жылына екі рет салынады. Ал, 18 айға жетпегендерге үш ай сайын салынады.
Өткен жылы Сібір жарасы ауданда қатты өршіді. Сібір жарасына қарсы вакцинаны біз екі рет саламыз. Өйткені бұл ауру қан арқылы адамға жұғады. Сол үшін жаман дерттен көбінесе қасапшылар зардап шегеді. Біз сырттан келген малдарды 21 күн карантинге қоямыз. Өйткені сырттан келген қара малдың ауруы болса, басқа қара малдарға жұқпауы үшін алдын ала сақтанамыз. Сол аралықта сырттан келген малға сырға салып, паспортын дайындап, вакцина саламыз. Жылына екі рет күзде және көктемде ірі қара малдардан қан талдамасын алып тұрамыз. Ірі қара малдар көбінесе көктем мезгілінде көп ауырады.
Осы салада жүргеніме бір-ақ жыл болды. Қолымнан келген істі барынша іске асырып, халықтың кәдесіне жарап жүргеніме қуанамын,-дейді мал дәрігері Мирас Лесбек.
Мирастың әкесі, марқұм Санат Тоқболатов та ветеринария саласының майталманы болған. Анасы өздерінің жеке ветеринариялық дәріханасында сатушы болып жұмыс істейді.
Жас маманның алдына қойған мақсаты көп. Соның бірі – әке жолын қуып, тәжірибелі мал дәрігері болу.
«Іс тетігін білікті кадр шешеді» демекші, білімді ветеринар мамандар халықтың алдында беделді болып, сала жұмысының да абыройын арттыра түсетіні белгілі. «Медицина адамды, ал, ветеринария адамзатты емдейді» деген қанатты сөз бар. Адамзатты емдеп жүрген ветеринар мамандарға көрсетілетін құрметті арттырғанымыз дұрыс болар…

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close