Basty bet
Ішкі сүзгіңіз мықты болсын
Барлығымыз соғысты бітті деп жүргенімізге бақандай 75 жыл болды. Алайда бізде соғыс бітті ме? Шын мәніне келгенде біткен де емес, бітпейді де. Ол кәдуілгі қантөгіс соғыс емес, адамдардың ойын улап, санасын құртатын соғыс. Бұл соғыс – «ақпараттық терроризм» деп аталады.
Біз қазір өмір сүріп жатқан қоғам, халық үшін бейбіт әрі тыныш болғанымен, шын туайтынына келгенде дүниежүзілік үшінші соғыстан тысқары жүргеніміз шамалы. Бүкіл дүние жүзін шарпыған бұл дүрбелеңмен санаспауға да болмайды. Өйткені ол жүрген жерін шарпып, дүниенің астаң-кестеңін шығаруда. Сонда бұл қандай соғыс деп таңқалып отырған шығарсыз?! Бұл ақпараттардың бір-бірімен соғысуы. Нәтижесінде қарапайым халық жапа шегіп, бар азабын солар тартуда. Бұл соғыспен,оның ішінде ақпаратпен, адамдардың ортасына от салуға, мемлекеттерді аяқтан шалуға болады. Яғни, бұл дегеніміз – «ақпараттық ғасыр», «ақпараттық дәуір».
Енді бағанадан бері айтып отырған әңгімемізге мысал келтірейік. Мәселен, қазіргі таңда бүкіл әлемді аузына қаратып отырған Қытайды алайық. Бұл елдің 13 орталық арнасы бар. Олардың 13 орталық арнасы Шыңжаң өлкесінде ұйғыр тілінде емес, бар ақпаратын тәулік бойы қазақ тілінде таратып отыр. Олар не себепті бұлай істеп отыр десеңіздер. Әрине, онысы Орта Азиядағы түркі ұлттарымен бірге, Қазақстанға да өз телебағдарламаларының таратылуына мүмкіндік алу болып табылады. Мұның астарында үлкен саясат жатқаны бәрімізге белгілі.
Қазіргі қоғам өз саясатын баспасөз арқылы жүргізетін де болды. Тағы бір мысал, осыдан бірнеше жыл бұрын Сириядағы қантөгіске жүздеген қазақ қатысты деген ақпарат шыққан болатын. Бұл ақпаратқа халықтың сенгені соншалықты, ата-аналар өздерінің өзге өңірлерде жүрген балаларын уайымдап, шарқ ұра бастады. Неге сенбеске? Өйткені журналистика халыққа тек шынайы, тексерілген ақпараттарды береді. Негізі солай болу керек те. Нәтижесінде бұл ақпаратты зерттеп, зерделеуінің арқасында, ақпарттың шынайы емес екендігіне көз жеткізді.
Міне, ақпараттық терроризм қайда жатыр десеңізші. Бұл соғыстың ұшқыны бүкіл әлемді шарпығаны соншалықты, жанған жерінде күйе қалдыруда. Қазір медиабизнес қарқынды дамыған кезең. Барлығы сайт, әлеуметтік желілерден арна ашып, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруда.
Соның ішінде сайттарға тоқталсақ. Әрине, бүгінде барлық адамның газет-журнал оқып, кешкі жаңалықтарды күтіп, теледидар көріп отыратын уақыты жоқ. Өйткені заман адамдардың бір минутта қол қусырып қарап отыруына мүмкіндік бермеуде. Сол себепті қазір халық елде, дүние жүзінде болып жатқан жаңалықтарды әлеуметтік желілерден қарайды. Алайда, интернет желісіне шығатын ақпараттардың барлығы шынайы, нақты сүзгіден өткен дерек болмауы да мүмкін. Сол себепті халық кімге сеніп, кімге сенбесін білмей қалды.
Біз айтып, талқылап отырған соғыстың басты қару-жарағы- ақпарат екендігі бәрімізге белгілі. Өз дегенін істетіп, уысында ұстағысы келетіндердің ісі екендігі тағы да түсінікті. Қазір әлеуметтік желі тұтынушылардың көбісі, ақпарттың рас-өтірігін ажырата алмай,алаяқтардың құрығына түсіп қалуда. Бұл көбінесе елде төтенше жағдай, саяси оқиғалар болған кезде, әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар көптеп тарайды.
Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес елде жалған ақпарат таратқаны үшін жазаланады. Заңда жалған ақпарат таратқандарға 20 АЕК көлемінде айыппұлдан бастап,7 жылға дейін бас бостандығынан айрылады делінген. Мысалы, 2019 жылы Арыс оқиғасына қатысты «WhatsApp» желісінде жалған ақпарат таратқаны үшін Арыс қаласының тұрғыны 3,5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Ақпарат тарату осы екен деп, оны тарата беруге де болмайды. Мәліметтердің рас-өтірігін тексеретін, халыққа қызмет етіп жүрген журналистер бар емес пе? Меніңше ақпараттық терроризм халықтың білімсіздігінен белең алуда. Адамдар келешегін ойламай,тек өз өмірлеріне балта шабуда. Ақпарат адам ойына міндетті түрде сақталып қалады. Сол адам шынайы ақпаратпен кездескен кезде жалған ақпарат екеуін ажырата алмай қалады. Сондықтан барлық ақпаратты шынайы немесе шынайы емес екендігін тексеріп тұру қажет.
2016 жылы жер мәселесіне байланысты көтеріліс болған кезде оқиғаға ешқандай қатысы жоқ суреттерді Fecebook әлеуметтік желісіне «Қызылорда қаласында көтеріліс» деп жариялағаны үшін Қызылорда қаласының тұрғыны 2,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Біз сенгіміз келсе де, келмесе де,ақпараттық терроризм елде өршіп тұр. Сондықтан кез келген ақпаратты еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін ой сүзгісінен өткізуі тиіс.
Бүгінде таңда халық мылтықсыз майданның құрбанына айналып отыр. Сол үшін халқымыздың санасын зиянды ақпараттардан сақтап қалуымыз қажет. Бұл өзі кеше немесе бүгін пайда болған дүние емес. Сол үшін бұл арпалыста журналистер қауымы асқан жауапкершілік танытуы қажет.
Арай ДӘрментаева,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің ІІІ курс студенті