Basty bet

«Асар дәстүрін қайта тірілтуіміз керек»

аудан әкімі Көкбастау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде осылай деді

Аудан әкімі Нарбай Ергебеков осы аптада Көкбастау ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол мемлекеттік бағдарламалар аясында округке қарасты елді мекендерде атқарылып жатқан инфрақұрылымдар тарту барысымен танысып, ауыл тұрғындарымен пікір алысты.

Өңір басшысы алдымен Көктөбе ауылындағы орталық Аспандияр Иманалы көшесіне аялдап, осында іске асырылып жатқан ауызсу құбырын жаңғырту жұмыстарымен танысты. Ауылдағы ескі ауыз су құбыры өткен ғасырдың 70-жылдары пайдалануға берілген. Алайда, бүгінде су жүйелерінің тозығы жетіп, істен шыққан.
Жергілікті бюджеттен бөлінген 10,3 млн. теңгеге «Жуалы су» мекемесі үш шақырымдық ауызсу желісін жаңғыртумен шұғылдануда. Бүгінде көшенің екі қапталында ор қазылып, диаметрі 100 мм пластик құбыр төселуде, құдықтар орналастырылуда.
Нарбай Әбілқасымұлы көше тұрғындарымен кездесуде өңірде атқарылып жатқан игі істерге тоқталды.
– Ауданда республикалық бюджеттен бөлінген 2,6 млрд. теңгеге 38 жоба іске асырылуда. Соның нәтижесінде 15 ауылға ауызсу, бес ауылға газ құбыры кіргізіліп, төрт мектепте қүрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығында 10 көше, ауыл-аймақтарда 16 көше жолдары жөнделуде.
Әлем елдерін жайлаған коронавирустық инфекция жалпы халықтың тыныс-тіршілігіне үлкен өзгеріс әкелді.
Мемлекеттер арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс, барыс-келіс тоқтады. Бізге көкөніс өнімдерін жеткізуде бәсекелес болып отырған оңтүстік көршілерімізбен қатынас үзілді. Енді оның орнын өзіміз толтыруымыз керек. Ол үшін әрқайсымыз үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, бау-бақшамызды көркейтейік, судың қадіріне жете білейік. Біздің аудан таулы жерде орналасқандықтан, судан тапшылық сезілмеуі тиіс. Ауылдарда жүргізіліп жатқан ауыз су құбырлары, арық су жүйелерін, тоғандарды жөндеу су көзін молайтудың қамы, – деді аудан әкімі.
Көше тұрғындары Ораз Көпбаев, Аманәлі Кәтімханов ауыл тіршілігіндегі бірқатар мәселелерді қозғай келе, аудан әкімінің бастамаларына қолдау білдірді.
№30 Көктөбе орта мектебінің ғимараты 2005 жылы соғылып, пайдалануға берілген. Мектеп директоры Марат Сарманов аймақ басшысының назарына білім ордасы ғимаратының сыртын қаптау, бірінші қабаттағы дәлізге төселген плиталарды ауыстыру, батыс жақ бетіндегі терезелерді пластикке ауыстыру секілді мәселелерді ұсынды. Нарбай Әбілқасымұлы бұл мәселенің кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Қосбөлтек ауылдық клубында, Теріс ауылында тұрғындармен өткен жиында ауылдағы ағайынның ынтымағына, береке-бірлігіне, мұқтаж азаматтарға жәрдемдесу, асар секілді дәстүрлерді қайта жаңғырту қажеттігіне баса екпін берілді.
– Бүгін елдің тұрмыс жағдайы түзелгеннен кейін әркім өз қамын көбірек күйттеп кеткен секілді. Өмір болғаннан кейін бес саусақ бірдей емес қой. Арамызда кембағал, мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен жандардың болуы заңдылық. Алайда, олардың да мұқтажына бір сәт назар аударып, біреудің шамасы жетпесе, асарлатып, көп болып жұмылып, оны шешуге атсалысайық, – деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Ауылдық округ әкімі Ержан Серкебаев екі ауылдың жастары күш біріктіріп, ауылдағы тұрмысы төмен көпбалалы Мәншүк есімді әйелдің үйін жаңадан салып жатқанын айтты. Келесі кезекте аудан басшысы жастардың бастамасымен соғылып жатқан осы үйдің құрылысымен танысуға келді.
Үш бөлмелі жаңа тұрғын үйдің қабырғасы көтеріліп, төбесі жабылған, есік-терезелері салынып, жылы еден төселіп, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде екен. Белсенді жас Ерлан Қырықбаев аудан әкіміне үйді жақын арада бітіріп, иесіне табыстайтынын айтты. Нарбай Әбілқасымұлы жастардың ілкімді істеріне ризалығын білдіріп, тұрғындарды да осынау сауапты шаруаға үлес қосуға үндеді.
Теріс өзенінің жоғарғы ағысынан бастау алатын Бектеміс каналы кезінде аймақтағы 52 гектар алқапты суландыратын. Ұзындығы алты шақырымды құрайтын каналдың бас үймереті су тасқыны салдарынан бұзылып, табанын ұйық басқан. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев каналдың ауылдың бау-бақшасын суландыруда маңызы зор екенін алға тарта келе, каналды қалпына келтіру мәселесі өзекті болып отырғанын жеткізді.
Теріс ауылында болғанда аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы ауыз су құбырының құрылысымен және ескі клубтың жай-күйімен танысты.

Таңдаулы материалдар

Close