Basty bet

Азаттықты аңсаған ақынның 60 жылдық мерейтойы аталып өтсе игі…

«Ақынның аты – Бауыржан. Бірақ атақты батыр емес, ақын еді. Ол да Жуалыдан. Бетпақтағы ақбөкен қырғыны. Ол соны өлеңмен жазды. Ақбөкенді әуелі төртаяқты қасқырлар қырды. Оларда нысап бар екен – бес құралайды құлатып, сонымен тынды. Ал енді жерде – машина, көкте тікұшақ мінген қасқырлар ақбөкен табынын қынадай қырып салды.

-Үрейден бетпақ дала жұлды шашын,
Жел тұрды солқылдаған құмды шашып.
Жаралы жалғыз қалған текті теке,
Құламай арт жағына бұрды басын.
Өр сезім мүмкін оны ырыққа алды,
Құламай қалт-құлт етіп тұрып қалды.
Адамдар қуып жеткен, оқ шығармай,
Мылтықтың дүмімен ұрып қалды.
Пенделер, көздеріңді құйын басқыр,
Тоймасаң, тағы қырғын ұйымдастыр.
Бес бірдей құралайды қанағат қып,
Қап қойған сері екен ғой үйір қасқыр.
Болмадың қасқыр ғұрлы өр тоятты,
Басыңа ойнатар ма еді сол таяқты?!
Бұл сөзді теке бірақ айта алмады,
Серпіді, құлап түсіп, төрт аяқты.
Қырғынға куә болып құм жылады,
Аспанда Ай да жылап, қынжылады.
Қасқыр да ішін тартты бұл сұмдыққа,
Пана етіп ұйқтап жатқан бір жыраны…
Бауыржан Үсенов Бетпақдала қырғынын осылай жазды. Ажалдың оғы оған да тиіп, өмірден жарқ етіп, лезде өтіп кетті. Ал өлеңдерінің өмірі, сірә, ұзақ болар. Ал аңды, табиғатты қорғау қоғамы ақынның осы өлеңін өз мекемесінің маңдайшасына жалаулата іліп қойса ғой… Бірақ сол қоғамның өзі алдымен атып жүрмесін құралайды…
Ана жылдары Сарыағашқа барып жүргенде, сондағы залдан қабырғаға ірі жазумен іліулі тұрған «Хош, Сарыағаш, нәрлі су» деген Тұманбай ақын өлеңін көріп едім. Естен шықпайды. Ал табиғат, аңдарды қорғау мекемелері Бауыржан Үсенов өлеңін білсе ғой, шіпкін» деп толғанған еді Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние» деп аталатын танымал шығармасында. Сөйткен Шерағаңның өзі де бақилық болды. Бұл да бір кем дүние… Алайда жақсының аты өлмек емес.
Биыл арда туған қайраткер ақынның туғанына 60 жыл толып отыр. Бауыржан Үсенов 1960 жылы ауданға қарасты Қошқарата ауылында туған. Осындағы Абай атындағы орта мектептің түлегі. Бауыржан көпбалалы отбасынан туып-өскен. Ол жастайынан сөз өнеріне жақын болып,бала кезінен-ақ өлең жаза бастаған.
Бауыржан Үсеновтың алғашқы балауса өлеңдерін 1976 жылы аудандық «Жаңа өмір» газеті жариялап, таланттың тұсауын кеседі. Бұл туралы газеттің редакторы болған ақын-компазитор, Қазақстанның мәдениет қайраткері Мырзахан Ахмет Б.Үсеновтың «Маңдайыма жазылған мәңгілігім» атты жыр жинағына жазған алғысөзінде бала ақынмен, оның отбасымен қалай танысқанын толғана еске алады: «Бауыржан атын атасам мұнан ширек ғасыр бұрынғы мына сурет көз алдымда көлбеңдеп, көкейімде қимастық сезімнің сыбызғысы сыңсиды» деп бастап, сол кездесуді әрі қарай әсерлі суреттейді.
Бауыржан Үсеновтың ақындық келбеті, шығармашылығы сөз болғанда алдымен оның «Қара машина» өлеңінің тарихы толғандырмай қоймайды. Бұл туралы ақынның жары Гауһар Тәжікеновадан сұраған едік.
-Ақынның Алаш арыстары туралы жазылған «Қара машина» өлеңі оның шығармашылығындағы ең тағдырлы өлең болды. Бұл өлең 1982 жылы жазылған. Аталған өлеңді ақындардың басы қосылған жиындарда оқитын. Ақынды 1983 жылы сол кездегі құқық қорғау органдары «Антисоветтік өлең жазды» деген жалған жаламен ҚазМУ-дағы оқуынан шығартып жіберді. Қайраткер азаматтардың араласуымен Бауыржан 1986 жылы оқуын қайта жалғастыруға мүмкіндік алды. Алайда, бұл қуаныш та ұзаққа созылған жоқ. Көпке белгілі, сол жылы Алматы қаласында әйгілі Желтоқсан оқиғасы орын алды. Тәуелсіздігімізді алу жолындағы шешуші көтеріліс болған сол оқиғаға Бауыржан да қатысты. Біз осы оқиғадан бір жыл бұрын ғана шаңырақ көтерген болатынбыз. Бауыржан көтерілісте екі бүйрегінен алған ауыр жарақатынан толық айыға алмады. Оған сол оқиғадан соң: «ҚазМУ-дың студенттерін үгіттеп, алаңға алып шықты» деген жала жабылып, қылмыстық іс қозғалды. Тергеді, тексерді. Кейін денсаулығы қатты сыр берген соң қылмыстық істі тоқтатты.
Біз отбасымызбен ақынның туған ауылы Қошқаратада тұрып жаттық. Ол да, мен де сондағы мектепте жұмыс істедік. 1989 жылы аудан орталығына біржолата көшіп келдік. Абай атамызша айтсақ, «Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы? Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» демекші, Бауыржан дүниеден өткен жылы еліміз өзінің төл тәуелсіздігіне қол жеткізді. Арман-ай десеңізші… Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы арман еткен 1991 жылдың желтоқсанына санаулы ғана айлар қалғанда күллі әлемді сыйдырардай болған үлкен жүрек тоқтады,- дейді Гаухар апай.
Дәлірек айтқанда, азаттықты аңсаған ақын еліміздің тәуелсіздік алған қуанышты күнін көре алмай 1991 жылдың 29 шілдесінде бақиға аттанып кете барады. Бауыржанның Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арнаған «Желтоқсан» поэмасы «Жалын» журналының жабық бәйгесінің жүлдесіне ие болды. Ақынның артында «Табиғат терезесі», «Маңдайыма жазылған мәңгілігім», «Менің бұлтым» атты сыр мен жырға толы тамаша кітаптары, «Ақ шағала», «Қарлығаш», «Тымырсық» деп аталатын сазды әндері қалды. Өзі туып-өскен қасиетті Қошқарата ауылындағы үлкен көше, аудан орталығындағы бір көше Бауыржан Үсеновтың есімімен аталады. Дара дарынның осынау бай мұрасы, оның бірегей азаматтық келбеті туған елімен бірге мәңгілік жасай бермек… Бауыржан ақынның артында жары Гауһар апай және көзінің ағы мен қарасындай болған қос ұлы – Талғат пен Мұхамедсалық қалды. Үлкен ұлы Талғат әскери қызметте Отанға адал қызмет етіп жүрсе, ал, кенже ұлы Мұхамедсалық жеті тілді жетік меңгерген мамандық иесі. Жары Гауһар апай аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда ұстаздық етіп келеді.
Қашанда асқақ армандар мен кіршіксіз тұнық сезімдердің барлығы туған ауылдан басталатыны сияқты Бауыржан ақынның бойына да туған жердің қасиетті топырағынан кие дарып, үлкен өмірге, әдебиет әлеміне қанат қақтырғаны анық. Арда ақын жазба поэзиямен қатар айтыс өнерінде де жасындай жарқылдады. Ақынмен бірге жүрген замандастарының айтуынша, ол талай мәрте айтыстан ауданның, облыстың намысын қорғаған екен. Оның артында бір томнан сәл ғана асатын өлеңдер мен поэмалар, прозалық шығармалар қалса да қазақ әдебиетінде соны соқпағын қалыптастырып кетті. Қолына қалам ұстаған қазіргі жас буын ақындардың Бауыржан Үсенов есімін білмейтіндері кемде-кем.
Құйрықты жұлдыздай ағып өткен қысқа ғана ғұмырында әдеби ортаны мойындатып, баяғының сал-серілерінше өмір сүрген, Жазушылар Одағына мүше болмай-ақ көпшіліктің ықыласына бөленген арда ақынның 60 жылдығы өзінің туған жері Жуалы ауданында өз деңгейінде атап өтілсе игі. Ақынның қазақ әдебиетіне қомақты олжа салып, аудандық газеттің қара шаңырағында із қалдырғанын ескере отырып, бұл жөнінде аудан басшылығы тарапынан әдеби іс шаралар ұйымдастырылады деп сенеміз. Бұл жалғыз менің ғана емес, қалың көпшіліктің тілегі…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close