Basty bet

Мезгіл туғызған ойлар

Жалпы уақыттың қадірі туралы әркім әрқалай айтады ғой. Мен ол туралы былай деген болар едім: «Бір жылдың қадірін класта қалып қойған оқушыдан сұра, бір айдың қадірін айы-күні жетпей туған әйелден сұра, ал бір аптаның қадірін апта сайын газет шығаратын редактор мен тілшілерден сұра» деп.
Бұрын газеттен «қандай жақсы хабар, жаңалық бар» деп іздейтінбіз. Қазір керісінше сияқты, қай газет өсек-аяңды көп жазса, көбі соны іздеп, оқығысы келіп тұрады, іздейді.
Шындығына келсек, бұл дұрыс емес. Әрқашанда жанымыз ізгілікті жақсы көруі керек, соны іздеу, жақсы сөз айту керек. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген бар. «Не айтсаңыз да періштелер «әумин» деп тұрады екен» деген сөз рас. Сондықтан жанымыз жамандықтан аулақ болуы керек.
Газетте тек шыңдықты жазуы керек. Бірақ кей кезде, ащы шындықты да жария етуге болмайтын жағдайлар болады. Оны қалам ұстаған қауым жақсы біледі.
Әрине, әр газетте аудандағы басты, жағымды жаңалықтар жазылуы керек, солай да жазылуда.
Меңінше, газет – қозғаушы күш, басты тәрбие құралы. Сондықтан, қазір қоғамда орын алып отырған негізгі түйткілді мәселелерді жиі қозғап, соларды шешу мәселесіне жиі көңіл аударса деймін.
Олар мыналар – жемқорлық, жастар арасында ажырасу, дін (басқа ағымдар жетегінде кету). Бүгінгі қазақ қоғамында әсіресе, осылар өзекті болып тұр.
Қоғамды жегідей жеп бара жатқан жемқорлық. Бермесе жұмысқа тұра алмайды. Тұрған соң «бергенді қайтарамын» дейді. Ол әдетке айналады. Ол қаражаттар айналып келгенде қарапайым халықтың қалтасынан, нәсібесінен кетеді.
Сәл тереңірек үңілсек, мысалы: төменгі жұмысқа орналасу үшін де пәре береді, оны бала-шағасының аузынан жырып, киетін киімінен үнемдеп береді. Бұл сөз, оқиға отбасында жиі айтылады, оны балалар естиді. Сонда балалардың бұл қоғамға деген көзқарасы, биліктегілерге деген ойлары, болашаққа қалай қалыптасады?!
Ал ажырасу мәселесіне келсек, ата-бабаларымыз айтқан сөздерді құлаққа ілмейміз, ойға да алмаймыз. Ол сөздердің бірі: «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық» деген. Мағынасы белгілі.
Қазір, тегіне емес, түріне, не байлығына қызығады. Ал, ол «артықшылықтар» – уақытша ғана. Негізінен үйленуге әке-шеше араласуы керек, жар таңдауда жастар ата-анасын тыңдауы керек. Өз өмірімнен айтар болсам, мен әкемнің айтқан қызына үйленген адаммын, өмір-бақи әкеме ризамын, қателеспеген.
Қазақта: «Атың жаман болса сатып құтыласың, балаң жаман болса, еншісін беріп құтыласың, әйелің жаман болса өліп құтыласың» деген.
Қазір жастар «өліп қалмаймын» деп тез-тез ажырасып жатқан сияқты. Неге олар бір-бірін әбден зерттеп, түсініп барып үйленбейді,оған қазір барлық мүмкіндік бар ғой.
Бүгінде мешітке баратындардың дені – жастар, ол әлбетте, дұрыс. Алайда, олар – көбіне еліктегіш, өзге дінге бұру қиын емес, Құдай содан сақтасын.
Негізгі мәселе жастарды еңбекке тәрбиелеу. Қарапайым еңбектің құнын, оның жемісінің тәтті болатынын, адал еңбекпен келген табыстың отбасына береке, бақыт әкелетінін, Алланың өзі қолдап, өмірде жолдары болатынын жиі насихаттап, нақты мысалдармен, яғни аудандағы қарапайым еңбеккер (малшы, сауыншы, тракторшы, жүргізуші және т.б.) болып жұмыс істеп, бала-шағасын оқытып, мамандық әперіп, үйлендіріп, немере сүйіп отырған отбасылар туралы мақалалар газеттің бір бетін толық алып жатса да артық болмас еді.
Бізде жиналыста, мерекеде медальмен, бағалы сыйлықтармен марапатталатындар кімдер? Олар – бастықтар, сол сияқтылар, билікке жақын жағымпаздар. Дастарқан басына да шақырылатын солар.
Ал бұрынғы заманда олай емес еді. Еңбек адамдарын бағалайтын, алдыңғы қатарға соларды отырғызатын, орден-медальдарды солардың төсінен көретінбіз. Жоғарыға депутат етіп сайлайтын. Қысқаша айтқанда, кімдердің арқасында нан, ет жеп, сүт ішіп жүргенімізді ұмытпайтын едік.
Қазақ: «Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» деп бекер айтпаған. Қазір керісінше ойлайды. Еңбеккерлердің еңбегі тиісті деңгейде бағаланбайды. Сондықтан да жастар ауылда қалғысы келмейді, ондай мамандықтарды тандамайды. Сондықтан кадрлар (тракторшы, малшы, дәнекерлеуші т.б.) тапшы деп ойлаймын. Газет арқылы осыны да жастарға түсіндірсе білсек.
Мен кейде жемқорларға: «Сен адамды алдап бір жыл, екі жыл, тіпті ешкімге білдірмей, он жыл жеуің мүмкін, бірақ түбінде бәрібір ұсталасың. Сонда өне бойы жиған дүниең құтылуға жетпейді. Мейлі өз басың түрмеге отырып, жазаңды өтеп шығарсың. Бірақ, сенің ұрпақтарыңа, ел «жемқордың баласы, немересі» деген ен тағып кетесің» деп айтып жүрген кездерім бар, айта да беремін. Бірақ олар «мына кісі өмірден қалып кеткен, менің тірлігімді көре алмай жүр» деген ойда тұратын сияқты.
Қазір, бәрін өздері біледі, біреудің ақылын тыңдайтындар сирек. Тіпті өз балаңды да тыңдата алмайтын кездер болады. Мен Сіздерге мақала жазған жоқпын. Тек ойымдағы кей мәселелерді ғана ортаға салдым.
Сіздер, менен гөрі көбірек білесіздер, жазып жүрсіздер, әрқашан жүректеріңіз таза болсын.

Кәрібай ҚҰРМАШЕВ,
еңбек ардагері.
Қайрат ауылы

Таңдаулы материалдар

Close