Basty bet

Күй ойнайды қазағымның қанында …

Домбыра – бабадан қалған мұра, ұлттық саз аспабы. Домбырада ойнай білу – әрбір адамның, әрбір баланың асыл арманы. Домбыра үнін тыңдау – әлемдегі ең нәзік те ғажайып сезімге бөлену деген сөз. Домбыра туралы әңгіме қозғала қалса, көңілде қазақи тәрбие, қазақтың салты мен дәстүрі тұрады.
Домбыра аспабын үйреніп, ойнау арқылы ұлттың болмысын, қазаққа тән барша қасиетін түсінуге болады. Домбыра үні арқылы адам ішіндегі лас ойлардан тазарып, денсаулық қуатын жөндеуге мүмкіндік алады.
Домбыра суреті алғаш IV ғасырда Арал теңізінің батыс жағындағы Қойқырылған деген жерде тасқа қашалып салынған екен. Қазақтың аспаптық мәдениетінің өте ерте заманнан басталғанын археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеп берген. Қойқырылған каласын қазу жұмыстары кезінде 2400 жыл бұрын қазіргі қазақ домбырасына ұқсас қос ішекті аспап ұстаған қыш мүсіндер табылған.
Домбыра аспабын меңгеру арқылы адамның ойлау қабілеті артады, білім алуға қүштарлығы оянады, мәдени ой-өрісі жоғарылап, еңбек етуге құштарлығы арта түседі.
Домбырада жыр, терме, айтыс, толғау, күй, т.б. шығармаларды орындауға болады. Әсем дауыс ырғағына қосылған маржан сөз домбыраның сүйемелдеуі арқылы жетеді.
Домбыра үні адам бойына тамаша сезімді оята отырып жетеді. Оның үні тындаушылардың үйренуіне, естігенін ұмытпауына әсер етеді.
Домбыра барлық пәндермен байланысты. Мәселен, «домбыра – әр дыбысты есептеп ойнайтын математика пәні, домбыра – құлақ күйін есту арқылы екі ішек арасындағы дыбыс тербелісін айыратын физика пәні» дейді ғалымдар.
Бүгінде домбырасы жоқ қазақ үйі, домбырасыз ауыл жоқ деуге болады.
Бүгінгі қазақ зиялыларының өзі хан, би-шешендер, ақындар мен батырлар, бұқара халық домбыра аспабының негізінде тәрбиеленіп, өзінің ұлттық мәдениетін құрметтеуге ерекше мән беруде. Домбыра туралы жыр жазбаған ақын кемде-кем.
Атақты Құрманғазы, Сүгір, Тәттімбет сияқты күйшілер әлі де өмірге келер. Ұлтымыздың жан сұлулығын, дарқан мінезін, кең даласын өрнектеген тамаша күйлер жазылатынына сенемін.

Көркем ӘЗІМХАН,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті журналистика мамандығының ІІ курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close