Basty bet

Әсем қала – Нұр-Сұлтан!

1929 жылы астана Алматыға қоныс аударғанда Ілияс Жансүгіров «Жаңа астана» атты очерк жазып: «Алматыға Қазақстан орталығы көшіп келді. Алматы астана болды. Қазақстан ортасы ордасына орнықты. Қазақстан еңбекшілерінің ұйтқысы – орталық, өкімет мекемелері басты ұйымдар жаңа қонысына ірге тепті» деп қуанды. Қазақстан орталығы, Қазақстан ортасы, ордасы деген түсініктерді Ілияс та астана сөзімен жарыстыра қолданады. Бір кездегі сарай, орда, астана сөздерінің елдің қоғамдық саяси өміріне, тарихи кезеңдеріне байланысты мәні, атқарар жүгі алмасып отырғанын тәжірибеге сүйенсек, астана енді қала атауына түпкілікті ауысып, ол ұғымның қызметін басқа балама атқаруы тиіс. Мыңжылдық қолданбасы бар, бір кездерде осы мағынаны білдірген орда атауының елорда түрінде қайта оралуы бүгінгі Нұр-Сұлтанымызға шартты құбылыс.

Елордамыз Нұр-Сұлтан – болашақтың қаласы. Мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Еліміздің көк туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы. Нұр-Сұлтан қаласы Еуразияның дәл ортасында орналасқан: бір жағынан – еуропалық жетістік, екінші жағынан – шығыс дәстүрі үйлесім тапқан. Шыңдары көк тіреген асқақ Алатаудың баурайынан ұлы даланың кіндігіне көшіріліп, ерке Есілдің жағасында бой түзеген әсем Нұр-Сұлтан – жаңа ғасыр ғажабынан жаралған жас қала. Жер шарының картасынан Нұрсұлтан атауы да өз орнын алды. Күйіміздің күмбірі, көңіліміздің жыр-гүлі жас қала Нұр-Сұлтанның жыл өткен сайын еңселі қалаға айналуы сүйсіндіріп, әлем жұртшылығын көркімен тамсандырды.
Бүгінде бүкіл әлем сұлулығына тамсанып, болашақтың қаласы деп көз тігіп отыр. Жас, гүлденген астанамыздың әсем де көрікті жерлерінің қатарында Қазақстанның бетке ұстары – Тәуелсіздік сарайының алдындағы, алаңдағы ұшар басында аңыздағы «Самұрық» құсының қол мүсіні бейнеленген «Қазақ Елi» монументі, Нұр-Сұлтанның сәулет жарасымдылығында жаңа көрнекті орын – Тәуелсіздік Сарайы, «Астана-Бәйтерек» монументі – Нұр-Сұлтанның ең басты нышандары.
Наргиза Тұрғанғалиева, «Астана» Медицина университетінің жалпы медицина факультетінің 3-курс студенті:
– Еліміздің Астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы мен үшін өте ыстық. Өйткені менің өмірімнің ең қызықты кезеңдерінің бірі, студенттік шағым дəл осы қалада өтіп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы бұл армандар мен мақсаттар орындалатын қала! Елордаға ең алғаш келгенімде суық ауа райына үйрене алмай біраз қиналғаным бар. Күн өткен сайын сұлу қала жүрегімді жылытып, өзіне ғашық етті. Мұндағы сәулетті ғимараттар қала тіршілігінен шаршағанда жаныңды тыныштандыратын саябақтар, басқа елдерде қайталанбайтын сауда орталықтары, əсем құрылыстардың барлығы ел Астанасында.
Нұр-Сұлтан қаласы мен үшін мақтаныш, ең жас, көрікті қала. Елорда – еліміздің жүрегі!
Әділетхан Исабай, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті:
– Нұр-Сұлтан – әсем қала. Ол өзінің ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерімен де ерекшеленеді. Нұр-Сұлтанның басқа қалалардан жөні бөлек. Басқа қалалардан ерекшелігі де сол, онда зәулім-зәулім ғимараттар, Есіл өзенін бойлай орналасқан Үкімет пен Парламент үйлері, әкімшілік ғимараттары, Хан шатыр, мәдениет сарайлары, спорт кешендері, «Өмір өзені» субұрқақтары, Конгресс Холл, театрлар мен Абай мен Кенесары бабаларымыздың ескерткіштері, Астана-Бәйтерек монументі, көшедегі гүлзарлар мен алаңдары да өте керемет үйлесімін тапқан. Бұл біздің білетініміз ғана десем болады. Еліміздің жүрегі Нұр-Сұлтан қаласының көз тоймастай көркіне, жылдан-жылға әсем болып көркейіп келе жатқанына қызыға қараймыз. Нұр-Сұлтанның ел астанасы болып қалыптасуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін айтпай кетуге болмас. Нұрсұлтан Әбішұлы елорданы жаңа заманға сай гүлдендіріп, әлемге таныта білді.
Сарыарқаның төрінде орналасқан Нұр-Сұлтан қаласы – Тәуелсіз Қазақстанның жүрегі. Мен оны әрдайым мақтанышпен: «Әсем қалам – Нұр-Сұлтаным» деп айта аламын.
Дәмира Төребекова,
«Астана» Медицина университетінің 3-курс студенті:
-Нұр-Сұлтан қаласына бару, елдің ордасын өз көзіммен көру, ол менің бала кездегі асыл арманым болатын. Ең алғаш Нұр-Сұлтан қаласына барған кезде-ақ, әсем қала мені өзінің жылулығымен, тазалығымен және көрікті келбетімен баурап алды. Жалпы Нұр-Сұлтан қаласы менің көзқарасым бойынша мәдениеттің ошағы, сәулет өнері өте жақсы дамыған қала және жастардың қаласы, білім мен ғылымның ордасы деп есептеймін. Бүгінде елорданың күн санап көркейіп, өсіп келе жатқанына мен де қатты қуанамын.
Қала тек қазақ халқын ғана емес, әлем жұртын тамсындырып келе жатқан қалалардың бірі болып саналады. Жалпы мен өз болашағымды Нұр-Сұлтан қаласынан көргім келеді. Себебі Нұр-Сұлтан мен үшін сондай ыстық, тіптен, елордаға бауыр басып қалдым десем де болады. Нұр-Сұлтан қаласы Қазақ елінің астанасы болуға әбден лайықты қала деп есептеймін. Бас қаламыз осылай көркейіп, жасай берсін. Жастардың ең сүйікті қаласы болып қала берсін.
Уақыт қандай жылдам десеңізші! Әлемге танымал саяхатшылар елорданың сәулетін біресе Дубайға, біресе Шығыс Азия қалаларына, біресе жаңа Бакуге теңейтін Нұр-Сұлтан – біз үшін әлемде еш қала тең келмейтін бірегей қала, құт мекен. Оның осындай ертегі-қалаға айналуына әр жылдарда қала тізгінін ұстаған әкімдердің бәрі де зор еңбек сіңірді. Олардың білімі мен біліктілігі, шығармашылық қиялының ұшқырлығы мен іскерлігі, ең бастысы, елордаға деген сүйіспеншілігі өздері басшылық жасаған кезде салынған нысандарда көрініс тапқан. Жаңа заманмен бірге жаңаша қырынан дамып келе жатқан елорданың болашағы зор деп білемін.

Арай Дәрментаева,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің ІІІ курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close