Basty bet

Табиғаттың төл перзенті

орманшы Рүстем Назарбековтың табиғатты қорғаудағы еңбегі ерлікпен тең

«Жалпақ жұртыңды, иісі Алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан басталады» дейді Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Осы ретте, «жер жанатты немесе жұлдызы биік Жуалы» аталып кеткен Жуалы жері айтарлықтай шұрайлы өңір. Суы – нулы, таулы-адырлы, табиғатқа керектінің бәрі бар. Қыста бораны, жазда қоңыр салқын ауасы, күзде жаңбыры, көктемде де шуағы молынан төгіліп тұрады.

Жуалы – айналасын Алатау мен Қаратау қоршаған, биік жерде орналасқан, ауа райы өзгеше, қатал, қасиетті де киелі өңір. Осы ретте киелі өлкеміздің тағы бір ерекше қорғалатын Берікқара қаумалымен танысу үшін Күйік асуын артқа тастап Билікөл жеріне қарай беттедік. Ауданнан шалғайда орналасқан бұл елді мекенге барар жол асфальтталып, жаңартылған. Көлік қатынасы жақсы. Жеңіл автокөлікпен жолға шыққан мұны біз жақсы сезіндік. Айналаның барлығы жазық дала. Тек менмұндалап таулар тұр. Жаздың аптап ыстығы көлік терезесінен жусанның иісін, желдің самалын, жазық даланың таза ауасын сезіндіреді.
Жуалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарасты Берікқара ерекше қорғалатын қаумалына бізді Жуалы орманшылығының аға орманшысы Қалымхан Қолаханов жол сілтеп апарды. Ол жолай Билікөл жерінің табиғат ерекшелігімен таныстыруды жөн санады. Ең алдымен бұл аймақтағы Әулиебастау бұлағының шипасын сөзге арқау етті. Бастау суының тұнықтығын, ол жерге келіп ем алушылардың қатары көп екенін, киелі сонымен қатар, өңіріміздегі жерлердің бірі екендігін айтып өтті. Негізінен Жуалы өңірі қасиетті бастауларға бай. Дертке шипа болатын қасиетті судың талай жанға дауа болғаны баршамызға белгілі. Одан кейін жол бойында «Құттық баба» кесенесі бар. Одан әрі қарай осы жердің тіршілігіне үйренген адамдар қоныс ететін шағын ауылдар кездеседі. Аға орманшы өз сөзінде Берікқара ерекше қорғалатын қаумал болғандықтан, бұл жерді алғаш жұмысқа орналасқан жылы жеті күн жаяу аралап, тау-тасымен, сай-қырларымен танысқан екен. Сонымен қатар, ол орманшы болу үшін табиғатқа деген жанашырлық, қызығушылық керектігін айтады. Осы салада жемісті еңбек етуіне орманшы-қорықшы Рүстем Назарбековтың көп септігі тигенін де тілге тиек етті.
Қарабастау ауылын артқа тастап, алдымызда тұп-тұнық «Билікөл» көлі көрінді. Ол Қаратаудың солтүстік беткейіндегі тектоникалық ойыста орналасқан. Ал, сол жағымызда кәрі Қаратау тауы барар жерімізге жол сілтеп тұрғандай.
Аға орманшының сөзіне қарағанда, «Жуалы ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау» мекемесіне ауданымыздың 30 232 мың гектар жері қарасты, яғни ерекше қорғалуды қажет етеді. Ал, Берікқара ерекше қорғалатын қаумалының аумағы 17 500 гектар. Бұл қаумал алты айналымнан тұрады: Алмалы, Ботақара, Саясу, Берікқара, Шымырбайсай және Ақсақалсай. Әр шатқалда бір орманшы жұмыс істейді және қорғалатын жануарлары мен өсімдіктері бар. Ерекше қорғалатын қаумалдың айналымдарында Мүсірбек Жаманқұлов, Ержан Шоматаев, Қайрат Үмбеталиев, Бағдат Орманалиев, Бақтияр Әбішев және Рүстем Назарбеков еңбек етеді.
Міне, осылайша ұзақ жолды артқа тастап Қарабастау ауылынан батысқа қарай Қаратауға қарай беттеп, Ақсақалсай айналымына да келіп жеттік. Бұл айналымға «Әр істің өз маманы болуы керек» деп санайтын орманшы-қорықшы Рүстем Назарбеков жауапты. Оның «Жуалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіндегі» еңбек өтіліне биыл табаны күректей 34 жыл болыпты. Рүстем аға осы кәсіпті жалғастырып отырған әулеттің төртінші ұрпағы.
Бабасы Толымбек сонау Николай патша заманында орман шаруашылығымен айналысқан алғашқы қазақтардың бірі болған. Сол тұста жаңадан құрылған орман шаруашылығына жұмысқа алынған қорықшының ісін кейін оның баласы Назарбек жалғастырыпты.
Білгенін үйретуден жалықпаған Назарбек бабасының ісін одан әрі баласы Мырзан іліп әкетіп, оның саласының құпиясын өз ұрпағына сіңірген тәлімі еш кеткен жоқ. Себебі, қазіргі таңда ата-бабасы бастап, әкесі жалғастырған іспен баласы Рүстем айналысуда. Ол қызмет атқаратын Берікқара ерекше қорғалатын аймаққа қарасты Ақсалқалсайда «Қызыл кітапқа» енген ағаш-бұта, шөптердің сирек түрлері өсетін қорық жойылуға шақ қалған жабайы аң мен құстың мекені.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, әкесі Мырзан атаның осы салада еңбек еткеніне де 40 жыл. Бала күнінен ес білген шағынан ол үнемі әкесінің жанында болып, оның айтқандарын қалт жібермей тыңдап өскен. Оның әрбір қимылына назар салып, осы жердің табиғаты мен аң-құсы туралы әкесінен көп біліп жетіледі. Әкеден алған тәлім-тәрбие бүгінгі күні оның «табиғаттың төл баласы» атануына септігін тигізген. Бұлай дейтініміз, Рүстем аға Ақсақалсайдың тау-тасын, сай-қырын, жануарларының бәрін жақсы біледі. Әсіресе, арқардың. Мені таңқалдырғаны, Рүстем ағамен сұхбат барысында арқардың даусы мен іс-әрекеттерін келтіріп, айнытпай салып бергені. Құстардың қалай ән салатынын, қайсысы қай мезгілде келіп, кететінін барлығын бүге-шүгесіне дейін сұраған кез келген адамға айтып бере алатындығы оның табиғат үшін жаратылғанын аңғартады.
Рүстем Мырзанұлы –Жамбыл облыстық орманшы-қорықшы байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы. Орман шаруашылығындағы табысты еңбегі үшін Жамбыл облыстық орман және биоресурстар жөніндегі аумақтық басқармасының І дәрежелі дипломымен, Құрмет грамотасымен, облыстық кәсіподақ ұйымының «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек даңқы» ІІІ дәрежелі медальдарымен екі дүркін марапатталған.
Ол табиғат үшін жаратылған жан секілді. Жаны тазалықты, адалдықты, әсемдікті қалайды. Жүрегі жұмсақ, қолы ашық, мінезі жібектей жан. Жомарттығы мен мәрттігі, еңбекқорлығы да бар. Көпшіл. Ісіне шексіз берілген. Ең бастысы, өз саласының білгірі. Оның мұндай жақсы қасиеттерін достары мен жақындары, әріптестері жақсы біледі. Ол өмірін Берікқарамен тығыз байланыстырған бірегей маман.
-Берікқараның ерекше қорғалатын аймаққа жатуының өзіндік мәні бар. Қойнауы қазба байлықтарға толы қазыналы қарт Қаратаудың шатқалдары да сан алуан жеміс-жидектер мен шипалы өсімдіктерге бай. Мұнда әлемнің ешбір өңірінде кездеспейтін тек қана осында өсетін Берікқара терегі бар. Бұл ағаштың түрі биік құзда тасты жарып өседі. Жапырағының түсі ақшылтым. Осы жерде ғана өсетін Берікқара терегі өте сирек кездесетін ағаш болғандықтан Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген.
Берікқара шатқалында өсімдіктің 1666 түрі бар. Оның 153 түрі Ақсақалсайда өседі. Көктем мезгілінде дала қыраттарын көздің жауын алардай сұлулыққа бөлейтін қызғалдақтарды атап өтпеске болмайды. Жалпы, бұл аймақ «Қызғалдақтар отаны» деп мойындалған. Біздің сайдың қызғалдақтарын әлемнің ешбір нүктесінен кездестіру мүмкін емес. Төрткүл дүниенің еш бұрышында кездеспейтін Грейг, Кауфман қызғалдақтары Берікқара шатқалының көркіне айналған гүлдер тобына жатады. Мұнда қызғалдақтың 30 түрі көктемде шығады. Биылғы жылы қызғалдақтар көп шықпады. Қызғалдақтың түсі де ерекше. Бірнеше түсті. Керемет табиғат сұлулығын көргенде көз ала алмай қаласыз.
Қара долана Қаратаудың 4-5 сайында ғана бар. Қазір біздің аймақта көбейді. Қызыл кітапта «1,2,3 түп қана» деп көрсетілген, соның бәрін қайта тексеріп, бұрынғы жазбаларға өзерістер енгізу керек. Кітап жазу қажет.
Қорық жануарлар дүниесіне де аса бай. Мұнда жойылып бара жатқан бүркіт, ителгі, қара дегелек, үкі, борсық, шіл, кекілік тағы да басқа құстардың түрлері кездеседі. Қара ләйлек Берікқараға бірде келіп, бірде ұшып кетеді. Тұрақтап қалмайды. Ал, жан-жануарлардың да еш жерде ұшыраса бермейтін қабан, қосаяқ, түлкі, қоян, сұр құр, қырғауыл, қасқыр және тағы да басқа аңдардың түрі тек Берікқарада кездеседі. Дүниежүзінің бірде-бір елінде жоқ Қаратау арқары да осында. Қасиетті жануардың қаны көптеген сырқатқа шипа. Арқар қой тұқымдас. Ол жылдың төрт мезгілінде төрт түрлі түске енеді. Сәуір айларында қоздайды. Оның сақтығы соншалық, бір орында ұстап тұру мүмкін емес. Олар жайылымды жиі ауыстыруымен ерекшеленеді, – дейді орманшы-қорықшы Рүстем Мырзанұлы.
Көзге көрінуі қиын, тау-тастың қуыстарын мекендейтін үнді жайрасы да Берікқараны жерсініпті. Қазір ол да біршама көбейген. Әрбір аң-құстың қай төңіректі мекеніне айналдырғанын жақсы білетін Рүстем әр аңның табиғатына сай жайылатын орнын, жылдың төрт мезгілінде қай жаққа қоныс аударатынын да жатқа біледі. Қысы-жазы бақылауда ұстайды. «Табиғаттың тамашасын халық білуі керек. Шетелдіктер өз елдерінің керемет жерлерін теледидардан көрсетіп жатқанда қатты қызығамын. Біздің еліміз де ондай жерлерден кенде емес. Осындай киелі жерлерді насихаттап, жұртымызға көрсету керек» дейді Рүстем аға.
Орманшы өз жұмысын сүйе білу керек. Табиғатпен бірге жүретін, табиғат үшін жаратылған жан болуы тиіс. Табиғат пен адам – егіз ұғым. Бізге Жер Ананың аманатын сақтаушы да, жеткізуші де орманшы-қорықшы. Осы ретте, өмірін табиғатпен ұштастырған Рүстем Мырзанұлы алманың түрін көбейтуді көздейді. Орман қорығында жабайы алманың отаны саналатын Қазақстанды қайта жаңғыртуды қалайды. Шағын алма бағы бар. Апортты қайта қалпына келтіруді армандайды. Оның құрып бара жатқан алма түрлерін будандастыру арқылы сақтап қалу – негізгі жоспарының бірі.
«Сиверс, яғни, жабайы алма жер таңдамайды. Жайқалып өседі. Түрлі сұрыптары бар. Осы жабайы алмаларға ат қою керек. Мен осы сайлардың қай жерінде қандай алма өсетінін жақсы білемін. Әкем алма бақтың ішінен шықпай, жабайы алманы будандастыратын. Тұқымын асылдандыратын. Әкеме екі-үш күн уақыт беріп, алманы көбейту үшін өзге жұмыстарға араластырмайтын. Алма піскенше бізді қасына жолатпай, ішінің шөбін орып, мұнтаздай таза ұстайтын. Ол кезде алма тонналап жиналатын. Орманшыға алманың егілетін орнын дайындатқызып, түбін шаптыртатын. Сонда алма жақсы өсіп, жемісті болатын. Ал, бүгінгі күні ондай жұмыс жоқ. Мен әкемнің жұмысын жалғастырғым келеді. Арманым осы. Халқым таза табиғи өнім тұтынса деген мақсатым бар. Ұрпағымыздың дені сау болуы үшін де жабайы алманың түрлерін асылдандырып, ат қойып, жабайы алманы көбейтсем деймін. Жеміс-жидек егуге бұл жер әбден қолайлы. Әсіресе, орман жерлері. Сай-салада бұлақтың суы көп. Жері құнарлы, әрі жылы аймақ» дейді ол өз сөзінде.
Рүстем Мырзанұлының Ақсақалсайда жеке шаруашылығы да бар. 2, 3 гектар жерге бірнеше сұрыпты қызанақ, қияр және қауын, қарбыз егумен айналысады. Ешқандай химикат қосылмаған әрі экологиялық жағынан таза, шұрайлы өскен қызанақтарын піскен кезде базар нарқынан төмен бағаға өткізеді. Сонымен қатар, бағбандықты кәсіп еткен Рүстем аға ұлы Дәрмен екеуі биылғы жылы 2,5 мың түп жеміс ағашын отырғызған. Одан бөлек, Қарабастау және көршілес Майтөбе ауылдарының тұрғындарына 600 түп жеміс ағашын тегін берген. Ол жеміс ағаштарын әр жерден сирек түрлерін жинап, өз бақшасына егіп жүреді. Соның нәтижесінде 2 гектарға грек жаңғағын, 30 түрлі сары өріктің түрін, 1200 түп түрлі алма, шие, шабдалы, алша, қара өрік отырғызып, бүгінгі күні жемісін алып отырған жайы бар.
-Орманшы болу үшін адам ең бірінші ерінбеуі керек. Ең бастысы, осы істің маманы болуы тиіс. Табиғат анаға жанашырлық танытып, оның әрбір дүниесін көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. Өзің қоритын аймақтың тау-тасын, аң-құсын жақсы біліп, кез келген адамға айтып бере алса, онда ол нағыз маман атанады. Тәжірибелі саналады. Орманшы-қорықшы табиғат үшін жаралуы керек, – дейді орманшы-қорықшы әңгіме барысында.
Иә, шын мәнінде әр істің маманы ғана өз ісін алға қарай дөңгелетіп, жетістікке жетелейді. Туған жеріміздің керемет жерлерін, орман-тауларын, аңдары мен құстарын күзетіп, әлемге танытуға септігін тигізетін де осы орманшы-қорықшылар. Қысы-жазы ауа райының қолайсыздығына қарамай, орманды қорғап жүрген олардың еңбегі ұшан-теңіз. Міне, осындай өз ісіне адал, әрі білгірі бар кезде табиғатымыз аяланып, қорғалатын болады.

Айгүл Қалымханқызы,
«Jańa ómir»

Суретте орманшы-қорықшылар. Ортада Рүстем Назарбеков

Таңдаулы материалдар

Close