Basty bet

Шетелдік күмәнді діни оқу орындары

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін 1991 жылы өз тәуелсіздігімізді алғаннан бастап Қазақстан Республикасы басқа мемлекеттермен мәдени, саяси, экономикалық және т.б. салаларда өзара ынтымақтастық орната бастады. Осының негізінде Қазақстан азаматтарына шетелдік діни оқу орындарына барып діни білім алуға да мүмкіндік ашылды.

Алайда, шетелдік діни оқу орындарының барлығы бірдей біздің еліміздің саясатымен, бағытымен үндесе бермейді. Сондықтан оларды екі бөліп қарастырған жөн.
Біріншісі, ресми Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шетелдегі танымал жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойған оқу орындары. Екіншісі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы меморандумға қол қоймаған шетелдік діни оқу орындар.
Әрине, ҚМДБ-мен меморандумға қол қойған шетелдік діни оқу орындарына баруға болады. Себебі ондай діни оқу орындары дәстүрлі дінімізді үйрететін жоғары оқу орындары болып табылады. Ал, Пәкістан, Сауд Арабиясы Корольдігі, Иран, Катар, Кувейт, Йемен, БАӘ және т.б. сияқты мұсылман мемлекеттеріндегі күмәнді діни оқу орындарынан білім алып келген студенттер халық арасында деструктивті діни идеологияның таралуына себепші болуда.
Деструктивті діни ағымдар дегеніміз – дәстүрлі діндерден бөлінген оларды дін ретінде мойындамайтын, жеке көзқарастарымен діни догмаларды қалыптастырған, мемлекеттің ішкі тұрақтылығы және қоғамдық құрылыстарға кері әсерін тигізуші тар шеңберлі көзқарастағы адамдардан құралған топ. Деструктивті діни ағымдардың басшылары көбіне заңға қайшы келетін қылмыстық әрекеттерге барып, қарапайым топ мүшелерінің саналарын түрлі айла-шарғы амалдарымен жаншып, тоталитарлық жолмен бағындыруға тырысады.
Міне, осындай түсініктегі шетелдік күмәнді діни оқу орындарында оқыған жастар отанына оралып, деструктивті діни ағымдардың идеологиясын таратудың салдарынан Қазақстанның әр аймағында террорлық әрекеттер орын алуда. Атап айтқанда, 2011 жылдың мамырдың 17-інде Ақтөбедегі ҰҚК департаментінің ғимаратында 25 жастағы Рахымжан Махатов өзін-өзі жарып жіберді.
Бір апта өткен соң, 24 маусымда Астанадағы ҰҚК-нің тергеу изоляторы маңайында «Ауди-100» маркалы көлігі жарылды. Тергеу жұмыстары Сергей Подкосов есімді орыс мұсылманына тиесілі жарылғыш зат жарылған.
Ал 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласының тұрғыны жалғыз өзі террорлық әрекет ұйымдастырды. Оқиға барысында террористің ізін кескен екі қызметкер қылмыскер қолынан қаза болды. 34 жастағы Мақсат Қариевті құқық қорғау қызметкерлері ұстамақ болғанда жиһадшы өзін өзі жарып жіберген. 2016 жылы Ақтөбе қаласында 5 маусым күні экстремисттік көзқарастағы 26 азамат «Паллада» қару-жарақ-дүкеніне кіріп, суық қаруларды ұрлап шыққан. Салдарынан, бiрiншi қару дүкенiнiң сатушысы мен оқиға орнына бiрiншi болып жеткен күзет қызметкерi қаза тапты. Ал екiншi қару дүкенiнде келген адам пышақ жарақатынан мерт болды. Жалпы алғанда, 3 бейбiт адам көз жұмып, 2 адам жараланды. Жалпы шабуылдың салдарынан 9 адам қаза тауып, 38 адамның әртүрлі дене жарақаттарын алған.
Жоғарыда аталған террорлық оқиғаларға итермелейтін күш шетелдік деструктивті діни оқу орындарының білімдері мен жат құндылықтары. Шетелдік күмәнді діни оқу орындарында тәкфирлік, жиһадилік радикалдық құндылықтарды үйретеді. Осындай күмәнді діни оқу орындарын тәмәмдап келген азаматтар санасы таза жастардың миын улап, діни экстремистік идеяларды құю салдарынан осындай трагедиялық оқиғалар орын алып отырған.
Жоғарыда аталған террорлық оқиғалардың барлығы қазақ халқының тәуелсіздігіне, конфессияаралық татулығына, зайырлы құндылықтарына, қазақи болмыс және ұлттық дәстүрлермізге қарсы жасалған әрекет болып саналады. «Қоғамда қалыптасқан құндылықтарға қарсы әрекет жасауға итермелеген кімдер?» деген сұраққа, әрине күмәнді шетелдік діни оқу орындарында сабақ берген ұстаз, шейхтары деп айтар едім.
«Шетелдік діни оқу орындарының ұстаздары қалай біздің жастарды уысына түсірді?» деген сауал баршаны мазалайтыны жасырын емес. Діни білім алу үшін мұсылман елдеріне білім алу мақсатымен кеткендердің елеулі бөлігі жеке қорлар арқылы кеткен болатын. 2011-2012 жылдары дін саласындағы уәкілетті орган жариялаған мәліметтерге сәйкес мұсылман елдерінде діни білім алып жүрген жастар саны 392 болса, соңғы үш жыл көлемінде олардың саны 300-ге жуық деген мәлімет айтылуда.
Орта Азия аумағында іс-әрекет жүргізген шетелдік қайырымдылық қорлар мен қоғамдық ұйымдар Қазақстанда да араб тілін оқытатын жаздық лагерлерді, медреселерді, колледж және университеттерді ашуға демеушілік жасады. Олардың ішінде төмендегі қорлар ерекше белсенділік танытты:
– «Ислам жастарының ассамблеясы» үкіметтік емес ұйымы (Сауд Арабиясы Корольдігі);
– «Әлеуметтік реформалар қоғамы» қайырымдылық ұйымының қоғамдық қоры (1998 ж., Кувейт);
– «Кәусар» корпоративтік қоры (2005, БАЭ);
– «Таиба» халықаралық қайырымдылық қоры (1993ж., АҚШ, САК);
– «Әл-Бабтин» қоғамдық ұйымы (1993 ж., Кувейт);
– «Қатар қайырымдылық қоғамы» қоғамдық қоры (1997-2000 ж., Қатар);
– «Ибрагим бин Абд әл-Азиз әл-Ибрагим» қайырымдылық қоры (САК).
Аталған қорлар ауқымды қаржыларын пайдаланып, қазақстандық білім беру жүйесіне енуге ерекше талпыныс жасай отырып, шетелдік діни ұйымдар еліміздегі жекелеген колледждер мен жоғары оқу орындарына материалдық және гуманитариялық демеушілік жасау арқылы оқу орындарының ішкі тәртібіне ықпал ету мүмкіндігіне ие болды.
Олар оқытушылар мен талапкерлер арасында діни тақырыптарда уағыз-насихат жүргізіп, өздерінің діни деструктивті идеологиялық құралдарын – әдебиеттер мен баспа өнімдерін тарата бастады. Мысал ретінде «Әлеуметтік реформалар қоғамы» («Жамият әл-Ислах әл-Ислами» – 2005 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соттың шешіміне қызметіне тыйым салынған ұйым) кувейттік қайырымдылық қорының елдегі мемлекеттік емес жоғары оқу орындарында псевдосалафилік идеологияны насихаттағандығын атап өту жеткілікті.
2005 жылдарға дейін жұмыс жүргізген аталған ұйымдар сонымен қатар дінге қызығушылығы мол азаматтарды шетелдік жоғары діни оқу орындарына бағыттау жұмыстарын жүзеге асырды. Ал шетелдік діни оқу орындарында сырттан келген студенттерге демеушілік көрсетілумен қатар діни білім көбіне ақысыз негізде ұсынылған. Осындай әрекеттер арықылы азаматтардың мұсылман елдеріндегі оқу орындарына шығуының қарқын алуы және деструктивті діни идеологиямен ауыздануы басталды.
Сондай-ақ, кейбір жастар діни білім алу мақсатында өз бетінше мұсылман елдеріне шығатын үрдіс пайда болды. Қазақстанның азаматтары Сауд Арабиясы Корольдігі, Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан және т.б. елдердегі күмәнді діни оқу орындарына оқуға кетіп, шетелдік күмәнді діни оқуы орындарының қорлардың демеушілігімен қаржыландырылатын және деструктивті діни идеологияны насихаттайтын жеке оқу орындарына – марказдар мен хужраларға тап болып жатты. Мұндай орталарға тап болған ел азаматтары әдетте Консулдық тіркеуге тұрмайды және Қазақстан Елшілігімен байланысқа шықпайды. Мемлекет тарапынан бақылаусыз, жасырын шетелдік діни оқу орындарына барған азаматтар экстремистік ұйымдардың ықпалына түсіп, террористік әрекет жасағандары да болды.
Жоғарыда аталған қауіптің алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан 2011-жылдардан бастап, тұрақты түрде жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан азаматтарының шетелге діни білім алу мақсатымен бақылаусыз аттануы біршама тежелді. Осыған орай, діни білімге қызығушы азаматтар шетелдік діни оқу орындарына бармай-ақ. отандық діни білім оқу орындарында білім алғаны жөн.
Қазіргі таңда дін мамандарын даярлайтын елімізде алты жоғары оқу орны бар. Олар – «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті. Сондай-ақ 9 медресе-колледждінде діни білім алуға болады. Олар – «Сарыағаш» колледжі, «Астана» медресе-колледжі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі, «Һибаттулла Тарази» медресе-колледжі, «Үшқоңыр» медресе-колледжі, «Шымкент» медресе-колледжі, «Әбу Ханифа» медресе-колледжі, «Ақтөбе» медресе-колледжі, Орал» медресе- колледждері.
Аталған отандық діни оқу орындарының материалдық-техникалық базасының күшеюі, білім сапасының артуы ел азаматтарының діни білімді өз елінде алуға мол мүмкіндік барын анық көрсетеді. Қазақ елінің рухани қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен тікелей сабақтас. Осы себепті діни білім алуды таңдаған ұл-қыздары бар ата-аналар перзенттерінің жарқын болашағы үшін оларды өз отанында оқытуға барынша мән беруі тиіс.
Отандық діни оқу орындары халықтың діни танымынан, ұлттық ерекшеліктерінен терең хабары бар азаматтарды тәрбиелеп шығарады. Қазақы рухани қайнаркөздерден сусындаған және олардың қадірін білген шәкірт діни саладағы істердің жандануына мол үлесін қосатыны сөзсіз.

Ерзат ЖАҚЫПОВ,
Жамбыл облысы әкімдігінің
«Дін проблемаларын зерттеу
орталығының» бөлім басшысы

Таңдаулы материалдар

Close