Basty bet

Азық-түлік бағасына бақылау қажет

Аптаның сейсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткізілгені белгілі. Онда Президент негізінен дағдарыс жағдайында тұрғындардың табысын сақтап қалудың жайына тоқталғаны мәлім. Қасым-Жомарт Тоқаев жиын соңында ең басты міндет – азаматтардың өмір сапасын жақсартып, табыстарын арттыру екенін тағы да атап өтті. Мемлекеттік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халық игілігіне бағытталуға тиіс екендігі баса айтылды.

Мемлекет басшысының пікірінше, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды міндет болып отыр. Өткен жылы пандемия кезінде халықтың табысы азайған кезде азық-түлік бағасы арзандай түсудің орнына, керісінше, қымбаттаған. Мемлекеттік органдар тарапынан бағаларды ұстап тұру, оның ішінде сауда желілерін жеңілдікпен несиелеу және сауда үстемелерін орнату сияқты қабылданған шаралар оң нәтиже берген жоқ. Соның салдарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 11 пайызға өсті. Президент Үкімет жоғарыда аталған мәселелерді шешу барысында нарық тетіктерін негізге ала отырып, іс-қимыл жиынтығын әзірлеуі тиіс екендігін тапсырып отыр.
Иә, сананы тұрмыс пен тіршілік билеген дәл мынадай алмағайып күрделі кезеңде халықтың табысын сақтап қалу, азық-түлік пен қызметтердің қолжетімділігі аса маңызды. Оған елімізде ресурстар жеткілікті. Жеріміз кең. Осыған байланысты болуы керек, пейіліміз де жомарт. Алайда белгілі, белгісіз себептермен ұланғайыр жерімізді тиімді игере алмай отырмыз. Басқа сырт елдерге бұл жағдай күлкілі көрінуі мүмкін. Елімізде жайылымдық жер жоқ дегенге кім сенеді?
Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел ішінде түйткілге айналып отырған жайылым мәселесіне тоқталды: «Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе, Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне берген жөн» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Біз Президенттің сөзін бекер назарға алып отырғанымыз жоқ. Азық-түлік қауіпсіздігі, оның тапшылығы мен қымбаттығы осы жер мәселесімен тікелей байланысты. Бұл ретте жайылымдық жерлер мен пайдаланылмай жатқан егістік жерлердің мәселесін шешіп алмай тұрып, тиісінше, азық-түлік мәселесін де түбегейлі шеше алмаймыз.
Аудандағы азық-түлік бағасы жөнінде аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінен сұраған едік.
– Аудандағы негізгі азық-түлік тауарлары, азық-түлік емес тауарлары және ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандыру жөніндегі штаб мүшелері тұрақты сауда нүктелерін аралап, әлеуметтік маңызды тауарларға негізсіз бағаны көтермеу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, баға мониторингі жүргізілуде.
Тұрғындарды азық-түлікпен қолжетімді бағада қамтамасыз ету үшін, негізгі әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына үстеме бағаны 15 пайыздан артық көтермеу туралы, аудан орталығындағы үлкен 11 көтерме сауда дүкенінің иелерімен меморандум жасалынған.
Облыс әкімінің орынбасары Б.Нығмашевтың тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларын шекті бағадан асырмау және тұрақтандыру мақсатында аудандағы бес ірі сауда дүкендерінде әлеуметтік бұрыштар құрылған («МЕР» супермаркеті, «Ахан» азық-түлік дүкені, «Жасыл» супермаркеті, «Жуалы жер жаннаты» сауда қатары, «Гүлнар» азық-түлік дүкені) осы аталған дүкендерде әлеуметтік бұрыштар жұмыс жасауда. Тауарларды нарықтағы бағадан төмен сату мақсатында яғни, ауданымыздағы шаруашылықтар мен жеке кәсіпкерлерге өз өнімін делдалсыз көтерме бағамен сату мақсатында базар маңынан коммуналдық қатар жұмысы жасауда. Аудандағы өнім өндіруші кәсіпорындар яғни, «Бурный сүт компаниясы», «СМТС», «Жуалы сүт өнімдері», «LF Company» және «Ақмол-2025» ЖШС-нің өнімдері орталық базарда, дүкендерде сатылуда.
Сонымен қатар, орталық базарда әлеуметтік нан дүңгіршегі орнатылып, әлеуметтік нан 75 теңгеден сатылуда. ЖК «Бақыбеков Д.Т.» наубайханасы тәулігіне 1000-1500 нанмен қамтамасыз етіп отыр. Жалпы ауданда төрт наубайхана жұмыс жасауда. «Нұрдана» ШҚ, ЖК «Курмашева Ж.С.», ЖК «Бақыбеков Д.Т.», ЖК «Сейдалиева О.» аудан орталығы мен шалғай елдімекендерге 75-80 теңгеден нан таратуда. Нанның орташа сатылу бағасы 80-85 теңге. Жыл басынан бері «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на бағаны тұрақтандыру мақсатында наубайханалардың сұраныстарына сәйкес, 10 тонна ұнға сұраныс берілді. Алайда «Тараз» ӘКК» АҚ тарапынан ұнның жоқтығына байланысты ұн берілмеді,- дейді бөлім басшысы Бауыржан Абдалиев.
Бөлімнің мәліметінше, 15 қаңтардағы жағдай бойынша 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде 1-2 санаттағы тауық жұмыртқасы (ондық) 87 теңгеге қымбат, ақ-қант құмшекер 55 теңгеге қымбаттаған.
Ауданда бір әлеуметтік сауда павильонын ашу жоспарланып отырғанға ұқсайды. «Мешелова З.» жеке кәсіпкерлігі Б.Момышұлы ауылының орталық алаңының бойынан ашылғалы отырған «Ақшайы» дүкенінің құрылыс жұмыстары 85 пайызға аяқталған. Бұл ресми мәлімет қана. Ал шындығында дүкендердегі мұндай әлеуметтік бұрыштар қаншалықты жұмыс істеп тұр?
Осы сұрақтармен базар аймағындағы «Ахан» дүкеніне кіргенбіз. Иә, мұнда кіреберіске әлеуметтік бұрыш жасалған. Онда рожки 260, жылтыратылған күріш 350, құмшекер 300, ас тұзы 50 теңгеден сатылуда. Өкінішке орай, литрі 420 теңгеден сатылуы тиіс өсімдік майы мүлдем жоқ. Дүкен иелері өсімдік майы бағасының тым шарықтап кеткендігін айтып отыр. Оның әр литрі мұнда 650-700 теңгеден сатылуда. Ал бес литрлік сұйық май 3000 мен 4000 мың теңгенің аралығында саудалануда. Әрине, бұл тұрғындар үшін өте қымбат баға. Көкөніс бағасын білмекші болып, «Жуалы жер жаннаты» жабық базарына бас сұқтық. Кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, онда әлеуметтік сауда қатары болуы тиіс еді. Сауда қатарындағы саудагерлер мұнда әлеуметтік бұрыштың жоқ екенін айтады.
Ұн сататын «Алтын ұн» дүкенінің иелері де өсімдік майы бағасының тым шарықтап кеткендігін айтып отыр. Ал ұнның бағасы былтырғы күйінше тұр. Ал 25 келілік құмшекердің бір қабы 6500 теңгеден сатылуда.
Азық-түлік қауіпсіздігі еліміз үшін үлкен мәселе. Азық-түліктің қоры жеткілікті болса да қымбатшылықты қолдан жасап отырғандар бар. Бағаны негізсіз көтеруге делдалдардың кері әсері тиіп отырғаны айдан анық. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, еліміз онсыз да індетпен күресіп, күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отырғанда халықты қымбатшылықпен қинауға болмайды. Осыны ескере отырып ел Үкіметі мен жергілікті биліктің нақты шаралар қабылдайтын уақыты әлдеқашан жеткен сияқты. Ең бастысы, халыққа ең қажетті деген азық-түліктердің бағасына бақылау қажет.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close