Basty bet
«AQŞAYI» арзан маркет болады
Жеке кәсіпкер Қуаныш Мешелов Бауыржан Момышұлы ауылындағы орталық алаңда көп жылдан бері бос тұрған дүкенді өз қаражатына сатып алып, оған жылдам жөндеу жүргізіп, таяуда супермаркет етіп қайта ашты.
Супермаркеттің ашылу салтанатына ауыл тұрғындары мен ардагерлер жиылды. Кәсіпкердің әкесі, «Ақ мол» ЖШС-ның негізін қалаушы, ауданның қадірменді азаматы Орынбасар Мешелов дүкенге өзінің анасы, 93 жасында дүние салған Ақшайдың есімін бергенін, супермаркетте барлық азық-түлік өнімдері, жеміс-жидектер, сүт және сүт өнімдері мен шаруашылық заттары, әлеуметтік тауарлардың көтерме бағамен сатылатынын, олардың бағасы базар нарқынан 30-40% арзан болатынын, тауарлардың Алматы қаласынан жеткізілетінін айтып, жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Бір айта кетерлігі, дүкендегі тауарлар бағасының арзан болуы аудан аумағында бағаның тұрақтануына өзінің септігін тигізетін болады.
Жиында сөз алған облыстың және ауданның Құрметті азаматы Жарас Мұратай, «Жуалы» мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбек жеке кәсіпкердің бұл игі бастамасына қолдау білдіре келе, ісінің сәтті де табысты болуын тіледі.
Арзан маркеттің алқызыл лентасын облыстың және ауданның Құрметті азаматы Жарас Мұратай мен ауыл қариясы Рахманқұл Ақажанов қиғаннан кейін жұртшылық ішке еніп, дүкеннің ішкі безендірілуімен және ондағы тауар ассортиментімен танысты.
Дүкен сауда залы мен кулинария бөлімінен құралады. Жалпы пайдалы алаңы 230 шаршы метрді құрайды десек, оның 180 шаршы метрін сауда залы алады. Сатушылар алғаш келген тұтынушыларға қызмет көрсетіп үлгерді.
Дүкен иелері келешекте тауар ассортиментін молайтып, тұрғындардың бар керегін осы жерден табуына күш салатынына сендірді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»