Жастар кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Бұл оймен дауласудың өзі артық. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жастардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізі бағытының бірі – жастар секторы. Жастар қауымына елімізде айрықша назар аударылады. Осы ретте, биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды қолдау мақсатында «Еріктілер жылы» деп жариялады.
Еріктілік дегеніміз – адамның өз еркімен өзгелерге ақысыз көмек көрсетуі. Қоғамдағы түрлі шараларға белсенділік танытып қатысып, өз үлестерін қоса білуі. Еріктілердің іс-әрекеттері бізге ата-бабамыздан жеткен асыл қасиеттерімізді қайта жаңғыртуға септігін тигізеді. Бір-бірімізге жанашырлық танытып, қайырымды болуды үгіттейді. Осы ретте, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушовтың мәліметінше, аталған мекеменің жанынан құрылған «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық клубына 140 ерікті жас тіркеліп, қазіргі таңда әртүрлі бағыттағы іс-шараларға тартылуда. Атап айтар болсақ, «Біз біргеміз!» акциясы аясында аз қамтылған 228 отбасына 2 млн 580 мың теңгені құрайтын сомаға жалғызбасты қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасыларына кәсіпкерлерді тарта отырып азық-түліктей заттар үлестірілген. Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімі және «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі жанындағы «Қамқор» қайырымдылық-волонтерлық клубының мүшелері түнгі рейдтік жұмыстарын жүргізді. Төтенше жағдай уақытында ауданның волонтер жастары Шақпақ блок-посты мен Б.Момышұлы ауылында орналасқан пунктінде коронавирус дертінің алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 8000-ға жуық үнпарақтар мен 1200 қорғаныш маскалары таратылған.
Қорғаныш маскаларына қажетті шикізаттар аудан әкімдігінің тарапынан беріліп, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жанынан құрылған волонтерлардың көмегімен 13377 маска тігілген. Оның 12677 аз қамтылған отбасыларға, оның ішінде жалғызбасты қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасыларға таратылған. Сонымен қатар, ауылдық округтердегі әкімшіліктерге, адам көптеп шоғырланатын супермаркеттерге, дүкендерге, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне, аудандық АПБ бөліміне, Халық банкі мен Қазпошта бөлімдеріне тұрақты түрде таратылды. Аудандық «Қазпошта» және «Халық банкі» мекемелеріне келетін аудан тұрғындары арасында коронавирус індетінің алдын алу мақсатында күнделікті кезекшілік ұйымдастырылған.
Қазіргі таңда «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйытқы болуымен, «Қамқор» еріктілер клубының бастамасымен аудан аумағында біршама жұмыстар атқарылуда. Волонтерлармен сегіз жастар сенбілігі, 27 – қайырымдылық, 17 жастар акциясы, 4 түнгі рейдтік жұмыстары жүргізілген. Атап айтар болсақ, аудандағы ерікті клубы жеті бағытта жұмыс жасауда. Ең алғашқысы «Таза әлем» бағыты деп аталып, онда аудандағы еріктілер жастар алты ардагердің және жеті жалғызілікті қарттың үй шаруасына көмектесіп, сегіз сенбілік жұмыстарын жүргізген.
Ал, «Қамқор» бағыты бойынша аудандағы 228 жағдайы төмен отбасыға демеушілер есебінен көпбалалы отбасыларға және аз қамтылған, жалғызбасты қарттарға азық-түліктей көмек үлестірілді. Қазіргі таңда карантиндік шектеулерге байланысты карантин режимінде жатқан отбасыларға қымыз-қымыран таратылуда.
«Білім» бағыты бойынша – ағылшын тілін оқытуды дамыту аясында «Аяла» қайырымдылық жобасының жетекшісі Алфия Мейрамбаймен меморандумға отырып, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларының балаларына тегін ағылшын тілін оқыту курсын жүргізіп, алдағы уақытта мүмкіндігі жоқ отбасыларынан шыққан 40 балаға білім беру көзделіп отыр.
«Ұрпақтар сабақтастығы» бағыты аясында аудан жастарының ұйымдастыруымен «Қарияларға қамқорлық», «Қарты бар ел – қазыналы ел» атты акциялар және «Қариялар – асыл қазынамыз» атты қайырымдылық шаралары өткізілді. Есептік кезеңде өткен барлығы 19 іс-шараға 94 қария қатыстырылып, 131 жас тартылды. Сонымен қатар, жастарға ақыл-кеңестерін беріп, жол сілтеуші ауыл ақсақалдары мен жастардың арасында кездесулер тұрақты түрде өткізілуде. Биылғы жылғы жоспарға сәйкес, 1 қазан – «Қарттар күніне» орай «Қарты бар ел – қазыналы ел» атты ауыл қариялары арасындағы сайысын өткізу жоспарлануда екен.
«Үміт» бағыты аясында 5 мамыр мен 7 мамыр аралығында Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай «Ұлы жеңіске 75 жыл» тақырыбында ақындар арнауын арнаған. Арнауда майдангер аталарының ерлігін өлең шумақтарына қосып, Instagram әлеуметтік желісіндегі ZhuaIyzhastary парақшасына және Facebook әлеуметтік желісіндегі Жуалы Жастары парақшасына 11 бейнеролик жарияланды. Сонымен қатар, жыл басында 6 ақпан күні Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай майдангерлердің тарихын зерттеумен айналысатын «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекқалы Әліұлымен кездесу өтті. Аталған шараға Ұлы Отан соғысының батыры және жерлесіміз Қ.Ералиевтің ұлы мен немересі қатысты.
«Саулық» бағыты аясында «Біз денсаулықты таңдаймыз!», «Өмір мен саған құштармын», «Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында онлайн семинар», «Ғасыр дертімен бірлесе күресейік» тақырыптарында әлеуметтік желілердегі мекеменің парақшаларында тікелей эфирде психологиялық кеңестер берілді. Шараға аудандық орталық аурухананың психиатр-нарколог дәрігері Зоя Бердіқожаева, профилактика бөлімінің психолог маманы Венера Сейтаева қатыстырылған.
«Асыл мұра» бағыты аясында ауданымызда тарихи тамыры тереңге жайылған жерлерді таныстыру мақсатында «Жуалының 7 кереметі» атты онлайн байқауы ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда ауылдық округтерден мекеменің әлеуметтік желідегі парақшаларында 9 бейнеролик жарияланған.
– Ауданымызда биылғы жылы ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әр өңірден ерікті жастар табылып, Еріктілер жылына өз үлестерін қосуда. Волонтерлар әр округте бар. Олардың белсенділіктері еліміздегі төтенше жағдай режімі кезінде көрініс тапты. Қайырымдылық шараларына атсалысып, қоғамдық жұмыстарға араласты. Жастардың мұндай ерліктерін бағалап, аудан әкімінің Алғысхатымен марапатталды. Ынталандыру, жігерлендіру жұмыстары жүргізілуде.
Ауданымыздың ерікті жастарын тарта отырып, әр округте екі ауладан жалғызбасты қариялардың үйлерін әктеу, сырлау жұмыстарын жүргізу асарлату дәстүрін жаңғырту мақсатында ұйымдастырылуда. Құрылыс материалдарын кәсіпкерлерді тарта отырып алынуда. Бұл бастама екі округте басталып кетті. Алдағы уақытта жаппай барлық округтерде жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, еліміздегі таралған аты жаман індетпен күреске ерікті жастарымыз да атсалысуда. Аудандық орталық ауруханаға оттегі баллондарын толтыруға ауданның волонтерлары барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып қатысуда. Дәл осындай қиын-қыстау шақта біз жастар өз үлесімізді қоса білуіміз керек. Себебі, халқымыздың амандығы мен денінің саулығы біз үшін де маңызды. Сол үшін алдағы уақытта аудандық орталық ауруханаға көмегіміз қажет кезде әрдайым қолын ұшын созуға дайынбыз. Сондай-ақ, ауруханадағы емделушілерге ұлттық сусынымыз ем болсын деген ниетпен қымыз үлестірдік. Ұлттық сусынның дертке мың да бір ем екенін естен шығармадық.
Биылғы жылғы ауқымды жоспарлардың бірі аз қамтылған, көпбалалы отбасыларынан шыққан балаларды «Робототехника» курсына оқыту. Бұл бастаманы жеке кәсіпкер Нұрлыхан Мейірханмен бірлесе отырып жүзеге асыратын. Ал, егер де еліміздегі карантин режімі алынбаса, онлайн түрде іске асыру жоспарлануда.
«Волонтерлар» жылына орай белсенді 70 волонтер жасқа арнайы киім алынды. Волонтерларды оқыту мақсатында екі күндік жазғы оқыту лагеріне 1 млн 100 мың теңге бөлініп отыр,-дейді аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Бегасылұлы.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»