Basty bet

Шаруасы шалқыған шаруа қожалық

Аудан шаруалары шөп орағын сәтті аяқтап, ендігі кезекте егін орағына қызу кірісіп отыр. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, қыстың қамын қазірден бастап жасамаса ертең кеш болады. Осы мақсатта аудан шаруалары уақытпен санаспай күндіз-түні еңбек етіп, егілген өнімді жинап алу үстінде.

Ауданда жүріп жатқан егін орағының барысы туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаевтан сұрап білген едік.
– 2020 жылдың өнімі үшін 57 221 гектар алқапқа (2019 жылы 53 789 га, 106,3 %) ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болатын. Оның ішінде 27 750 га арпа, 3593 га көпжылдық шөп, 21 588 га майлы дақылдар, 2560 га картоп, 680 га көкөніс, бақша дақылдары, 300 га дәндік жүгері 750 га сүрлемдік жүгері.
37 424 гектар алқап ораққа түседі деп күтілуде. Таратып айтар болсам, оның ішінде күздік бидай 9674 гектар болса, жаздық арпа алқабының көлемі 27 750 гектарды құрайды. Бүгінгі күнге масақты дәнді дақылдарды ору науқаны жалпылама алғанда барлық ауылдық округтерде басталды.
Тек қана ауданның таулы аймағында орналасқан Қошқарата, Боралдай және Күреңбел ауылдық округтерінде масақты дақылдар толық пісіп, жетілмегендіктен басталған жоқ. Бүгінгі күнге жалпы аудан бойынша 6633 га (17,7 пайыз) орылып, әзірше орташа өнімділік әр гектардан 15,6 центнерден айналуда. Түсімі 10 347 тонна. Қолда бар астық жинайтын комбайндардың саны 119 дана болса, егін орағы науқанына қатысып жатқаны 56 дана.
Осы орайда өнімді уақтысында ысырапсыз жинап алып, қамбаға құю жұмыстары да маңызға ие екені белгілі. Сонымен науқанды уақтылы бастап, аяқтау мақсатында Павлодар облысы және Өзбекстан Республикасынан да егін оратын комбайндар қарастырылып, келісім жасау жұмыстары да жүруде. Биылғы жылы аудан шаруалары жанар-жағармайдан қысылмайды. Жанар-жағармай бойынша күзгі дала жұмыстарына оператор болып аудан көлемінде «Ақ қайың» ЖШС бекітілген болатын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына науқандық жұмыстарға қажетті 1047 тонна дизель отынына сұраныс тапсырылды. Бүгінгі күнге ауданның шаруа қожалықтары дизель отынымен толық қамтылған деп айтуға болады,- дейді ол.
Егін орағы туралы газетке материал әзірлеу мақсатында апта басында Жетітөбе ауылдық округіне арнайы барған болатынбыз.
Жетітөбе ауылдық округінде еңсе тіктеген, жүйелі жұмыс жасау арқылы шаруасын шалқытып отырған шаруа қожалықтардың қатары көп деп айтуға болады. Атап айтқанда, округке қарасты Шыңбұлақ ауылындағы «Темірбекова» шаруа қожалығы, тағы басқа шаруашылықтар округтің ғана емес, ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлестерін қосуда. Солардың қатарында аграрлық саланың қыр-сырын жақсы білетін әрі бұрынғы М.Горький атындағы колхозда 40 жылдай механизатор болып жұмыс істеген еңбек ардагері Қуанышбай Қораласбаев басшылық ететін «Ұлжан» шаруа қожалығы да бар.
Тірлігі сан салалы әрі техникасы да сай шаруашылық егін орағын қарқынды жүргізуде. «Ұлжан» шаруа қожалығының иелігінде 190 гектарға жуық егістік жері бар. Оның 60 гектарына арпа, 15 гектарына бидай, тиісінше, 40 гектарына мақсары дақылы егілсе, қалғанына мал азығына көпжылдық шөп егіледі екен. Шаруа қожалық бір апта бұрын толықтай пісіп-жетілген арпа алқабына орақ салыпты. Жетітөбе ауылдық округінің орталығы Кәріқорған ауылынан Күреңбел ауылына барар жолдың бойында орналасқан алқап басында жұмыс қызу. Бізді алқап басынан шаруа қожалықтың мүшесі, Қуанышбай ағаның кенже ұлы Ерлан қарсы алып, орақтың барысы туралы әңгімелеп берген еді.
-Егін орағын шілденің ортасында бастадық. Жұмыс өз деңгейінде жүруде. Қазір негізінен арпа орып жатырмыз. Өнімділікке келер болсақ, әр гектардан 20 центнерден айналу үстінде. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл өнімділікті сәл төмендеу деп айтуға болады. Тұқым туралы айтар болсам, осыдан біраз жыл бұрын Алматы облысындағы тәжірибе стансасынан «Қарлығаш» сұрыпты арпа тұқымын әкеліп еккен болатынбыз. Қазір осы аталған тұқымды көбейтіп егіп жатырмыз. Ал бидайдың «Стекловидный» деп аталатын тұқымы егіледі. Арпа, бидай, мақсарыны орып алған соң мал азығын дайындаймыз. Артылғанын сатып, шығындарымызды жабамыз,- дейді ол.
Шаруа қожалықта көктемгі жер жыртып, егін егу, шөп шабу және егін орағы науқанында үш адам жұмыс жасайды. Солардың бірі комбайн рөліндегі Кәріқорған ауылының тұрғыны Рахат Қаржауов.
– «Ұлжан» шаруа қожалығында жұмыс жасап келе жатқаныма үш жылдан асып барады. Мен науқандық жұмыстардың барлығына қатысамын. Көктемде жер жыртып, егу жұмыстарын жүргізсек, жазда мал азығын дайындаймыз. Жұмыс жыл он екі ай жүреді деп айтуға болады. Табысымыз жаман емес. Еңбекақымызды уақтылы алып тұрамын. Қожалық басшылары жұмыс жасауға толықтай жағдай жасап отыр деп айта аламын. Қазір міне, егін орағын қызу жүргізудеміз. Арпа орағы аяқталған соң бидай, одан соң мақсары оруға кірісеміз. Орақты аяқтаған соң сүдігер көтереміз. Ауылдағы тіршілік осы. Қазір әр күнді тиімді пайдалану қажет,- дейді жас механизатор Рахат.
Бізбен аз уақыт қана әңгімелескен соң ол «Енисей-1200» маркалы комбайнмен теңіздей толқыған егістік алқабына қайта жүріп кетті. Иә, қазіргі таңда ауыл-ауылдарда техниканың тілін меңгерген жастар өте көп. Олардың жұмыс жасауға деген құлшынысы аға буын өкілдерін қуантатыны белгілі. 30-дан енді ғана асқан Рахат Қаржауов та жас механизаторлардың бірі. Рахаттың негізгі мамандығы заңгер. Жоғары оқу орнында Тараз қаласында оқыған. Алайда ол жастайынан техникаға жақын болып, оның қыр-сырын үйреніп, қазіргі таңда ауыл шаруашылығының дамуына өзінің мол үлесін қосуда. Жас механизатор Рахаттың еңбекке деген құлшынысы өз замандастарына үлгі.
Шаруа қожалық басшысы Қуанышбай Қораласбаевтың кенже ұлы Ерланның да негізгі мамандығы заңгер-құқықтанушы. Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық колледжін бітірген. Ол да қазір өз мамандығымен жұмыс жасамайды. Үлкен ағасы Нұржан екеуі күш біріктіріп, шаруашылықтың жұмысын ілгерілетуге, дамытуға атсалысуда.
Аталған шаруашылық жұмысының сан салалы екенін сөз басында айтқанымыздай, 1999 жылы құрылған «Ұлжан» шаруа қожалығы төрт түліктің басын көбейтумен де тұрақты айналысып келеді. Ата-бабаның ескі қонысы болған бұрынғы «Түркісіб» колхозының орнында шаруашылықтың мал қыстауы орналасқан. Мұнда 250 бас қой-ешкі, 20 бас жылқы, 20-30 бастай ірі қара, оның ішінде сауынды сиыр, бұқашықтар бағылады. Шаруашылық төрағасы Қуанышбай аға осында болып, төрт түліктің көбеюін бақылап, малшыларға басшылық жасайды. Мұнда бір қойшы отбасымен жыл он екі ай тұрақты жұмыс істейді екен.
– Ауылда тұрған соң мал ұстап, жер өңдеп, егін екпесең болмайды. Бұл бұрыннан келе жатқан ұлы үрдіс. Біз де ел қатарлы жұмыс жасап жатырмыз. Шаруа қожалықтың иелігінде жер өңдеуге қажетті техникалардың бәрі бар деуге болады. Бір «Енисей» маркалы комбайн, «МТЗ-952-2», «МТЗ-920», «МТЗ-80» маркалы үш трактор, одан бөлек шөп оратын трактор, екі шөптайлағыш, басқа да қосымша агрегаттарымыз бар. Тірлігіміз жаман емес. Қыстауда мал бағылса, ауылда жылқы, бұқашықтар, қой бордақылаймыз. Өзім көбінесе жайлауда болғандықтан егін егу, жинау жұмыстарын балаларым атқарады. Ұлдарыма ырзамын. Бастаған тірлікті, шаруашылық жұмыстарын ары қарай алып кетті.
Біздің де жасымыз ұлғайып келеді. Кезінде М.Горький атындағы колхозда 40 жылға жуық еңбек еттім. Осы ауылдың, ауданның дамуына еңбек еткен жайымыз бар. Ендігі кезек жастардікі. Біз оларға өмірден көрген-түйгенімізді жеткізіп, ақыл-кеңесімізді айтып, бағыт-бағдар беріп отырсақ жеткілікті. Жастарға айтарым, еңбек етіңдер, тәрбиелі ұрпақ өсіріңдер. Сонда ғана абыройға бөленесіңдер,- дейді Қуанышбай Батырбайұлы.
«Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ» деген даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі бар. Теріңді төксең қара жер де адамды құр тастамайды. Бұған өмірдің өзі дәлел. Адал еңбек ету арқылы, ұрпағының бойына еңбек пен адалдықтың дәнін сепкен өнегелі отбасылар, жеке адамдар арамызда көп. Оларды көпшілікке насихаттау арқылы біз қоғамды, елімізді дамыта аламыз. Бұл – еліміздің, елдігіміздің алға қойған мұраты. Шаруасы шалқыған «Ұлжан» шаруа қожалығының жұмысы, онда адал еңбек ету арқылы абыройға бөленіп жүрген азаматтар қоғамға қай жағынан болсын үлгі болып қала бермек.
Суреттерді түсірген
Сәбит Күзембаев

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close