Basty bet

Коронавирустың кері әсері

кәсіпкерлерге де тиіп отыр

«Кәсібің-нәсібің» демекші, бүгінгі күні жуалылықтар да кәсіпкерлікке бет бұрған. Еліміздің экономикасының дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген жерлестеріміз кәсіпкерліктің бірнеше түрімен айналысады. Олар шағын және орта кәсіпті дамытумен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтып, өзгелерге тұрақты жұмыс беріп, табыс табуда. Бұл уақытқа дейін қалыпты өмірде еңбек етіп жүрген кәсіпкерлерге еліміздегі қазіргі ахуал оңай тиіп жатқан жоқ. Яғни, бүкіл әлемді әлекке салған індет елімізде де таралып, оның салдарынан карантин режимі жарияланып, ол кәсіпкерлерге кері әсерін тигізуде. Мемлекеттің тірегі саналатын кәсіпкерлер тәртіп мен талапты ескеріп, індетпен күресуде өз күштерін салуда. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда кейбір кәсіпкерлер бұл талаптарды ұмытып жатқандығын көзіміз шалғанда іштей жанымызға батқаны рас. Аз ғана уақыт ішінде табыс табамын деп айыппұл арқалап, ескерту алып жатқандар әлі де қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінбейді.

Ауданда коронавирус індетінің алдын алу және болдырмау мақсатында арнайы мобилдік топ құрылған. Мобилдік топ өңірдегі санитарлық талаптардың сақталуын, жалпы қоғамдағы тәртіп пен талаптың орындалуын қадағалайды. Осы аталған топпен рейд жұмыстары барысында тәртіпке бағынбаған кәсіпкерлерді кездестірдік. Оларға ескертулер беріліп жатты. Кейбіріне бірнеше рет ескерту берілген екен. Мұндай жағдайларды көзбен көргендіктен, кәсіпкерлердің жағдайын зерделеу үшін олармен арнайы әңгімелескен болатынбыз.
Ең алдымен қандай сақтық шараларын ұстану керектігі туралы аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Марат Искаковтан сұрастырдық.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №44 Қаулысы негізінде Жамбыл облысының бас санитариялық дәрігері №28 Қаулы шығарған. Қаулыда баршаға ортақ талаптар мен ережелер көрсетілген. Оны жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар міндетті түрде сақтауы тиіс. Елімізде 2 тамызға дейін карантин режимі созылып отыр. Бұл кезеңде баршамыз ортақ заң мен тәртіпке бағынуымыз керек. Қаулыда керекті талаптардың барлығы дерлік енгізілген. Мекемелерде болсын, қоғамдық орындарда болсын маскалық режимі сақталып, дезинфекциялық құралдар қолдануы тиіс. Егерде карантин режимінің талаптарын сақтамаған жағдайда жеке тұлғаларға 30 АЕК, яғни 83 340 теңге көлемінде, заңды тұлғаларға 230 АЕК, яғни 638 440 теңге көлемінде айыппұл салынады. Кәсіпкерлерге де мобилдік топтың рейдтік жұмыстар жүргізу барысында айтылып, ескертілді. Қаулы негізінде жұмыс істеу уақыты ескертіліп айтылды. Күнделікті теледидардан, әлеуметтік желілерден карантиннің талаптары айтылып жатыр» дейді ол өз сөзінде.
Марат Ілиясұлының мәліметінше, ауданда індетті жұқтырғандар саны 84 адамды құрап отыр. Ауданның барлық елді мекенінде індет жұқтырғандар тіркелген. Көп бөлшегі Б.Момышұлы ауылында. Оның 33-і сиптомы бар науқастар болса, 51-і сиптомы жоқ жандар. Алғашқы індет таралған уақыттан гөрі соңғы бір жарым айда ауруғандар саны артқан. Оған карантин режимінің жеңілдетілгені де әсер еткен.
-Біз кәсіпкерлерге негізсіз айыппұл арқалата алмаймыз. Оған негіз болу керек. Ал, егер де санитарлық талаптарды сақтамаған жағдай анықталса, сол жерде бірінші күні ескертіліп, тоқтам жасалып, сурет пен видеоға түсіріліп, кәсіпкерден түсініктеме алынады. Екіншіден, осы кәсіпкердің жұмысын тағы да бес күн бақылаймыз. Егер де бір ескертуден кейін тәртіпке бағынып жұмыс жасаса, нұр үстіне нұр. Ал, бағынбаса, айыппұл салынады. Бұл оларға да оңай емес. Ауыртпашылық түседі. Шағын ғана дүкенінен ол айына ондай табыс таппайды. Көбірек табыс табамын деп, опық жейді. Сондықтан әрбір адам қоғам алдында жауапты болуы керек. Сана-сезімді оятуымыз қажет. Аурудың бар-жоқтығына сенбегендер көп болды. Соның салдарынан індет таралып жатыр. Індет көбінесе, осындай қоғамдық орындарда көп таралады, – дейді.
Осы ретте, карантин режимінің сақталуының барысын орталық базардағы, аудан орталығындағы шағын асханалар мен демалыс орталықтарының иелерімен сөйлесіп, мән-жайды білген едік. Алдымен базардағы «Ақбота» шағын кафесіне бас сұқтық. Мұнда ұзақ жылдары бойы тұрғындарға қызмет көрсетіп келе жатқан Машкура Камалова иелік етеді. «Өзім осы кәсіппен айналысқаныма 20 жылдай болды. Еліміздегі жағдай барлығымызға кері әсерін тигізуде. Жағдай қиын. Бұрынғыдай сауда жоқ. Жұмысымыз таңғы 9.00-ден 16.00-ге дейін. Үш жұмысшым бар. Ғимаратты жалға алғанмын, ай сайын төлемін төлеймін. Әйтеуір кішкене болса да пайда тапсақ дейміз. Санитарлық талаптар сақталады. Уақтылы ашып, уақтылы жабамыз. Қазір ел көбінесе азық-түлік пен дәрі-дәрмекке ғана базарға келеді. Ал, кәсіпкерлер күнкөріс үшін саудаға шығады. Бірақ, тәртіптің аты тәртіп. Оған бәріміз бағынуымыз керек» дейді.
Ал, «Сымбат» асханасын жалға алған Көлтоған ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлшат Тұрдалиева түскі сағат 13.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілгенін айтады. Өзі бұл уақытқа дейін Атырау қаласында жұмыс істеген екен. Балаларының барлығы студент. Жолдасының денсаулығы жұмысқа жарамсыз. Асханада баға тұрақты. «Өмірімнің 20 жылын аспаздыққа арнадым. Бір ай болды осы жерді жалға алып жұмыс істеудемін. Несиемізді ұзарттық. Отбасы жағдайыма байланысты табыс табу керек. Күн көруіміз қажет. Барға қанағат жасап, тапқан табысымды балаларыма жіберемін. Балаларым ауылда. Бұл біздің күнделікті табыс көзіне айналып отырған кәсібіміз. Кейде адам бар. Кейде жоқ. Бірең-сараң ғана бас сұғады. Өзге қалаларға карантин болғандықтан бара алмаймыз. Сол себепті, тәуекелге бел буып, осы істі бастап отырмыз. Алдағы уақытта елімізбен бірге осы індетті жеңіп, жақсы күндеріміз көп болатынына сенім білдіреміз. Бәрі уақыт еншісінде» дейді.
Бұл орталық базардағы кәсіпкерлердің жағдайы еді. Ал, мұндағы дүкендер уақтылы жұмыс орнын жауып, санитарлық талаптарды ұстанып жатқандарын байқадық. Одан кейін аудан орталығындағы жаңадан ашылған «Жуалы Rezourt» демалыс орталығына барғанда, мұнда да адамның қарасы аз екенін аңғардық. Демалыс орталығының жұмыс уақыты таңғы 09.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін. Бес адамды жұмыспен қамтып отыр. Ең бастысы талап пен тәртіп баршаға ортақ екендерін жақсы түсінеді.
Тұрғындар, әсіресе жастар «Chіcken House»-тан көптеп тапсырыс беретіні белгілі. Үйге дейін жеткізіп беру қызметін қолға алған Мұхтар Сәдірімбек жұмыс уақыты таңғы 09.00-ден кешкі 20.00-гей дейін екендігін айтты. Бір адамды жұмыспен қамтуда. Табыс көзі орташа. Сауда да бірқалыпты.
Кәсіпкерлермен сұқбат барысында барлығы да еліміздегі ахуалдың ешкімге оңай түспей отырғанына көз жеткіздік. Қиыншылыққа қайыспайтын ұлттың өкілі болғандықтан кәсіпкерлер бұл сын сағат өтпелі екеніне сенеді. Мемлекеттен қолдау білдіріліп жатқанда олар да еліміз үшін қызмет етуді көздейді. «Көппен көрген ұлы той» демекші, қиын кезеңдерді елімізбен бірге еңсеріп, жақсы күндеріміз көп болатынына сенім білдіреді. Әрине, бұл жақсы күнге әрбір саналы адамның бойында қоғам алдындағы жауапкершілік сезімі күшті болып, оны жете түсініп, сезінгенде ғана қол жеткізе аламыз.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close