Basty bet

Қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінейік

«Дені саудың – тәні сау» демекші, адамның денсаулығынан, амандығынан артық құнды дүние жоқ. Мемлекет үшін де халқының амандығы мен денінің саулығы бірінші кезекте ойландыратын мәселенің бірі. Мұны біз елімізде жайылған індеттің алдын алу және болдырмау шаралары барысында аңғардық. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халқы оның басты байлығы, құндылығы екенін баса айтуда. Күллі әлеммен қоса біздің елімізге де таралған аты жаман індетпен күрес барысында мемлекет тарапынан түрлі шаралар қолға алынуда. Халықтың жағдайын ескеріп, әлеуметтік көмек беруде. Күнделікті теледидардан, бұқаралық ақпараттық құралдарынан індеттен қалай сақтану жолдарын көрсетіп, абай болуға шақыруда. Енді, біздің кезек мемлекет тарапынан түскен сақтық шараларын ұстану, тәртіпке бағыну.
«Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп батыр Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, тәртіптен ұлы нәрсе жоқ. Тәртіп бар жерде тірлік те нәтиже де бар. Бұлай дейтініміз, осы уақытқа дейін халыққа індеттің таралуы жайлы айта келе, оның алдын алу шараларын да көрсетті. Бірақ, оны елемей, ескермей жүргендер арамызда бар. Қарапайым медициналық масканы қоғамдық орындарда, көшелерде қолданбай індеттің таралуына жол беруде. Оның салдарынан елімізде ауырғандар саны артып, қабырғамызды қайыстырар жағдайлар орын алды. Өкініштісі осы. Мұны ескерген мемлекет шілде айының басында қайтадан карантин режимин жариялап, тұрғындарды тәртіпке бағынуға шақырды. Карантин де өзінің оң нәтижесін бергенін теледидардан, газет-жорналдардан көріп, оқып, танысудамыз. Індетті жұқтырғандар саны азайып, емделіп шыққандар саны артқан. Алдағы уақытта осы бетімізден танбай, бірлігіміз бен ынтымағымызды танытып, тәртіпке бой ұсынып, індетті жеңіп шығуға атсалысайық.
«Бірлігі бекем елді жау алмайды» деп, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бірлік пен достықтың, ауызбіршіліктің мағынасын тереңінен ұғынған халықпыз. Осы бірлігіміздің арқасында ата-бабамыз бір атаның баласындай бір-бірімен тату болды. Қаншама қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерді. Қазақ халқы төрінен орын беріп, нанын бөлісіп жеп, татулықты ту етті. «Басыңа түссе баспақшыл» демекші, бастарынан небір сын сағаттар өтсе де сағы сынбай, рухы түспеді. Міне, осындай қайрат-жігері, рухы күшті халықтың ұрпағы ретінде ата-бабадан қалған ауызбіршілікті, рухшылдықты биік ұстауымыз керек. Сонда ғана біз әлемді шарпыған індетті жеңе аламыз.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді дана халық. Бұл сөздің түп-төркініне үңілер болсақ, денсаулығыңа мән беріп, пайдалы, құнарлы тағамдарды тұтынып, өз-өзіңе жауапты болу керектігін ұғынасың. Яғни, әркім өзінің денінің саулығына жауапты. Өз өмірі өзінің қолында. Сондықтан қазіргі таңда сақтық шараларын ұстанып, карантин талаптарын орындау әр жанұядан басталуы керек. Жақынына жанашырлық, қоғам алдындағы жуапкершілік осы жанұяда айтылуы тиіс. Менде отбасымда карантин талаптарын ұстанып, үйден шықпауға тырысамын. Мәдени, көпшілік шараларға бармай, жақындарымның қасында қаламын. Себебі, талап пен тәртіп баршамызға ортақ. Осы ретте, баршаңызды карантин талаптарын сақтап, сақтық шараларын ұстануға шақырамын. Жанұяларыңызда жандарыңызға жақын жандармен бірге уақыттарыңызды тиімді, әрі пайдалы өткізіп, үйде болыңыздар.

Зувайда АБДУАЛЫҚЫЗЫ,
«Бахор» өзбек этномәдени
бірлестігінің төрайымы

Таңдаулы материалдар

Close