Basty bet

Бақыттың кілті – әйелде, өмірдің мәні – еңбекте

Ана есімі қашанда ардақты. Олар жайлы «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді», «бақыттың кілті – әйелде» деп те бейнелеп айтып жатамыз. Қалай болғанда да әйелдер қауымының ұрпақ өрбітудегі, отбасының ұйытқысы, қоғамның қозғаушы күші ретіндегі орны тым ерекше. Бар байлықтың басы – Ана.

Көктем айындағы алғашқы һәм басты мереке 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай біз Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Қосмұрат ауылына іссапармен барған болатынбыз. Бұл – өзге ұлт өкілдерінің көп шоғырланған елдімекеннің бірі. Ауылда қазақтармен қатар әзірбайжан, орыс ұлттарының өкілдері тұрады.
Ал, бүгінгі мақаланың кейіпкері осы ауылдың тұрғыны – Жульшан Махмудова. Жульшан Жамильқызы өзінің ақкөңіл, жайдарлы мінезімен, қонақжайлылығымен, тазалығымен, жанашырлығымен ерекшеленеді.
Ол 1970 жылы Шақпақата ауылында дүниеге келген. Осындағы Қ.Сағындықов (бұрынғы Киров) атындағы орта мектептің түлегі. Кішкентайынан тігіншілікке жаны құмар Жульшан Тараздағы тігін училищесіне оқиды. Алғашқы еңбек жолын аудан орталығындағы тігін шеберханасында тігінші болып бастайды. 1993 жылы Қосмұрат ауылының азаматы Вагиф Махмудовқа тұрмысқа шыққан.
– Менің Қосмұрат ауылында тұрғаныма 28 жыл болыпты. Осында үш баланы дүниеге әкеліп, ел қатарлы еңбек етіп жатқан жайымыз бар. Менің келін болып түскен отбасым қарапайым шаруа кісілер. Атам Әлі Махмудов өмірден ерте озған, ал енем Сайня Махмудова көпбалалы ана. Ол дүниеге төрт бала, төрт қыз әкелген алтын құрсақты ана. Енем еңбекқор, ақкөңіл жан болатын.
Жолдасым үйдің бесінші перзенті. Мен келін болып түскеннен кейін тоғыз жылдан соң енем қайтыс болды. Жолдасым Вагиф Махмудов мал шаруашылығымен айналысады. Бұрындары аудан орталығына жолаушылар таситын, қазір денсаулығына байланысты ол жұмысын тоқтатты. Әкесіне қазір үлкен ұлым Әли көмектеседі. Қызым Жульжас Шымкент қаласында тұрмыста, кіші ұлым Низами студент, Шымкент қаласында жоғары оқу орнында оқиды. Өзім қолым бос кезде тігіншілікпен айналысам. Үйге керек заттарды, яғни, көрпе, жастық қаптарын сатып алмаймын, өзім керек матаны базардан әкеліп, қолмен тігемін. Елден тапсырыс қабылдамаймын, арасында көршілер өтініш жасап жатады, сол кісілерге тігіп беремін.
Ел бірлігі – татулықта. Көршілерімізбен тату-тәтті тұрамыз. Қазақтың салт-дәстүрін бәрін білеміз. Беташар, той, құдайы тамақ кезінде бәріміз бір атаның баласындай араласамыз. Қуанышымызды бөлісіп, мерекелерде бас қосып, бір-бірімізді құттықтауды да ұмытпаймыз. Әсіресе, Наурыз мерекесінде ұлттық тағамдарды пісіріп, ағайын-туыс, көрші-қолаңды шақырып, дәм татқызамыз. Әрине, қазіргі пандемияға байланысты баяғыдай ауылдастар бір-бірінің үйіне жиі бас сұға бермейді. Бірақ уақыт өте келе бұл індетден де құтыламыз. Ең бастысы, сәлеміміз түзу, ынтымағымыз берік, өйткені Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, Отанымыз. Қазақ даласы өзге ұлт өкілдерін жатсынбайды. Бауырына басып, бір нанды бөлісіп жеп, саялы мекендеріне паналатты,- дейді Жульшан Жамильқызы.
Қазіргі таңда Жульшан мен жолдасы Вагифтің қасында үлкен ұлы Әли мен келіні Шынар тұрады. Олардан Билал және Сайня есімді немере сүйіп отыр. Келіні Шынар Шымкент қаласындағы медициналық колледжді бітірген, бірақ қазір бала күтімімен үйде.
Ол өзі келін болып түскен әулет өсіп-өнген, елге үлгі-өнеге боларлық жандар екенін айтады. Әулеттің келіні олардың татулығы мен бірлігін алға тартып, осындай отбасына келін болып түскенін мақтан тұтатынын қуанышпен жеткізді.
Беттегі суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Баян ОРАЗБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close