Basty bet
Ауданның даму көрсеткіштері тұрақты
Кеше аудандық мәслихаттың кезекті алпыс тоғызыншы сессиясы болып өтті. Кезекті сессияға мәслихат депутаттарымен қатар, жергілікті атқарушы органның өкілдері де қатысты.
Алтыншы шақырылған Жуалы аудандық мәслихатының кезекті алпыс тоғызыншы сессиясының қарауына аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есебі, одан бөлек, Б.Момышұлы ауылы, Көкбастау, Қошқарата және Нұрлыкент ауылдық округтері әкімдерінің өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есебі ұсынылды. Кезекті сессияға №12 Ақтөбе сайлау округінен сайланған депутат Зайырбек Сұлтанмұратов төрағалық етті. Алдымен жұмыс регламенті, редакциялық комиссия сайланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау, сонымен қатар, ауданның 2020 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы аудан әкімі Нарбай Ергебеков баяндады.
-Құрметті депутаттар!
2020 жылдың бірінші жартыжылдығында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары келесідей қалыптасты. Алдымен экономикалық көрсеткіштер туралы айтар болсам, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, салықтық түсім, жалақы, бюджет кірісі артты. Жалпы өңірлік өнімінің көлемі есепті мерзімге 19 151,2 миллион теңгені құрап, (2019 жылдың алты айында 15 717,8 млн. теңге) былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 21,8 пайызға артты. Өнеркәсіп үлесі 25,7%, ауыл шаруашылығы жалпы шығарылымы 42,5%, құрылыс жұмыстарының көлемі 9,8%, сауда айналымы 22,0%-ды құрады.
Ауданымызда бірқатар өндіріс ошақтары жұмыс жасап, нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерін шығарып отырған кәсіпорындар 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында 4 925,7 млн. теңгенің өнімдерін өндіріп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады.
Аудан бойынша 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында 1 431,2 млн. теңгенің бөлшек саудасы жасалып, 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 95,4 пайыздықұрады.
Себебі, «Атамекен» сауда өндірістік компаниясы ЖШС-ның және «Жәнібек» АШӨК-нің сауда бағыты бөлшек саудадан көтерме саудаға ауысуына, сонымен қатар қалыптасқан карантиндік жағдайларға сәйкес есеп беруші «Жуалы-Самғау» ЖШС-ның және «Жуалы» АТК-ның сауда айналымы төмендеуіне байланысты орын алған.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3 649,3 млн. теңгені құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 126,9% орындалды. Облыста аудандар арасында екінші орындамыз.
2020 жылдың бірінші шілдесіне аудан көлемінде статистикалық деректерге сәйкес 4 818 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның ішінде екі орта, 181 шағын кәсіпорын, 2 195 жеке кәсіпкер және 2 440 шаруа қожалық. Осы шаруашылық субъектілерінде барлығы 9409 адам жұмыс атқаратын болса, соның ішінде 109 адам орта кәсіпорындарда, 700 адам шағын кәсіпорындарда, жеке кәсіпкерлікте 2159 адам, шаруа қожалықтарында 6441 адам жұмыс жасайды. Жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің 4 550-і, немесе 94,4 пайызы жұмыс атқаруда.
Ауданда бүгінгі күнге төрт шағын микрокредиттік ұйымдар кәсіпкерлік субъектілеріне несие тарату қызметімен айналысады, 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында осы ұйымдар барлығы 2 293 адамға 1 млрд 405 млн 898 мың теңге несие берді. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында пайыздық мөлшері субсидияланатын несие алу, кепілдік беру және инфрақұрылымды дамыту мақсатында да жұмыстар жүргізілуде,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Сонымен қатар, баяндамашы әрі қарай ауданның басқа да салаларының жұмысына кеңінен тоқталып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қалыпты екенін тілге тиек етті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Б.Момышұлы ауылы, Көкбастау, Қошқарата және Нұрлыкент ауылдық округтері әкімдерінің өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есебі тұрақты комиссияның отырысында тыңдалуына байланысты аталған ауылдық округтің әкімдері қайта есеп берген жоқ.
Сессия барысында қаралған мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ
«Jańa ómir»