Basty bet

Бетпердені қымбат сатқан

дәріхана сатушысы жауапқа тартылды

Әлемді жайлаған аты жаман індет ешкімге де оңай болып тұрған жоқ. Осы тұста дәрі-дәрмек пен бетперденің бағасын жасанды түрде өсіріп, одан оңай олжаны қарпып қалғысы келген пысықайлардың әрекеті тыйылмай отыр.
Аудандық полиция бөліміне Е.М. деген азамат хабарласып, Бауыржан Момышұлы ауылындағы орталық базар маңында орналасқан «Қасым-Фарм» дәріханасынан біржолғы екі медициналық бетперденің әр данасын 185 теңгеден сатып алғанын хабарлап, дәріхананың берген кассалық чегін көрсеткен.
Мониторинг тобының мүшелері тез арада аталған дәріханаға келіп, орын алған фактіні анықтауға кірісті. Сол тұста мониторинг тобына ауданға жұмыс сапарымен келген «Jambyl – adaldyq alańy» кеңсесінің басшысы Нәзима Дәрменқызы да қосылды. АПБ учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұржан Жұмалиев дәріхана сатушысы Жанна Бердешовадан бетперде сатып алған азаматтың шағымына қатысты түсініктеме беруін талап етті. Сатушы бетпердені дәріхана иелерінің арнайы бекіткен бағасымен босатқанын айтып ақталды.
«Jambyl – adaldyq alańy» кеңсесінің басшысы Нәзима Дәрменқызы дәріханада біржолғы бетперденің бекітілген шекті бағадан екі есе қымбат саудаланып отырғанын, чекте көрсетілген 16 қабаттық, көп мәрте қолданылатын бетперде емес, жай бетпердені сатқанын алға тартты. Ол мұндай оқиғаның Жуалы ауданында алғаш рет орын алып отырғанын айта келе, кез келген азаматтың Интернеттегі «Дәрі.кз» сайтынан Үкімет бекіткен дәрі-дәрмектер мен медициналық препараттардың шекті бағаларын біле алатынын жеткізді.
Мониторинг тобының жұмысы нәтижесінде «Қасым-Фарм» дәріханасының сатушысы Жанна Бердешова ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
* * *
«Jambyl – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің мүшелері бұл күні аурухана аумағында орналасқан «Қадіров» ЖК және орталық базар маңындағы «24 сағат» дәріханаларына да зерделеу жұмыстарын жүргізді. Аталған дәріханаларда да дәрі-дәрмектер мен бетперделердің белгіленген шекті бағадан асыра сатылып жатқаны анықталып, кәсіпкерлерге ескерту жасалды.

«Jańa ómir»-ақпарат

Таңдаулы материалдар

Close