Basty bet

Ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарауға болмайды

«Бақытыңды басқадан емес, балаңнан ізде» деген екен жазушы Мұхтар Әуезов. Бала – бауыр етің, көзіңнің ағы мен қарасы, өміріңнің жалғасы. Сондықтан халқымыз ежелден-ақ жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне бей-жай қарамай, ұрпағына жастайынан жақсы өнеге көрсетіп, еңбекке баулып отырған. Бұған біздің тарихымызда келтіретін мысалдар жетіп, артылады.
«Елу жылда – ел жаңа» демекші, ақпараттар тасқыны жүріп жатқан дәл мынадай алмағайып, аумалы-төкпелі заманда жас ұрпақтың тәрбиесіне баса көңіл бөлуді өмірдің өзі бізден талап етіп отыр. Бұған әлбетте мемлекеттің де басымдық беретіні белгілі.
Бала тәрбиесі, жас ұрпақтың жарқын болашағы туралы жақында осы тақырыпта облыстық «Ақ жол» және аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газеттерінде бірдей жарияланған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Барлық бала бақытты болуы үшін жаралған» атты өңір тұрғындарына арнаған үндеуімен оқып таныстым. Басылымда жарық көрген үндеу облыс тұрғындарына үлкен ой салды деген үміттемін.
Өңір басшысы Бердібек Машбекұлы тұрғындарға арнаған үндеуінде балаларға бар жақсылықты аямау әрбір отбасы мен мемлекеттің де басты парызы екенін айта келіп, соңғы жылдары елімізде көпбалалы отбасылардың қатары артып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізіп, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін мемлекет те қажетті жағдайдың бәрін жасай беретінін айтты.
Бір айта кетерлігі, өмір сүру барысында балалардың өміріне төнетін қауіп те жоқ емес. Әсіресе, қалалық жерлерде тұратын отбасылар үшін бала тәрбиелеуде бірқатар қиындықтар бар екенін білеміз. Оның үстіне, биылғы жылы қауіпті індеттің ел аумағына таралуына байланысты жазғы демалыс кезінде балаларға лагерьлерде демалуға рұқсат жоқ. Баланың аты – бала. Олар сыртқа шығып ойнағысы келеді. Кейбір балалар өзен жағалап балық ұстап, шомылуды дұрыс көреді. Міне, бала өміріне қауіп осындай сыртқы факторлардан туындауда.
Жас балалардың өміріне қатысты осы және өзге де жағдайларға алаңдаушылық білдірген облыс әкімі Б.Сапарбаевтың өңір тұрғындарына арнаған үндеуі дер кезінде жарияланды деп есептеймін. Алда жаңа оқу жылына дейін әлі бір айдай уақыт бар. Балалар осы аралықта тынығып, демалулары қажет. Алайда ең бірінші кезекте қауіпсіздік шараларын ұмытпағанымыз абзал болмақ.
Балаға тәрбиенің жақсысын ең алдымен ата-ана береді. Содан соң өскен ортасы, достары, қоғам беталысының да баланың өміріне елеулі әсері бар. Облыс басшысының үндеуінде бала тәрбиесінде ең алдымен ата-аналардың жауапкершілігін арттыру жөнінде де мәселе орынды көтеріліп отыр. Қалай болғанда да баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне ең алдымен ата-ана жауапты емес пе?! Отбасы құндылықтарын да қоғам болып арттыруымыз қажет. Ол үшін аға буын зиялы қауым өкілдерінің, өмірден көрген-түйгені мол ардагер азаматтардың, ұлағатты ұрпақ өсіріп отырған ата-аналардың ақыл-кеңестері ауадай қажет деп есептеймін. Жас ұрпақтың тәрбиесіне әсте салғырт қарауға болмайды.
Әлбетте, балалар мен жалпы жас ұрпақтың тәрбиесі туралы көп айтуға болады. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың облыс тұрғындарына арнаған үндеуінде айтылғандай, барлық бала бақытты болуы үшін жаралған. Саналы да сауатты, алғыр да өжет ұрпақ тәрбиелейміз десек, осы бағыттағы атқарылатын тәрбиелік жүйелі жұмыстарды бүгіннен бастап қолға алғанымыз дұрыс. Уақыт ешкімді күтіп тұрмайды. Әсіресе, бала тәрбиесінде кешігуге жол бермеуіміз керек. Себебі, болашақ бізді кешірмеуі мүмкін.
Кемелбек ДӘУРЕНОВ,
Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
Жамбыл облысының Құрметті ардагері

Таңдаулы материалдар

Close