Basty bet

шалғай ауылда тірлік жанданып келеді

Кеше аудан әкімі Нарбай Ергебеков жұмыс алгоритмі аясында жұмыс сапарымен Қошқарата ауылдық округіне барды. Өңір басшысының сапары Ақтасты ауылында жүргізіліп жатқан мектеп құрылысының жұмыстарымен танысудан басталды.

Ақтасты ауылында бүгінде 32 түтін бар. Ауылға газ құбыры тартылып, ауызсу жүйесі жүргізілуде. Ауыл көшесі жарықтандырылып, жолға ағымдағы жөндеу жүргізілген.

№31 Ақтасты бастауыш мектебі 1940 жылы пайдалануға берілген. 30 орынға арналған бір қабатты ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Мектеп директоры Салтанат Сәулембаеваның айтуынша, білім ошағында алты педагог және бес кіші қызметкерлер жұмыс істейді, 27 оқушы білім алады. Мұнда төрт бастауыш сынып және бір мектепалды даярлық тобы, кітапхана және төрт компьютер бар. Мультимедиалық кабинет және оқу шеберханалары мүлдем жоқ.
Сапар барысында аудан басшысы Н.Ергебеков ауылдың қадірменді қариясы Нысанбек Керейбекпен тілдесті. Ауылдың тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын, өзекті мәселелерін сұрасты.
Ардагер Н.Керейбек ауылдағы өзекті мәселелердің бірі ағын судың жоқтығын алға тартты. Ауылға мерзімді басылымдардың уақтылы жеткізілмейтіндігін де айтты. Сонымен қатар, мұндағы жаңадан бой көтеріп жатқан мектептің құрылысына қуанышты екенін айтып, ризашылығын білдірді. «Бұл бүкіл ауыл тұрғындарының қуанышы» деді Н.Керейбек.
Ауылдағы жаңа мектептің іргетасы қаланып, жұмыстың басталғанына шамамен бір айдың жүзі болыпты. Мектепті салуды жеке кәсіпкер Нұрсұлтан Түйменбаев қолға алған. Құрылыс басында сегіз жергілікті азамат және төрт сырттан келген азаматтар жұмыс істеуде. Сырттан келген жұмысшылар үймен қамтамасыз етілген. Құрылыс жұмысына ауыл азаматтарының техникалары да тартылуда. Жеке кәсіпкер мектептің құрылысын жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға беруді көздеуде.
Іссапарда аудан әкімі Н.Ергебеков құрылыс басындағы жұмысшылармен тілдесіп, олардың жұмыстарына табыс тіледі. Мектептің жобасымен танысып, жұмыстың сапалы аяқталуын қадағалауды, сондай-ақ, ауылдық округ әкімі Жәнібек Мырзалиевке ағын судың мәселесін шешуді тапсырды.
Одан кейін іссапар округке қарасты Қошқарата ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда жалғасты.
Қошқарата ауылдық дәрігерлік амбулаториясы 2018 жылы пайдалануға берілген. Орталық Б.Үсенов көшесінде орналасқан. Аға дәрігері – Сұлтанмұрат Шерметов. Денсаулық сақтау мекемесінде алты орта буындағы медицина қызметкерлері тұрғындарға қызмет көрсетуде. Мекемеде тұрғындардың денсаулығын түзету үшін барлық жағдайы жасалған. Тек су кіргізілмеген. Алдағы уақытта ауылға ауызсу кіргізілсе, бұл мәселе шешімін табады деп күтілуде.
Дәрігерлік амбулаторияның қызметкерлері науқастарға уақтылы қызмет көрсетіп жатқанын, дәрілер жеткілікті екенін, барлық санитарлық талаптар сақталып отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ, ауылдың шаруа қожалық жетікшілері вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер әкеліп бергенін, оларды ауырған азаматтарға тегін үлестіріп жатқанын, жомарт жандарға айтар алғысы зор екенін баса айтты. Сонымен қатар, ауылдық округтің қайырымды азаматтары аудандық орталық ауруханаға медициналық матрастарын тарту еткенін тілге тиек етті.
– «Денсаулық – зор байлық» демекші, халқымыздың амандығы мен денінің саулығы – басты байлығымыз. Сол себепті, емдеу орындары науқастарға ерекше мән беруі керек. Кез келген уақытта медициналық көмек көрсетіп, ем-домын жасауы тиіс. Дұрыс кеңес беріп, әр науқастың сауығып кетуіне жәрдемдескені абзал. Бұл өз мамандығына, қызметіне деген адалдықты білдіреді.
Бүгінде ауданда шұғыл түсіндіру жұмысын жүргізетін тоғыз мобильдік топ құрылған. Олар әр науқасқа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тиісті кеңестерін беруде. Аудан бойынша қатерлі індетті 120 адам жұқтырып отыр. Ішінде сауығып шығып жатқандар да бар.
Мейірімділік, қайырымдылық деген қасиет дәл қазіргі уақытта керекті адами қасиеттер. Ел қиналып жатқанда, әсіресе мұқтаж адамдарға қайырымдылық жасау – сауапты істің бірі. Адамгершіліктің белгісі. Індет таралған уақыттан бері демеушілер бәрі бір болып аудандық орталық ауруханаға, жалпы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға қайырымдылық жасауда. Әсіресе, төтенше жағдай режимі кезінде азық-түліктей көмек көрсетіп, тегін медициналық бетперделер тігіліп, таратылды. Бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып жатыр. Сондықтан ауылда белді азаматтар болса, асарлатып үй салуға атсалысуын қолға алу керек.
Тағы бір айта кетерлігі, бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі тұрғындардың жұмыспен қамтылуы. Ауданда бірнеше құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс нысандарына жергілікті жерлерден тұрғындарды тартып, азаматтарды жұмыспен қамтуымыз керек, – деген Нарбай Әбілқасымұлы округтегі әлеуметтік нысандарға су кіргізілуін қадағалауды ауыл әкіміне жүктеді.
Денсаулық сақтау нысанының жұмысымен танысқан соң аудан әкімі округ орталығы – Қошқарата ауылында жүргізіліп жатқан ауызсу құбырының құрылысына атбасын тіреді. Ауызсу құбырын тарту жұмыстары сәуір айында басталған. 195 ауланы, 25 шаруаны қамтып, таза ауызсуды 1 100 тұрғын тұтынады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарын «АгроСпецмонтаж» ЖШС жүргізуде. Жобаның құны – 390 млн. теңге. Құрылыс жұмыстарына жергілікті жерден 18 адам тартылған. Мұндағы құрылыс жұмыстары 70-80 пайызға дейін аяқталып, бір жарым айдың ішінде аяқтау болжамдалып отыр.
Ауызсу құрылысының барысымен мердігер компанияның жауапты маманы бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп өтті.
Құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан әкімі Нарбай Ергебеков «Су – тіршіліктің көзі. Бұл тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатыр. Халықтың көптен күткен қуанышы. Сондықтан құрылыс жұмыстары уақтылы әрі сапалы аяқталуы керек. Барлық жұмыстар заң талаптарына сай істелуі керек. Ауа райын ескеру қажет» деген тапсырмаларын нақты қадап тұрып айтып өтті.
Жұмыс алгоритмі ауыл сыртында орналасқан «Қошқарата» су тоғанында қорытындыланып, ондағы мәселенің мән-жайы зерделенді.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close