Basty bet
Екі оттегі концентраторы жеткізілді
Халқымызда бабалардан келе жатқан «Ел басына күн туса, ер етігімен су кешер» деген даналық сөз бар. Осы бір мақал дәл осындай дүниені кезген індеттің салдары біздің елімізді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатқан шақта айтылса керек. Салмағы ауыр сөз. Ерлерімізді етігімен су кештіруге жазбасын деп тілеген халықпыз. Осындай күрделі кезеңде адамдар бір-бірлеріне жан жылуын сыйлап, көмек қолын созуда. Қайырымдылық жасау қазақ халқының адами жоғарғы қасиеттерінің бірі екенін дәл бүгінгі күні дәлелденіп отыр. Осы ретте, қайырымдылық шаралары ауданымызда да қарқынды жүргізілуде. Мұндай шараларға жергілікті кәсіпкер азаматтар, ерікті жастар, басқа санаттағы адамдар белсене қатысып келе жатқанын баса айтуға тиіспіз. Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде емделіп жатқан науқастарға оттегі тасымалдайтын баллондар, тағы да басқа қажетті заттарды алуға ауданның бірқатар кәсіпкерлері көмектесіп отыр.
Жақында аудандық ауруханаға қорғаныс құралдарының алғашқы легі жеткізілгендігі баршамыға белгілі. Оны Жуалы ауданында туып-өскен, қазіргі таңда басқа өңірлерде тұратын, сонда кәсіп ашып, жемісті жұмыс жасап жатқан жерлес кәсіпкерлер ұйымдастырып жеткізген. Жақында 109,0 млн теңге көлеміндегі демеушіліктің алғашқы легі ауруханаға жеткен болатын. Ауруханадағы медициналық қызметкерлер жұмыс барысында күнделікті пайдаланатын қорғаныс құралдары: 5000 дана «КН-95» маркалы респиратор, 5000 дана бір рет және көп рет қолданылатын арнайы қорғаныс костюмдері, бір рет қолданылатын медициналық қолғаптар бар.
Әр адамның өмірі қымбат. Індетпен күресте ең қажетті оттегі баллондарын еріктілер Михаил Платов, Руслан Түймебаев орталық ауруханаға тарту етті. Сондай-ақ, аудандағы денсаулық сақтау мекемесіне Қошқарата ауылдық округіндегі шаруа қожалық төрағалары 25 дана матрас жиынтығын алып берді. Аудандағы ірі шаруа қожалықтың бірі Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Гамбург» шаруа қожалығының төрағасы Егор Кох аудандық орталық ауруханаға тұрақты түрде өз есебінен 9 медициналық штативтерді, 10 оттегі баллондарын жеткізіп беруде.
Кәсіпкерлер күш біріктіріп, пандемиямен күресуге өз үлестерін қосуда. «Менің Атамекенім» қорының «ВирусДобра» республикалық акциясы аясында Жамбыл облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аз қамтылған отбасыларға арналған дәрі-дәрмектер пакеттерін аудандық орталық ауруханасына жеткізгені де баршамызға белгілі.
Оттегі терапиясы кезінде қолданылатын оттегі концентраторлары коронавирус инфекциясымен және пневмониямен ауырып жатқан науқастарға уақтылы көмек көрсетуде маңызды рөл атқарады. Осы ретте, «Dauletten» қайырымдылық қорынан өткен аптада ауданымызға екі оттегі концентраторлары жеткізілді. Бұл жақсылықтың да басы-қасында болып, куәсі болып қайттық. Ауданның ақ халаттылар да қиын-қыстау кезеңдерде қолдау білдіріп, көмек көрсетіп жатқан жандарға дән риза.
-Осы уақытқа дейін жан-жақтан індетпен күресу үшін көмектер келуде. Барлығы да халқымыздың амандығы мен денінің саулығы үшін жасалып жатыр. Ал, бүгін Жамбыл облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан «Dauletten» қайырымдылық қорынан бізге берілген екі оттегі концентраторларын алып келдім. Осындай қиын-қыстау кезінде қолдау көрсетіп жатқан жомарт жандарға айтар алғысымыз шексіз, – дейді аудандық орталық аурухананың фармацевті Аббас Мамедов.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»