Basty bet

Алаштың арда ақыны

Арыны басылмаған асау ажал арамыздан талай-талай асылдарымызды алыстатып әкетті…
Иә, осыдан 29 жыл бұрын Жуалының арда туған асыл перзенті, талантты ақын, ғажайып дарын иесі, дәлірек айтқанда, жұлдызы биік Жуалы ауданына қарасты қасиетті Қошқарата ауылының түлегі Бауыржан Мұқанұлы Үсеновті де арсыз ажал арамыздан тым ерте алып кеткен еді. Арда туған ақын егер аман болғанда тамылжыған тамыз айының дәл орта тұсында 60 жасқа толар еді.

Биыл қайраткер ақынның туғанына 60 жыл толып отыр. Бауыржан Үсенов 1960 жылы 16 тамызда ауданға қарасты Қошқарата ауылында туған. Бауыржан көпбалалы отбасында туып-өсіп, осындағы Абай атындағы орта мектепте оқыған. Онымен бір ұяда өскен бауырларының айтуынша, бала Бауыржан жастайынан сөз өнеріне жақын болып, бала кезінен-ақ өлең жаза бастаған. Мұны құрбы-құрдастары да жыр ғып айтады.
Бауыржан Үсеновтың алғашқы балауса өлеңдерін 1976 жылы аудандық «Жаңа өмір» газеті жариялап, таланттың тұсауын кеседі. Бұл туралы газеттің редакторы болған ақын-компазитор, Қазақстанның мәдениет қайраткері Мырзахан Ахмет Б.Үсеновтың «Маңдайыма жазылған мәңгілігім» атты жыр жинағына жазған алғысөзінде бала ақынмен, оның отбасымен қалай танысқанын толғана еске алады: «Бауыржан атын атасам мұнан ширек ғасыр бұрынғы мына сурет көз алдымда көлбеңдеп, көкейімде қимастық сезімнің сыбызғысы сыңсиды» деп бастап, сол кездесуді әрі қарай әсерлі суреттейді. Сонымен не керек, Бауыржанның алғашқы өлеңдері аудандық газетте басылып, оның өлең-жырға, құдіретті өнерге деген алғашқы қадамы осылай басталған…
Тарих үшін аз ба, көп пе, ол жағын анық білмейміз. Бірақ қазақтың жазба әдебиетінде соны соқпақ салып, артында екі томға жуық поэзиялық және прозалық дүниелер қалдырған ақын, композитор Бауыржан Үсеновсыз 30 жыл өтіпті. Мұндайда халқымыздың: «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» деген сөзіне құлақ аспасқа тағы да амалымыз жоқ. Аңсау мен сағынышқа толы Бауыржансыз өткен осынау 30 жылдың бедерінде ғажайып дарын иесінің азаматтық һәм қайраткерлік қырлары туралы талай азамат естеліктер жазды. Осының бәрін жинаса бір кітап құрастыруға болар ма еді, кім білсін? Мұны біз ақын туралы жазылған естеліктердің көп жазылғанынан айтып отырмыз. Ақынның қаламынан туған өлең-жырларының, әндерінің басы біріктіріліп, бірді-екілі кітап шығарылды. 1992 жылы алғаш рет ақынның «Табиғат терезесі», одан кейін «Маңдайыма жазылған мәңгілігім», «Менің бұлтым» деп аталатын жыр жинақтары жарық көрді. Бұл да болса дәтке қуат, көңілге медеу.
Белгілі қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаев дүниеден өткенде ақын Жарасқан Әбдіраштың: «Арнау өлең жазамын деп жүргенде, Жоқтау өлең жаздырғаның неткенің?» деп қазанама жыр жазғаны бар еді. Бауыржан да кенеттен мезгілсіз қайтыс болғанда адам жүрегін сыздататын мұндай азалы жоқтау жырлар көптеп жазылды. Бірқатар қатарлас қаламдастары республикалық және әдеби басылымдарда мақалалар жазды. Соның бірі Бауыржан Үсеновтың курстасы, белгілі журналист Бауыржан Омаров еді. «Жас Алаш» республикалық ұлттық тәуелсіз қоғамдық-саяси газетінің 1992 жылдың 30-шы шілдедегі санында журналист Бауыржан Омаровтың «Білгің келсе мен жайлы, жырымды оқы…» деп аталатын ақын Бауыржан Үсеновтың рухымен сырласқан көлемді мақаласы жарық көрген болатын. Иә, содан дәл бір жыл бұрын небәрі 31 жасында Бауыржан Үсенов бақиға аттанып кетіп еді… Осы орайда назарларыңызға Б.Омаровтың мақаласынан үзінді ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
«Бауыржансыз бір жыл өтті…
Сексенінші жылдардың басында Алматыға әдебиет ауылына дүбірлетіп ат қосқан талантты топ келді. Ол кезде қазіргідей адамдары айлакер, студенті саудагер, құбақандай құбылған уақыт емес еді. Өлмейтін өлең де, тыңдайтын құлақ та бар еді. Жатақханалардың ішінде жыр кеші қайнап жататын. Әрі табиғи, әрі тарпаң, тұлпар тектес жырлары қалашық жастарының жүрегін жаулаған Светқали Нұржанов «Құдай сені жоқ деп жүр ғой адамдар…» деп күрсінетін. Жер қозғалса қозғалмайтын Қайрат Әлімбеков өзегін жарып шыққан өлең сөзге көңілі жібіп: «Аспаным бұлтты, білмеймін, жауын бар ма? Өстуші еді жанымда жыр дауылдарда» деп күйзелетін. Бауыржан Жақыпов тау суындай арынды, екпінді даусымен жұрт көңілін қайта серпілтетін. ҚазПИ-ден қаздай тізіліп келетін Нұрлан Әбдібеков, Қазыбек Исаев, Қадірбек Құныпияевтар да журфактың жатақханасын басына көтере жыр толғайтын. Политехникалық институттан келетін Жәния Ералиева «Көктемнен кейін көп нүкте…» деп аяқталатын өлеңін оқығанда студенттер «осындай бойжеткенді мұнайшылыққа қалай қиясың» десетін.
Сол топ өте тату еді. (Қазір де солай). Сол шоғырдан жұрт көп үміт күтетін. (Сол үміт ақталған сыңайлы. Бәрі дерлік жырқұмар қауымға кең танымал. Жоғарыда аталғандардан басқа Гүлбаһрам Жебесінова, Гүлнәр Салықбаева, Нұрлан Мәукенұлы, Мұратбек Оспанов, Темірғали Көпбаев, Айсұлу Рүстемова, Амантай Шәріпов, Әбубәкір Смайылов, т.б.).
Сол топтың ортасында жасындай жарқылдап Бауыржан Үсенов жүретін…
Бауыржан алдыңғы толқын ағалардың ішінен алғаш Қадыр Мырзалиевтың назарына ілікті. Балауса талантқа алдымен ақ жол тілегендердің бірі сол кісі.
1981 жылы университеттің журналистика факультетінің 1 курсына оқуға түстік. Жоғарғы курсқа көшкендердің әр сөзін әулиенің әңгімесіндей көретін кезіміз. «Бізге әдебиет теориясынан Зекеңнің, Зейнолла Қабдоловтың өзі сабақ берді. Сендердің бақтарыңа кім тап болар екен?»,- дейді олар жаны ашығансып. Барлық сабақты жүргізетін ұстаздарымыз төрт құбыласы сай болып тұрғандай біз де «шынымен кім келе қояды екен?» деп кәдімгідей қиналып қоямыз. Сөйтіп жүргенде, бір күні әдебиет теориясы пәнінің алғашқы сабағын өткізуге бала кезімізден пір тұтатын Қадыр Мырзалиевтың өзі кіріп келе жатыр. Қуанышымызда шек болсашы. «Темекіні тартады, шылымды шегеді» деп әр сөзін шегелеп түсіндіретін Қадыр ағамыз бес-алты айдың ішінде көп нәрсеге көзімізді ашты. Ең бастысы, ортамыздағы үш-төрт ақынның шеберлігін ұштады. Әсіресе, соның ішінде жанына жақын тартқаны Бауыржан. «Аға, өзі өлең жазбайтын, жыр жазатындарды өлтіре сынайтындарға қалай қарайсыз?»,- дейтін шәкірт. «Ол енді обал»,- дейтін ұстаз.
Әдебиет теориясы аяқталуға жақын қалғанда университеттің акт залында үлкен кеш өтті. Қадыр ақын қалашық жастарының жырларын талқылады. Ақиық ақын сонда темірқанат балапандардың ортасында қыран құстың кейпіне еніп еді. Біріне күйінді, біріне сүйінді, біріне көңілжықпастық танытты. Сол кеште тәуір бағаланғандары «Аудитория» деп аталған студент ақындардың жинағына енді. Сол кеш басқа да талантты құрбылары сияқты Бауыржан Үсеновтың де бағын ашқын кеш болды. Өлеңдерін көпшілік алдында оқи бермейтін ол енді құлашын кең жазып, еркін көсілді. Мерзімдік баспасөзде жырлары жиі жариялана бастады. Әдебиетке азды-көпті еңбегі сіңген алдыңғы буын кейінгі жақтан естілген шабысы бөлек асау тайдың тұяқ дүбіріне елең етті…
Бауыржанның әндері өз алдына бір әлем. Алғаш тыңдағанымыз «Найзағай келіншек» еді. Осындай сыршыл дүниенің әні де, сөзі де бірінші курста өзімізбен бірге оқитын мұртты жігіттің жүрегінен шыққан дегенге таңқалғанымыз да есте. Бауыржанды жалпақ жұртқа, өнерсүйер қауымға жасындай ойнаған жырлары ғана емес, қалашықтың аспанында қалықтаған қоңыр дауысы да танытты. Жүректі тербейтін әуендер бірінен соң бірі дүниеге келді. Бауыржанның «Көктем қызы», «Ақ шағала», «Тымырсық» әндерін қалашық жастары сүйіп айтатын. Нотаға түсіріліп, жұртшылық арасында кең шырқалатындай да жөні бар еді. Бағзы бір ән жазғыштардың санатынан болса, алғашқы әні шығысымен-ақ атағы елге мәлім композитор ағаларының біріне «Тәуір дүние екен, ән боп кететін түрі бар, түбінде осыдан бердеңе шығады» деген сықылды бұрыштама соқтырып алып, баспасөз бетіне жариялап жіберер еді. Бірақ Бауыржан өйтпеді. Әндерін жариялауға да асықпады. Ән кеші түгілі жеке жыр кешін де өткізіп көрмепті. Біреу өлеңдері үшін, біреу өлермендігі үшін алып жатқан бәйгелерге де жырларын ұсынбапты. «Жалынның» жабық бәйгесі де өзі көз жұмғаннан кейін зайыбы Гауһар ұсынған поэмасы үшін берілді»,- делінген Б.Омаровтың естелік мақаласында.
Аталған мақалада одан әрі қарай Бауыржан Үсеновтың айтыскерлік қасиеттері, табан астында тауып айтатын сөз тапқырлығына, әрине, ең бастысы, оның өз ұлты мен Отанын өлердей сүйген асқақ қайраткерлік қырларына жоғары баға берілген. Олай болуы заңды да. Өйткені Бауыржан Үсенов осы айтылғандырдың бәріне лайықты асыл азамат болатын. Амал нешік. Жарқырап келе жатқан шағында Желтоқсан оқиғасында бүйрегінен алған ауыр соққының зардабынан өмірден мезгілсіз өтіп кетті.
Қашанда асқақ армандар мен кіршіксіз тұнық сезімдердің барлығы туған ауылдан басталатыны сияқты Бауыржан ақынның бойына да туған жердің қасиетті топырағынан кие дарып, оны үлкен өмірге, әдебиет әлеміне қанат қақтырғаны анық. Арда ақын жазба поэзиямен қатар айтыс өнерінде де жасындай жарқылдады. Ақынмен бірге жүрген замандастарының айтуынша, ол талай мәрте айтыстан ауданның, облыстың намысын қорғаған екен. Оның артында бір томнан сәл ғана асатын өлеңдер мен поэмалар, прозалық шығармалар қалса да қазақ әдебиетінде соны соқпағын қалыптастырып кетті. Қолына қалам ұстаған қазіргі жас буын ақындардың Бауыржан Үсеновтың есімін қадір тұтпайтындары кемде-кем. Ақын есімін есте қалдыру мақсатында Қошқарата ауылындағы орталық көше, сонымен қатар, аудан орталығында бір көше Бауыржан Үсеновтың есімімен аталады. Жұлдызы биік Жуалының даңқын асқақтатуға, халқымыздың жыр әлемін байытуға сүбелі үлес қосқан Бауыржан Үсенов жерлестерінің һәм қаламдастарының жадында «Алаштың арда ақыны» деген атпен қала беретіні анық.
Өмір көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өткен қысқа ғана ғұмырында әдеби ортаны мойындатып, баяғының сал-серілерінше өмір сүрген, Жазушылар Одағына мүше болмай-ақ көпшіліктің ықыласына бөленген арда ақынның 60 жылдық мерейтойы өзінің туған жері Жуалы ауданында, оның ішінде өзі туып-өскен қасиетті Қошқарата ауылында өз деңгейінде аталып өтіледі деп сенеміз.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close