Basty bet
Әрі тұйық, әрі көше ме?!
Қоғамдағы қызу талқылаудың тақырыбына арналған басты мәселенің бірі – тіл мәртебесі. Тіл – қасиетті тақырып, нәзік және күрделі. Қазақ тілі – ана тілі ретіндегі қатардағы ұлттық тілдің бірі емес, ұлт құраушы халықтың ана тілі. Сондықтан оның мәртебесі биік тұруы тиіс. Ата Заңымызда айшықталғандай, ол – мемлекеттік тіл.
Тілдің дамуы – ел дамуының құрамдас бөлігі. Олар өзара үйлесуге тиісті тұтасқан үдеріс.
Тілдің мерейі үстем болуы өзімізге байланысты. Оны құрметтеу, бағалау, дамыту әр отбасында, қазақы ортада қалыптасады. Тіл мәселесі өзекті тақырыптың бірі болғандықтан, аудандық «Jańa ómir» газетінде бұл ретте түрлі тақырыптарда жазылған мақалалар жиі жарық көріп жатады. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында. Оның дені жарнама тіліне, көрнекі ақпараттық құралдарындағы, көше атауларындағы емле қателіктеріне, тағысын тағыларға қатысты.
Қоғамдық орындарындағы бұрыс жазылған, сауатсыз жазылған сөздерді дұрыстау сіз бен біздің міндетіміз. Бір-біріміздің қатемізді өзіміз түземесек, бізді ешкім түземейді. Одан қоғамда сауатсыз адамдар қатары көбейеді. Сол үшін бүгінгі қозғайын деп отырған мәселенің бірі – көше атаулары мен бағыттағыштарындағы ана тіліміздің жай-күйі.
Бұл тақырыпты қозғауыма Б.Момышұлы ауылындағы «Мыңбұлақ түйығы көшесі» деген көше атауы жазылған тақтайша түрткі болды. Өзі тұйық, өзі көше. Ономастика заңына сүйенсек, көшелердің орналасу типіне қарай тұйықталған көшелерге «тұйық» деген атау беріледі. Ал, көше атауы жазылмайды. Мына көше атауы жазылған тақтайшаны қарасақ, екеуі де қатар жазылған әрі орфографиялық қате («тұйығы» деген сөз «түйығы» деп жазылған) кездеседі. Мұны неге үй маңдайшаларына ілмес бұрын жауапты адамдар аңғармаған? Әлде көрсе де, көз жұма қарап, тілімізге жанашырлық танытпағаны ма?
Осы сұрақтар бізді мазалаған соң, аудандағы көшелерді аралап, көше атаулары мен бағыттағыштарының дұрыс-жазылуы мен сапасын аралап көрдік. Жалпы ауданда барлық көшеге дерлік қазақша атаулар берілген. Көшенің атауы жазылған тақтайшаларда бірдейлендірілген. Қазақы нақышта оюландырып, көк түстес тақтайша үйлерге ілінген.
Алдымен аудан орталығы М.Бомышұлы ауылының көшелерінің атауларын, бағыттағыштарына назар аударған едік. Көше атауларының барлығы дерлік дұрыс. Алайда, тұйықталған көшелердің барлығында тұйық сөзімен қатар көше сөзі жазылған. Ауданда бес тұйық көше болса, соның ішінде біз көрген «Бірлік тұйығы» мен «Абай тұйығында» қосарланып көше сөзі қолданылған. Яғни, «Бірлік тұйығы көшесі», «Абай тұйығы көшесі» деп ономастикалық қателік орын алғанына көз жеткіздік. Ал, аудандық «Қазақтелеком» мекемесінің жанындағы «Ақтерек тұйығын» сырлап, көше сөзін өшіргенін байқадық. «Бұл да бір көзбояушылық па?» деген сауал мазалады.
Сонымен қатар, кейбір көше атаулары жазылған тақтайшалар майысып, жазуы өшіп кеткен. Ондай тақтайшаларды Б.Момышұлы ауылының Алатау көшесінен және Көлбастау ауылының Қ.Рысқұлбеков көшесінен кездестірдік. Кейбір үйлерде тақтайшалар ілінбегенін де аңғардық.
Көше бағыттағыштарының сапасыздығынан көп жерлерде оның тек құр «сүлдері» ғана тұр. Мәселен, Нұрлан Тұрысов көшесіндегі бағыттаушыны аудандық газетке бірнеше рет фотоайғақ ретінде түсіріп, жариялаған болатынбыз. Алайда «баяғы жартас – сол жартас» демекші, әлі сол қалпында тұр. Одан бөлек, Әйтеке би, Қазыбек би, Қасым Ералиев, Б.Момышұлы, Ақментей көшелеріндегі бағыттауыштардың да сиқы осыған ұқсас. Бәрінің сыры кетіп, жұлынып, тіпті бетіндегі темірі де түсіп қалған. Ал, Ш.Уәлиханов көшесіндегі бағыттауыш түсіп қалғандықтан, оны газ құбырына іліп қойған. Бұл да біздің ауданның бет-бейнесіне үлкен сын.
Көлік жүргізушілері мен тұрғындарға барар жолын, діттеген жерін адаспай, қиналмай табу үшін бұл бағыттағыштардың рөлі зор. Оны көпшіліктің арасынан «Бағыттауыштар жақсы еді, ауылға сән беріп әрі жол сілтеп тұратын» дейтіндер де табылды. Жалпы, аудандағы сапасыз жасалған, жұлым-жұлым болған бағыттағыштардың сиқы ауылдың сәнін бұзып тұрғаны жасырын емес.
Ал, Ақсай ауылдық округіндегі Қайрат ауылының «Абай көшесі» деп жазылған бағыттағышы көпке үлгі. Қатты темірден, жазуы анық көше бағыттаушы. Жалпы Қайрат ауылында 13 көше бағыттауышы бар екен. Барлығы 2018 жылы соңғы үлгіде жаңартылып, орнатылған. Көзге бірден түсетін, ауа райына төзімді мұндай сапалы дүниелерді жасағандары қуантарлық.
Жоғарыдағы «Мыңбұлақ тұйығы» сөзінің қате жазылуына байланысты аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетоваға хабарластық. Тіл маманының өз айтары бар.
-Әр мекемеде тіл маманы болуы керек. Тіл саясатын жүргізетін арнайы маман керек. Сонда мұндай өрескел қателіктер орын алмас еді. Қоғамдық орындардағы қателіктер мамандардың тіл заңдылықтарын сақтамағандығының, мән бермегендігінің салдарынан орын алып отыр.
2017 жылы республикалық ономастика комиссиясы көше атаулары жазылған тақтайшалардың жаңа үлгісін белгілеген. Сол бойынша барлық үйлерде бірдей көше атауы жазылған тақтайшалар ілінуі керек. Ол әр үйде болуы қажет.
Аудандағы 49 елді мекеннің барлық көше тақтайшаларына бірдей үлгісі берілген. Көшелердің көбісінде қазақша атаулар қойылған. Көше атаулары жазылған тақтайшаларға ономастикалық зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Тақтайшалардың бар-жоқтығын, дұрыс жазылуын анықтаймыз. Қателерін зерделеп, ономастикалық комиссияның отырысында қарауға алып, ескерту беріліп, түзету жұмыстарын жасау керектігі айтылады. Дәл осы «Мыңбұлақ тұйығы» да осындай жиында қаралған. Ескерту берілген. Алайда әлі де ол сол күйінде өзгертілмей тұр.
Аймағымызда 263 көше, 5 тұйық, 5 бұрылыс бар. Белгіленген тип бойынша егер көше деп берілсе, көше деп жазылу керек. Тұйық немесе бұрылыс болса, ол солай жазылуы керек. Ал, егерде «Мыңбұлақ тұйығын» керісінше «Мыңбұлақ көшесі» деп жазса, қатеге саналмас еді. Бұл жерде әрі тұйық, әрі көше деп қолданылуы дұрыс емес.
Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде call орталығы да бар. Орталыққа әр мекеменің жауапты маманы хабарласып, тіл саясатының дұрыс жүргізілуіне атсалыуы керек. Түсінбеген сұрақтары болса немесе өзге де мәселесі болса, осы орталыққа хабарласып, тікелей өзімнен жауаптарын алуға болады. Себебі, күнделікті жұмыс барысында кез келген мекемеде іс-қағаз жүргізіледі. Тіл саясатының дұрыс жүргізілуіне барлығымыз жауаптымыз. Оған бей-жай қарауға болмайды. Тіл саясаяты – күрделі мәселенің бірі. Тіліміздің көркеюі үшін, дамуы үшін кез келген маман жауапты. Сондықтан оған жауапкершілікпен қарап, салғырттық танытпауымыз керек,- дейді аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетова.
Ал, Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының маманы Нұржігіт Базарбеков «Ауылда 83 көше, 111 көше бағыттағыштары бар. Барлық көшелерде атауы жазылған тақтайшалар мен бағыттағыштар ілінген. Бірақ, көше бағыттағыштарының 60 пайызға жуығы жарамсыз. Сынып кеткен. Оған ауа райына сай төзімді етіп жасалмауы мен тұрғындардың салғырттығы әсер етті. Көбін балалар сындырып кеткен. Қазіргі таңда оларды қайта қалпына келтіру үшін жұмыс жасаудамыз. Қазан айына дейін дұрыстау жоспарлануда. Саны берілген. Біздің Жуалы өңірінің ауа райына төзімді қатты темірден бағыттауыштар жасауды көздеп, тапсырыс беріп жатырмыз. Ал, тұрғындар көше атауы жазылған тақтайшаның тозығы жеткенін айтса, оны өзгертуге де тапсырыс беріп, қайта жаңартамыз» дейді.
Атын атамауымызды өтінген тұрғынның Мыңбұлақ тұйығына көшіп келгеніне екі жыл болған екен. Қатені байқағанымен, оны тиісті орынға айтуды ойламағанын айтады. Яғни, «жауапты органдар өздері іліп кеткен соң, қатені өздері түзейтін шығар» дейді.
Адам бойындағы кеселді нәрселердің жағымсызы, Абайдың пікірінше, ол – уайымсыз-салғырттық. «Салғырттық – құдайдың да, елдің де, үлгінің де, ақылдың да, ардың да қас дұшпаны. Ол бар жерде бұлар болмайды» – дейді ғұлама ақын. Мұнымен, қоғамдағы адамдардың үлкен дерті жауапсыздық пен салғырттық екені айдан анық болып отыр. Халықтың игілігі үшін жасалған дүниеге тек жауапты мекемелер ғана емес, сонымен қатар тұрғындар да бірдей жауапты. Қоғамдық орындардағы пайдалы дүниелерді сындырып, жарамсыз етуі бұл тұрғындардың әлі де мәдениеті дұрыс қалыптаспағанын білдіреді. Сондықтан бүгінгі күні бізге жауапкершілік жүгін сезініп, салғырттықтан арылуымыз керек. Сонда ғана санамыз рухани дамып, тазалыққа мән беріп, тіліміздің өркендеуіне үлес қосып, алға қарай өркендеуге жол бастай аламыз.
Қоғамда мемлекеттік тілдің ықпалы ерекше болуға тиісті. Оған жанашырлық өзімізден басталады. Сондықтан «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген халқымыздың даналығына сүйенер болсақ, мұндай қателіктерді түзеу – сіз бен біздің парызымыз. Тіліміздің өркендеуі үшін де салғырттық пен мән бермеушіліктен арылу қажет. Сонда ғана тіліміздің көсегесі көгеріп, дамитын болады.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»