Basty bet
Тарихы терең, ерлігі ерен қызмет
Сан ғасырлық тарихында қазақ халқы өзінің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын, ана тілі мен ділін және басқа да құндылықтарын сақтап қалу үшін қилы кезеңді бастан кешірді. Аттары аңызға айналған көшпелілер – сақтар, ғұндар мен көк түркілердің ұрпағы ретінде басты байлығымыз қазіргі – атамекеніміздің ұлан-байтақ даласына мұрагер болды. Біздің даңқты бабаларымыз – ұлы хандар мен батырлар терең ақыл мен биік намыстың, ержүректілігінің арқасында ел мен жердің тәуелсіздігі үшін күресті. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, ХХ ғасырдың 40 жылдарындағы адамзат баласына үлкен зобалаң салған қасірет – Ұлы Отан соғыс жылдарында фашистік Германияның ең бірінші шабуылына қажырлы ержүректілікпен, жанқиярлық ерлікпен тойтарыс берген, аты аңызға айналған Брест қамалының шекарашылары еді. Осы жаужүрек шекарашылар қатарында біздің қазақстандық шекарашылар да болған.
Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы азаттық, аумақтық тұтастық үшін «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» күресіп келген сан ғасырлық арманы – біздің заманымыздың 90-жылдары ғана орындалды. Еліміз тәуелсіздік алған тұста ең басты мәселе – мемлекеттік шекараны межелеп, ел шебін айқындау болды. Иә, бір қарағанда бұл нәтижеге оп-оңай қол жеткен сияқты болып көрінуі мүмкін. Ал шындап келгенде, бұл нағыз ерлікке тұратын Елбасының сындарлы да салиқалы саясатының жемісі екендігіне ешкімнің де күмәні жоқ.
Көршілермен құрлықта 14 000 шақырымға жуық шекарасы бар Қазақстан бүгінде өзі достық пен тату көршілік шекарасына айналды.
Тәуелсіздігіміздің 29 жылы ішінде қол жеткізген ұлан-ғайыр табыстарының бірі – ел аумағының тұтастығын бекіткен әрі оны мызғымастай етіп шегендеген шекарасы болып табылады. Бүгінгі таңда бұл – бүкіл әлемге танылған, танылып қана қоймай, мүлтіксіз мойындалған фактор. Сонымен қатар, бұл ұлтымыздың тарихында бұрын-соңды болмаған, мемлекеттілігімізді айшықтайтын баға жетпес құндылық.
«Шекара» деген сөздің мағынасы біле-білген адамға ұлан-ғайыр! Түсіндірме сөздіктегі «шекара» сөзіне үңілер болсақ, «алдыңғы шеп, көршілес ел, мемлекетті бөліп тұратын сызық» деген ұғымды береді. Осы сөздердің негізінде талай-талай шекарашылардың өмірі, батырлық қимылдар, ұйқысыз күндер мен ауыр шекара өмір жолдары, осы мемлекеттің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғаудағы абыройлы да жауапты, жауынгерлік міндеті жатыр.
Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі ұрпақтары үшін Мемлекеттік рәміздеріміз қаншалықты қастерлі болса, Мемлекеттік шекарамыздың да маңызы зор. Мемлекеттік шекара – Тәуелсіз елдің айнымас рәміздерінің бірі. Алатау мен Арқа, Атырау мен Алтай аясын алып жатқан Егемен Қазақстанның Шекарасын қорғау – жауапты да абыройлы міндет. Осы міндет Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жүктелген. Шекараны қорғау жолында қашан да алғы шептен табылатын шекарашылар қайтпас қайсарлығымен танымал.
1992 жылдың 18 тамызында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен, бұл күн Шекарашылар күні болып бекітілді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Елдің тыныштығы – Мемлекеттік шекараның тыныштығына тікелей тәуелді» деген. Егемен еліміздің шекарасын қорғау – ҚР ҰҚК Шекара қызметіне тапсырылды. Ол – үлкен, жауапты да абыройлы міндет. 28 жыл ішінде шекарашылардың өмірінде талай-талай өзгерістер, қиын да, күрделі жағдайлар болды. Соған қарамастан, шекарашылар өз міндеттерін табандылықпен, қайсарлықпен атқарып келеді. Шекара әскерінің өзіндік әскери дәстүрі, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын шежірелі де әйгілі тарихы бары баршаға аян. Қазіргі кезде ҰҚК Шекара қызметі өзінің даму деңгейінің жоғарғы сатысына аяқ басты.
Қазіргі таңда мемлекетіміздің тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдау мен қамқорлығының аясында – Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі қазіргі заманға сәйкес әскери қару-жарақтармен, техникалармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, еліміздің қасиетті мемлекеттік шекарасының шебінде заманауи үлгідегі шекара басқармалары, шекара бөлімшелері бой көтеріп, ел шебін қорғап жүрген шекарашылар өз игіліктерінде пайдалануда.
Тарихы терең, ерлік істері ерен «жасыл» күн қағарлы шекарашылар Отанымыздың әрбір қадам жерін қас қақпай, күндіз-түні, қысы-жазы қырандай қырағы, сұңқардай сақ қорғайды. Осының нәтижесінде тәуелсіз Қазақстанның бейбітшілігі мен қауіпсіздігі, егемен еліміздің мемлекеттік шекарасының күзетілуі нығая түседі.
Калдина ОМАРҚҰЛОВА,
Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының тәрбие, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің офицері, майор