Basty bet
Ақпараттық технологиялар – тұрғындар игілігіне
Қазақстан халқына кезекті бір Жолдауында Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты» деп цифрлық технологиялар саласына тың бағыт-бағдар берген болатын.
Таяуда аудан орталығына іргелес жатқан Қарасаз ауылында цифрлық-ақпараттық орталық ашылды. Орталықтың ашылу рәсіміне аудан әкімі Нарбай Ергебеков қатысып, ауыл тұрғындарына осы цифрлық орталық арқылы оннан астам қызмет түрлерінен ақпарат алуға мүмкіндік берілгенін айтып, игі тілегін білдірді.
– «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында бүгінде ауылдық жердегі кітапханалар базасынан тұрғындардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық пішімде алуы үшін заманауи цифрлық-ақпараттық орталықтар ашу жоспарланып отыр.
Осыған дейін ауданның төрт ауылында осындай орталықтар ашылды. Ал жыл соңына дейін тағы 4 ауылдық округтен осындай орталықтар ашуды жоспарлап отырмыз. Енді сіздер қажет болған жағдайда аудан орталығына сабылмай, оннан астам қызмет түрлері туралы ақпаратты бір орталықтан алуға мүмкіндік аласыз. Бұл сіздердің алтын уақытыңыз бен қаражатыңызды үнемдеп қана қоймай, заман талабымен бәсекеге қабілеттілігіңізді арттыратын болады, – деді аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы.
Қарасаз ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов, ауылдық округтің алқабилер төрағасы Нұртаза Омаров тұрғындар игілігі үшін ашылған осы орталықтың маңызына тоқтала келе, ауыл тұрғындары атынан алғыс білдірді.
Орталықты техникалық жарақтандыру үшін төрт компьютер, принтер, жиһаздар алынған. Сонымен қатар, цифрлық-ақпараттық орталықта ауыл тұрғындары кең жолақты интернет жүйесіне қосылып, кітапханадағы кітаптарды оқуға да жағдай қарастырылған.
Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»