Basty bet
Береке дарыған құтты мекен
Ауыл – тәрбиенің де, мінезіңнің де, санаңда қалыптасқан тектіліктің де, адами қарым-қатынас пен береке-бірліктің де тағылымды ортасы.
Әркімнің туған жері өзіне ыстық.
Күреңбел ауылдық округі ауданымыздағы тарихқа бай өңірдің бірі. Аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан аймақ Күреңбелдің табиғаты да ерекше. Тарихи кітаптарда бұл өлкеде бетеге мен жусанның, долана мен қарақаттың көп өсетіні жазылады.
Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған ауыл – Күреңбел ауылдық округіне қарасты Күреңбелдің оңтүстігінде орналасқан Қаратас деп аталатын киелі де қасиетті мекен.
Белгілі жазушы, журналист жерлесіміз марқұм Мақұлбек Рысдәулеттің Жуалының 80 жылдығына арналған «Жуалы» атты кітабында Қаратас жайлы былай деп жазылады: «Елдің аузындағы аңызға сенсек, ерте заманда Арыстанбап әулие күздің қара суығында сапарлап бара жатып, Қоғасайды жағалап келіп, кешкілік осы Қаратастың ығында демалып, бір түн түнеп шығыпты. Ертеңіне Қаратастың ығы ерекше жылы болғанын, бұл тастың жылуы мол екенін айтыпты. Содан бері әулие ықтаған Қаратас киелі жерге айналыпты. Тап осы айналадағы жақпар тастардағы суреттер де өзгеше. Қаратас ауылының шығысындағы жоталардағы жарқабақ тастарда неше түрлі суреттер сонау темір ғасырында салынса керек»,- дейді автор.
Ынтымағы ежелден жарасқан, адал еңбекті ту еткен Күреңбел ауылдық округіне қарасты Қаратас ауылында бүгінде 48 отбасы бар, тұрғындар саны – 218. Қаратас ауылының іргетасын қалауға Абдеш Байшаханов деген кісінің көп еңбегі сіңген.
Абдеш Байшаханов 1906 жылы Самсоновский ауылдық советіне қарасты Қаратас ауылында дүниеге келді. Ол 1928 жылдары Қаратас ауылында Чапаев атындағы колхозды құру кезінде өзін саяси сауатты және қабілетті ұйымдастырушы ретінде көрсете білген. Нәтижесінде колхоз төрағасы болып сайланған. Бұл қиын кезеңде ауылшаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Жуалы аудандық әскери комисариатына 1942 жылы шақырылып, 81136 – дала почтасы құрамында соғысқан.1944 жылы 17 қаңтарда жарақаттан қайтыс болды. Калинин облысы, Новосокольниковск ауданы Насва станциясының солтүстік шығысында 7 шақырым жерде жерленген. Қазір ауылдағы көше Абдеш Байшаханов ағамыздың атымен аталады. Жалпы ауыл туралы бұл деректермен ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Ғалимұрат Қойтанов әңгімелеп берді.
– Ауылдың негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы. Округке қарасты 190 шаруа қожалық болса, соның ішіндегі 29 шаруа қожалық 1142 га жерімен Қаратас ауылына тиесілі. Оның ішінде 110 га бидай, 83 га мақсары, 310 га арпа, қалғаны көпжылдық шөптер. Қаратас ауылында мүйізді ірі қара малы – 440 бас, уақ мал – 2080 бас, жылқы – 78 бас, үй құстары – 820 бас тіркелген.
«Нәтижелі жұмыспен қамтудың және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» орындау мақсатында екінші бағытпен «Бизнес-Бастау» жобасы аясында 5 азамат оқып шықты. 505 000 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты 1 азамат түйетауық өсіру (құс) жобасы бойынша жеңіп алды.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Ернар» шаруа қожалығы мал басын асылдандыру мақсатында 100 бас қой алды. «Талғат» шаруа қожалығының басшысы Б.Сауранбаева лизингпен 7,4 миллион теңгеге МТЗ-82.1 тракторын алды. Қаратас ауылы бойынша 2 комбайн, 7 трактор, 7 автомашина тіркелген.
Қаратас негізгі мектебі 1987 жылы құрылған. Мектепте мұғалімдер саны – 17 адам, кіші қызметкерлер саны – 10 адам, оқушылар саны – 52. Ауылда 2019 жылы медициналық пункт салынып, пайдалануға берілді. Ауылда – 17 зейнеткер, асыраушысы жоқ азаматтар – 3, көпбалалы отбасы – 10, мүгедектігі бар 7 адам тіркелген.
«Ынтымақ» шаруа қожалығының басшысы Дүйсенкүл Миябаева барлығы 118 га жерімен ауылдың экономикасының дамуына үлес қосып жатқан жайы бар.
Ауыл тұрғындарының өтініш-тілектеріне байланысты Қаратас ауылына ауызсу жүйесін кіргізу, ауылдың төменгі жақ көшесіне тас жол (асфальт) төсеу, ұялы байланыс жүйесін реттеу мәселелері өз шешімін күтуде,- дейді Ғалимұрат Қойтанов.
Ауылдың тыныс-тіршілігі жайлы ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің және билер кеңесінің төрағасы ардагер ұстаз Алтынбек Қуанышев та әңгімелеп берген еді.
Алтынбек Әбзелұлы осы ауылда туып-өскен. Жұбайы Қызжан Абдрахманова екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасылардың бірі. Алтынбек Әбзелұлы 50 жыл ұстаздық етсе, оның 25 жылында Қаратас негізгі мектебінің директоры болды. Ал, жұбайы Қызжан Абдрахманова 40 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етті.
-Біздің бала кезімізде ауылда орыс ұлтынан жеті-сегіз отбасы болатын. Кейін он шақты шешен отбасылары көшіп келді.
Ол жылдары ауылда мектеп және кішкентай ғана үйде орналасқан фельдшерлік пункт болатын. Халықтың жағдайы төмен еді. Алайда ауызбіршілігі жақсы болды.
Ол кезде «Чапаев» колхозы деп аталатынбыз. Колхозды 50-60 жылдары Бораш Билібаев деген кісі басқарды. Ол кісі халықтың жағдайының жақсаруына көп еңбек сіңірді.
Қазіргі таңда ауылда 50-ге жуық отбасы тұрады. Соңғы жылдары ауылымыз гүлденіп келеді. Былтыр жаңадан фельдшерлік пункт соғылып, пайдалануға берілді. Көшелерімізге жарық орнатылды, асфальтталды. Енді қалған жартысы асфальтталады деп жоспарланып отыр. Ауыл тұрғындарына ауызсу керек. Тұрғындар қазір ауызсуды есік алдындағы құдықтан алып отыр. Яғни, әр үйдің есік алдында құдық бар. Ағын су келіп тұр.
Ауылдағы негізгі мектепте 60-тай оқушы бар. Білуімше 17 мұғалім жұмыс істейді. Ауылда интернет жоқтың қасы. Бұл жағдай оқушылар, жалпы жастар үшін қиындық тудырып отыр. Осы себептен қашықтан оқуда қиындықтар көп. Біздің мектеп шағын болғандықтан оқушылар дәстүрлі түрде оқытылады деген жоспар бар.
Ауылдықтар жер алып, ауылда туып-өскен кәсіпкерлердің демеушілігімен мешіт салсақ деп жоспарлауда. Құрылыс жұмыстарын жақын арада бастаймыз деген ниеттеміз.
Ауыл халқы негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Ынтымағы жарасқан ауыл тұрғындары таңның атысы мен кештің батысы өз кәсіптерімен айналысып, маңдай терін төгіп еңбек етеді. Осы еңбектің арқасында жағдайлары жақсарып келеді. Үйлерін заман талабына сай жөндеп, жаңа үй тұрғызып жатқандар да бар. Алла қаласа келесі жылы ауылымызға газ келеді деп жоспарланған. Халықтың ұзақ күткен жаңалығы – газ келсе, тіпті жақсы болар еді.
Жалпы ауылдан көшіп жатқандар аз, жоқ деуге де болады.
Ауыл – қазақтың салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрпын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына сүбелі үлес қосып отырған киелі бесігі ғой. Ауыл тұрғындарының, яғни жастарының, ауыл келіндерінің кез келгенінің бойынан менталитетімізге тән қасиеттерді көруге болады. Ауылда Аллаға шүкір көпбалалы отбасылар көбейіп келеді. Ауыл әйелдері ұл-қыздарын тәрбиелеп, бие сауып, қымыз дайындап, сиыр сауып, айран, қаймақ, құрт-майын жасап, қонағын да күтіп жас ұрпаққа үлгі болып отырған жайы бар.
Ауылда Талғат Нұртаев, Ыдырыс Абдуллаев сынды т.б. іскер азаматтар үнемі ауылдағы көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға көмектесіп тұрады.
Әлемде, оның ішінде елімізде орын алып отырған індетке байланысты сақтық шараларын қатаң сақтауды әрбір отбасы жақсы біледі. Сақтық шараларын барынша сақтауға тырысудамыз.
Бұл індет халқымыз үшін үлкен сынақ болып отыр. Індеттің ертерек елімізден кетуін тілейміз. Ол үшін өзіміз де соған сай шараларды дұрыс ұстанайық,- дейді Алтынбек Әбзелұлы.
Ынтымағы жарасқан Қаратастай құт-береке дарыған ауылдарымыздың қаймағы бұзылмасын. Ең үлкен тілек – ел аман, жұрт тыныш болсын. Егемен елімізге Тәңірдің өзі жар болсын!