Basty bet

Тазалық – саулық негізі

шалғай ауыл тұрғындары ұйымшылдық танытуда

Аудан әкімдігінің арнайы қаулысымен аудан аумағында жарияланған күзгі көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығы аяқталуға жақын. Қаулыға сай санитариялық тазалық шаралары күздің алғашқы күнінен басталды.

Аудан орталығы мен ауылдық округтердегі күзгі абаттандыру, көріктендіру және санитариялық тазарту жұмыстарына қаралған қаржы көлемі 9 754,0 мың теңгені құрайды. Соның ішінде абаттандыруға және көріктендіруге 3 814,0 мың теңге, санитариялық тазалыққа 5 940,0 мың теңге бөлінген.
Көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитариялық тазарту жұмыстарын өз деңгейінде өткізу мақсатында жергілікті атқару органдары мекемелер мен кәсіпорындардың еңбек ұжымдарына көшелер мен аумақтарды бекітіп беріп, онда сенбіліктер ұйымдастырылып, санитариялық тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Күзгі абаттандыру және санитариялық тазарту жұмыстары әсіресе, аудан орталығынан шалғайда жатқан Билікөл өңірінде тың қарқынмен жүргізілуде. Округ әкімі аппаратының мәліметіне қарағанда, өңірдегі көріктендіру және тазалық шараларына 285 адам жұмылдырылса, оның 14-і ақылы қоғамдық жұмысқа тартылғандар.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, сенбілік сайын мемлекеттік мекеме қызметкерлері бекітіліп берілген аумақтарда тазалаумен шұғылданды. Игілікті істен тұрғындар да сырт қалмай, аулалары мен көше бойларын ретке келтіруге атсалысты.
Күзгі айлық барысында жалпы саны 675 дана тал бұталып, 500-ге жуығы ақталған, 420 гүлзар орны тазартылып, төрт шақырым арық-атыз бен ағын су жолдары тазаланған, алты тонна күл-қоқыс шығарылған. Одан бөлек, көзге қораш көрініп тұрған 10 қоғамдық ғимарат пен тұрғын үйдің алдыңғы беті жөнделіп, төрт ескерткіш аумағы тазаланып, аумағы 480 текше метрді құрайтын екі саябақ абаттандырылған. Үш жарнама тақтасы орнатылған.
«Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» дегендей, өңірде 250 түп қараағаш, 25 түп сәндік ағаш отырғызылып, күтімге алынды.
– Тазалық өзіміз үшін, өскелең ұрпақ үшін керек. Сондықтан, әрбір тұрғын белсенділік танытса болар еді. Қазір бұрынғыдай емес, тәртіпсіздік тыйылды. Дегенмен, тәртіпті қатаң ұстау керекпіз, – дейді Билікөл ауылдық округінің әкімі Талғат Әмірәлиев.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close