Basty bet

Санитариялық талап – басты назарда

Елімізде белең алған коронавирус пандемиясына байланысты аяқталған оқу жылының төртінші тоқсанында оқушылар қашықтан оқып білім алды. Алайда, ауылдағы интернет сапасы көпшіліктің күткен үмітін ақтамады. Осындай мәселелерді ескере білген Білім және ғылым министрлігі 2020-2021 оқу жылында оқу үрдісі қалай жүргізілетінін айтып өтті. Онда көрсетілгендей, 5-тен 180 адамға дейін контингенті бар шалғайдағы ауыл мектептерінде санитариялық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып, мектептердің аралас және штаттық оқыту форматтары негізінде жүзеге асырылады делінген.

Білім және ғылым министрінің нұсқауымен биылғы жаңа оқу жылында №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектеп шағын жинақталған мектеп қатарында болғандықтан, мектеп оқушылары бұрынғыша мектепке келіп оқитын болады. Жалпы мектеп штаттық оқу режімінде балаларды қабылдауға дайын. Бүгінгі күні 125 оқушы мектепке келіп білім алады деп күтілуде. Мектеп әкімшілігі қамқоршылық және ата-аналар кеңесінің мүшелерімен қашықтан кеңес өткізе отырып, ата-аналардың пікірін ескере оқушылар үшін барлық қатаң санитариялық шараларды қамтамасыз ету келісілген.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі бекіткен «Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты шектеу шараларын ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымға» сәйкес мектеп әдеттегідей жұмысын жалғастырғанмен, сақтық шараларын қатаң ұстанатын болады. Осы мақсатта барлық қабаттарда қолды өңдеуге арналған санитайзерлер орнатылған. Әр сынып белгілі бір кабинетке орналастырылған.
Талапқа сәйкес әрбір кабинеттегі оқу үстелдері 1 метр арақашықтықта орналастырылған. Әлеуметтік алшақтық үшін, физикалық байланыстарды азайту үшін ауысым көлемін ұлғайтып, сабақтың басталуы мен аяқталуын және пәнаралық үзілістерді әртүрлі уақытта көрсете отырып сабақ кестесі құрылған. Сонымен қатар оқушылардың есіне түсіріп тұру мақсатында мектеп дәліздері мен едендерінде «Арақашықтықты сақтаймыз» атты арнайы жапсырма белгілері қойылған.
Мектеп директоры Сайлаубаев Руслан Бахытұлының айтуына қарағанда 1 қыркүйек – Білім күні мерекесі аталып өтпейді. Бұл күні “Достық Отаншылдық” тақырыбында тәрбие сағаттары өтіледі. Сонымен қатар індеттің алдын алу жөнінде қосымша тәрбие сағаттары өтетін болады. Онда мектеп қабырғасында арақашықтықты сақтау, санитариялық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтау түсіндіріледі.
Тағы бір айта кетерлігі, оқушылар үшін мектеп формасы міндетті емес. Ең бастысы, киімі таза, классикалық үлгіде болса болғаны. Бастауыш буын оқушыларының ата-аналары баланы мектепке әкелгенімен, өздері кірмейді. Мектептің кіреберісіне аяқ-киімге арналған дезинфекциялық кілемше төселеді. Мектеп медбикесі бала мектепке кірер кезде оны таңғы сүзгіден өткізеді. Ол дегеніміз – күн сайын мектепке кіру кезінде білім алушылар мен педагогтардың температурасын өлшейді, егер бала мен педагог денсаулығы қалыпты жағдайды көрсетсе ғана сыныпқа кіруіне рұқсат беріледі. Сонымен қатар, қолды жуу және арнайы құралдарды пайдалануды бақылауға алып тұрады.
Бүгінгі таңда мектеп оқушыларынан 11 сынып-жинақтары қалыптастырылған. Әр сыныптағы білім алушылардың саны – 15 оқушыдан аспайды. Балаларды сыныптарда барлық нормаларды сақтап отырғызу, яғни «бір сынып – бір кабинет» қағидаты бойынша оқыту қамтамасыз етіледі. Осы ретте мектеп басшысы қолайлы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайда білім мекемесі санитариялық қауіпсіздіктің қатаң шараларын сақтай отырып, толық штаттық режімде жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.
Мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мая Құрмашовамен сұқбаттасқанымызда ол «Мектеп директоры оқу жылы басталар алдында педагогикалық кеңес өткізді. Онда басшы ұжымға мектепте оқу жылы қалай басталатынын, 1-11 сыныптардың жұмыс режімі мен жұмыс істеу қағидаларын, штаттық режімде оқитындар үшін қандай санитариялық қауіпсіздік шаралары қабылданғанын, бағалау жүйесіне қандай өзгерістер енгізілгенін және оқу процесін ұйымдастыруға қатысты өзге де мәселелер туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Енді басшы тарапынан берілген тапсырманы мектеп ұстаздары мен оқушылары қатаң сақтайтынын айтқым келеді» деді.
– Қашықтан оқытудың басты мақсаты оқушылар мен мұғалімдердің денсаулығы үшін алаңдаушылықтан болып отыр. Бұл да уақытша. Аты жаман қауіп жойылған кезде оқушылар да ұстаздарда сыныптарға оралып, білім жүйесі бұрынғысынша жалғасатын болады. Жалпы еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты бұл штаттық режимдегі оқу педагогтарға оңай болмасы анық. Алайда, ұстаздар қауымы қашан да жауапкершілікті терең сезінетін, əр нəрсені байыпты қабылдай алатын мамандық иелері. Сондықтан, олардың көмегімен бұл қиындықты да жеңіп шығады деген сенімдеміз, – дейді мектеп директоры Руслан Сайлаубаев.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close