Basty bet

Азат елдің Ар-намысы!

Еліміздің Конституциясы – бұл заң қарпінде өрнектелген жалпы ұлттық идея. Ол біздің ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтарының азаттық және өз тағдырын өзі шешу мүмкіндігі туралы, билік барша халықтың мүддесіне қызмет ететін мемлекет туралы, бүкіл әлемге белгілі әрі құрметтелетін тәуелсіз ел туралы армандарының осы заманғы құқықтық түсініктерін бейнеледі.

Қазақстан халқы осыдан ширек ғасыр бұрын тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын айқындап, алға қойған мақсаттарына жету жолында жаңа қадам жасап, жаңа Конституцияны қабылдады. Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды.
1998 және 2007 жылдары Конституцияға елеулі өзгерістер енгізілді. Бұл оқиға сол кезде қазақ халқы үшін, біздің мемлекетіміз үшін үлкен қуанышты жағдай болды. Өйткені, Кеңес Одағының құрамында жүргенде біздің Республикамыздың Конституциясы Одақтық Конституцияның сарынымен жасалып, сол арқылы жұмыс істейтін.
Ал бұл Қазақстан дербес мемлекет болып құрылған соң қабылданған, реттелген, бірізділікке келтірілген Конституция болды. Ол Конституцияның ең бірінші ерекшелігі – мемлекет басқару жүйесін толық бір жүйе ретінде қарастыруы еді. Яғни, заң шығарушы, атқарушы және сот биліктерін өз алдына бөлек орган ретінде емес, тұтас құрылымдық жүйе қылып қалыптастырып, олардың міндеттері және жауапкершілігін белгілеп берген Конституция болды.
«Конституция» – латыншадан аударғанда «құрылыс» деген ұғымды береді. Яғни, өміріміздің, тыныс-тіршілігіміздің ел-жұрт болып бірігіп мемлекет құруымыздың айғағы.
Қазақстанда тұңғыш рет 1924 жылы одан кейін, 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары жазбаша түрде қабылданды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдаған болатын. Бірақ, 1993 жылғы Конституция ескі әкімшілік, әміршілдік ережелеріне көбінесе кеңестік демократия қағидаларына негізделгендіктен, жаңа қоғам өмірінің талабына жауап бере алмады. Онда адам құқықтары мен бостандықтары, оларды жүзеге асыру қағидалары, мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі жете көрсетілмеген еді.
Осыған орай, 1995 жылы Конституция қабылданды. Жаңа Конституцияның ерекшеліктері заң шығарушы, атқарушы сот билігін белгілеп, олардың құзіретін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап береді. Мемлекеттік лауазымды адамдардың, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол бермейді.
Конституция күні – мемлекеттік мереке. Осы мерекеге биыл өзгерістер енгізілген жаңа Конституциямен келіп отырмыз. Таяуда Парламент қабылдаған өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін Ата Заңымыз жаңа сипатқа ие болып, еліміздегі демократиялық реформалар тереңдей түсті. Мемлекетіміз президенттік-парламенттік басқару тұрпатына көшті. Енді елімізде партиялық сайлау жүйесі енгізіліп, Парламент Мәжілісінің сайлауы жаңа сайлау ережелері бойынша жүзеге асырылды.
Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстан аумағында азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Ол елімізде сан алуан идеологиялық, сенімдік, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Конституциямызда бекітілген нормалар Қазақстан Республикасын гүлдендіру мақсатында еліміздің барлық азаматтарының бірлесіп, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» қызмет етулері үшін жағдайлар жасайды.
Конституцияның адам құқықтары мен бостандықтарына арналған нормалары басқа салалық заңнамалардың мазмұнына әсерін тигізуде. Кеңес заманында қалыптасқан адамды заңбұзушы – бұзақы ретінде көру стереотипі тарихтың қойнауына кетіп, керісінше, кінәсіздік презумпциясын басшылыққа алу кең өріс алды.
Конституциямызда бекітілгендей, тұлғаға құрметпен қарау, оның жеке құқықтарын таптамау, сот пен заң алдындағы теңдік, жалпы теңдік қағидалары заманымызға сай идеологияға айналды. Адамның табиғи құқықтарын үстем қою мемлекет қызметінің негізгі бағыты десек еш қателеспейміз. Айталық, мемлекеттің қылмыспен күресудегі саясаты негізгі бағыттарының өзгеруі адамның табиғи құқықтары мен бостандықтарын қорғауды алдыңғы орынға қоюға байланысты.
Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру үшін онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін жазаны жеңілдету, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың кең қолданылуына жағдайлар жасау, өлім жазасын орындауды тоқтатуға бағытталған шаралар Конституция нормаларына сәйкес жүргізілуде. Ата Заңның 13-бабы 3-тармағында танылған әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығын ауылдық жерлерде қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар жүзеге асырылуда.
Конституция Қазақстан Республикасын демократиялық мемлекет деп жариялайды. Оның демократиялылығы, ең алдымен, мемлекет ішінде халық басқаруын қамтамасыз етуінен көрінеді. Конституцияның 3-бабының 1-тармағында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» делінген. Бұл конституциялық норма Қазақстанның халықтық мемлекет екендігін білдіреді.
Халықты жоғары биліктің иесі ретінде тану халық егемендінің көрінісі болып табылады. Халық өз билігін тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Халықтың еркін көрініс тапқан бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан, қазіргі кезде басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың Республика Конституциясына деген дәстүрлі құрметін дамыту. Егер біз осы міндетті орындасақ, алдыңғы қатарлы Қазақстан мемлекетінің қалыптасқаны.
Конституция күні жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін осындай жетістіктерімізді еске алу және жоспарларды жұртшылыққа жеткізу әр азаматтың парызы. Өйткені, елдің жеткен биігі – біздің жетістігіміз!

Қалан МӘМБЕТӘЛИЕВ,
Жамбыл ауданаралық әділет
басқармасының инспекторы,
Қазақстан Заңгерлер
одағының мүшесі

Таңдаулы материалдар

Close