Basty bet
Ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны
Ата-бабамыз тұрмыс саласында қолданған түрлі құралдардың кейбірін бүгінде музейлерден ғана көре аламыз. Яғни, ұлттық құнды жәдігерлердің қатарына қосылып барады. Мәселен, келі-келсап, торсық, саба, мес, көнек, бұлқыншақ, кесеқап, қол диірмен, тағы да басқа.
Ал, кейбір құралдар заман талабына сай қайта жасалып, әлі де пайдаланудамыз. Күнделікті қолданыста қанша құралдар, ыдыстар бар. Алайда ұлттық құралдарымыз бен ыдыстарымыздың орны бөлек. Жанымызға жақын, көзге де ыстық көрінеді.
Ұлттық құралдарымызға қарап отырып халқымыздың еңбекқорлығын, іскерлігін, өнерін, мәдениетінің қаншалықты жоғары болғанын көруге болады.
Ел арасында ұлттық құралдарымызды сақтап, дәріптеп, олардың пайдасын, ерекшелігін ұрпаққа насихаттап жүрген жандар бар. Ол жандардың қатарына Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны, қолөнерші әже Дарихан Сыдықованы жатқызуға әбден болады. Ол кісінің үйінде келі-келсап, күбі, ши, түрлі ағаш ыдыстар, музыкалық аспаптар, қолөнер бұйымдары бар. Тіпті бір бөлмесін ұлттық қолөнерімізден музей жабдықтап қойған десе де болады. Әжеміздің ұлтжандылығы соншалық бұл құралдарды тастамай сонау Өзбекстаннан алып келген.
Әже, самаурын, ағаш қасық, қыш құмыра, күміс стақандарын музейге тарту жасапты. Енді келі-келсап, тағы да басқа заттарын беруді ойлап отырмын дейді.
Дарихан әже Өзбекстан Республикасы, Хорезм облысы, Хива ауданы Ташаяқ ауылында өмірге келген. Кішкентайынан анасынан айырылып, Дәметкен деген жеңгесінің қолында тәрбиеленген. Жұмысқа да ерте араласады. Жолдасы екеуі алты ұл-қызды өмірге әкеліп тәрбиелеген. Жолдасы Сағындық Сақтағанов 40 жылдай совхозда жүргізуші болып еңбек етсе, өзі сауыншы, жүзім бағында бригадир болып жұмыс істеген. Жұмыс істей жүріп, ұлттық өнеріміздің де дамуына өз үлесін қосқан. Түрлі қолөнер бұйымдарын қолдан жасайды. Алаша тоқып, киіз басып, ши тоқиды, құрақ көрпе тігеді, тоқыма тоқиды. Не керек, барлық қолөнер бұйымдарымызды жасай білетін шебер.
2004 жылы Елбасының шетелдердегі қандастарымызды елге қайтару туралы Үндеуін ести салып, атажұртқа қайтуға қамданады. Көшпен қажет дүниелерімен бірге жинаған ұлттық құралдарымыздың бірде-бірін тастамай алып келеді. Елге келген соң аудандағы түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысып, ұлттық өнерімізді насихаттауда өз үлесін қосуда.
Қолөнер – халқымыздың ең құнды мұраларының бірі. Қолөнер ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа Дарихан әжедей шебер және ұсталарымыздың еңбегінің нәтижесінде сақталып, жетіп отырады.
«Балам өнерлі болсын десең, өнегеңді көрсет» демекші, Дарихан әженің қыздары да, келіндері де шетінен шебер.
-Қолөнерді нағашы әжемнен үйрендім. Жұмыстан қанша шаршап келсем де, сол кісінің өнеріне қызығып, жанында отырып үйренетінмін.
Жалпы қазақ халқы данышпан, өнерлі, пейілі кең халық. Не жасаса да жақсы ниетпен, жоғары талғаммен жасаған. Әрі адамға пайдалы жағын да ойлаған. Мәселен, қоржынды қор, береке жиналсын деген ниетпен, құрақ көрпешені жас отбасының дүниесі құралсын, өсіп-өнсін деп жасаған.
Ши тоқу – халқымызда кең тараған өнер. Шиді күнделікті тұрмыста пайдаланған. Оны киіз үйдің құрамдас бір бөлігі ретінде кереге сыртына тұтуға, сонымен бірге үй ішіндегі ыдыс-аяқ, ошақ басын қоршауға, киіз үйдің есігіне ұстауға, құрт жаюға, киіз, сырмақтың асты ылғал тартып, бүлінбес үшін, киіз басуға, тағы да басқа көп жерде пайдаланған.
Балалар кішкентай кезде ши тоқып сатып, балалардың керек жарағын алатын кездеріміз де болды. Он шиге дейін тоқып, жинап, базарға алып баратынмын. Шиді үй құрылысына да пайдаланатын.
Қандай ұлттық құралымыз, ыдыстарымыз болсын барлығы ерекше безендіріліп, оюланып жасалған.
Асқа пайдаланатын ыдыстарды тек таза заттардан жасаған. Яғни емен, қайың, арша тағы да басқа берік ағаштардан, жылқы, ешкі терілерінен, шойын, болат, алтын, күміс сияқты металдардан ғана жасаған.
Келі – қазақтың тұрмыс саласындағы кейінгі уақытқа дейін кеңінен пайдаланып келген тұрмыс құралдарының бірі. Ол тары, бидай сияқты дәнді дақылдарды түйіп, ұнтақтайтын қатты ағаштан ойып жасалған құрал.
Бұл құралдардың барлығын ата-бабамыз, менің замандастарым, өзіміз ұстағанбыз. Қазір заман басқа, бәрі жаңаша. Бірақ мен үшін бұлардың орны бөлек, ыстық. Сондықтан тастағым келмейді. Аудандық, облыстық іс-шараларға қатысып, көрмеге қойып, кейінгі жастарға насихаттаймын. Көрмені тамашалаушылар көріп, қызығып, «бұл не? бұны не үшін пайдаланған? бұл қалай жасалады?» деп сұрап жатады. Мен бәрін айтып беремін. Бұл – менің сүйікті ісім.
Ұлттық қолөнеріміз, құралдарымыз – байлығымыз, тарихымыз. Мұны жастар білуі керек.
Қазір көптеген заттарымыз заман талабына сай қайта жасалып, пайдаланылуда. Бұл өте дұрыс. Себебі, олардың адам денсаулығына да пайдасы көп, әрі жас ұрпақты отаншылдық сезімге тәрбиелейді,- дейді Дарихан әже.
Иә, «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген дана халқымыз. Сондықтан жастардың бойына ұлттық сананы қалыптастыруымыз керек. Ұлттық сана рухани құндылықтарымыз, биік ізеттілік, қолөнеріміз, өнеріміз, мәдениетіміз арқылы қалыптасады.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»