Basty bet

Ел дамуына қажетті берік негіздер

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Нарбай Ергебековтың төрағалығымен жиналыс өтті. Күн тәртібіндегі мәселе – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді талқылау.

Жиынға аудан активі, зиялы қауым, жастар, үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдері, аудан ақсақалдары қатысты. Жиынды аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы ашып, жүргізіп отырды.
-Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауын пандемияға қарсы күресте айрықша табандылық пен зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеткен барша азаматтарға алғысын білдірумен бастады. Сондықтан осы сәтті пайдаланып мен де азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін күрескен және демеушілік жасаған демеушілерге алғысымды білдіремін.
Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы ел дамуының нақты бағыттарын айқындап берді. Негізі басымдық елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатының көтерілуіне берілген,- дей келіп аудан басшысы сөз кезегін Ақсай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашевқа берді.
-Жаңа Жолдаудан көкейімде жүрген көптеген мәселелердің жауабын тапқандай болдым. Әсіресе, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдіктерге жер сатылмайды деп шегелеп айтқаны барлығымыздың көңіліміздегі күдігімізді сейілтті десем болады. Ұсақ шаруаларды ірілендіріп, үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктерге қол жеткізіп, өнімді жұмыс істеуіне жағдай жасалынатыны да қуантарлық жағдай.
Сонымен бірге Жолдауда келесі жылдан бастап ауыл әкімдерін халық сайлайтыны туралы айтылды. Кейде халық ауылдық окург әкімін танымаймыз деп жататын кездер болады. Ал, халық өзі сайласа, халыққа өзінің қабілет-қарымын көрсеткен азамат сайланады және ол жерде міндетті түрде өсу, өркендеу болады деп есептеймін,- деді Кәрібай Құрмашев. Қарияның сөзін аудан басшысы жалғап, Президентіміздің кәсіпкерлік саланы дамытуға бағытталған тапсырмаларына да тоқталып өтті.
Сөз кезегін алған «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Дүрәліұлы халықтың еңсесін көтерген Президентіміздің жаңа Жолдауындағы өзінің көңілінен шыққан тұстарына тоқталып, өз ой-пікірімен бөлісті.
-Індет кімнің кім екенін, қай саланы дамыту керек екенін ашып көрсетті.
Ортамызда қолы ашық, халық үшін аянбайтын жандардың бар екенін де көрсетті. Дәрігерлердің жұмысының қаншалықты маңызды, жауапты екенін түсіндірді. Мен де халықтың атынан халықтың амандығы үшін еңбек еткен барша жандарға алғысымды білдіремін.
Келер жылы Алла қаласа, Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Лайым, халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын! Рухымыз биік болсын!- деп ақсақал игі тілегін жеткізді.
Аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Айтбаев болса Жолдаудағы кәсіпкерлерге қатысты айтылған тұстарына тоқталды.
-Кәсіпкерлік саласын дамытуға қатысты айтылған тапсырмалар кәсіпкерлерге үлкен көмек болмақ. Өткен жылы облысымызда қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» жобасының өзі бүгінде халыққа үлкен көмек болып отыр.
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты зардап шеккен кәсіпкерлерге субсидия берілетіндігі туралы айтылды. Біздің ауданда да осы кезде несиесін төлей алмай несие мерзімін тоқтата тұру туралы өтініш білдірген кәсіпкерлер бар. Сондықтан Президентіміздің бұл шешімі кәсіпкерлерге үлкен қолдау болып отыр. Сонымен бірге Жолдауда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында көптеген өзекті мәселелер көтерілді. Біз кәсіпкерлер палатасы Жолдаудан туындаған тапсырмаларды орындауда өз үлесімізді қосуға дайынбыз,- деді Руслан Айтбаев.
Аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлнұр Қадірбекқызы да халықтың көкейіндегісін дөп басқан Жолдаудағы білім саласына, денсаулық сақтау саласына қатысты ойымен бөлісті. Гүлнұр Қадірбекқызы аталған жауапты сала мамандарының жалақыларының көбейетіндігі көңіл қуантатыны жайлы айта келіп, «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасының қолға алынатындығы талай отбасына шапағаты тиетінін қуанышпен жеткізді.
Жиынды аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы қорытындылады.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Перизат шымыртайқызы,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close