Basty bet
Ерліктің символы
Тұлпар шапса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын қазақтың ұлан-ғайыр ұлы даласы ықылым замандардан бері талай-талай ұлы тұлғаларды әлемге танытқаны тарихымыздан белгілі. Бұл жайында аңызға толы әңгімелер де, ақиқатқа жанасатын тарихи оқиғалар да жетіп артылады. Талай-талай тарихи оқиғалар қасиетті топырағы мен тасында жасырулы жатқан қазақ даласында даңқты перзенттердің туылмауы, елдік пен ерліктің салтанат құрмауы мүмкін де емес сияқты.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан біз атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» деген сөйлем жолдары бар. Қазақ халқының даңқын айдай әлемге жайып, өзінің біргей азаматтық айбынын да танытқан асыл ұлдардың бірі – Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, қасиетті Жуалы жерінен түлеген қаһарман перзент Бауыржан Момышұлы екені анық.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Баукең жұлдызды болған күн – халықтың жұлдызы жанған күн» деген сөзінің астарында қаншама мағына жатыр десеңші. Өйткені, Елбасының ерік-жігерінің, табандылығының арқасында Бауыржан Момышұлына (қайтыс болғанынан кейін) «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріліп, тарихи әділдік қайта қалпына келтірілді. Бұл қазақ халқының: «Асыл пышақ қын түбінде жатпайды» дегенінің нақ белгісіндей тарихы ерлік істерге толы еліміз үшін аса маңызды тарихи оқиғалардың бірі ретінде халық жадында мәңгілікке жазылып қалды.
Баукең ұлттың мыңжылдық дәстүр-салтын бір бойына сіңірген тұлға болатын. Кеңес кезінде-ақ Бауыржан Момышұлы ата-бабамыздың батырлық дәстүрлерін кеңінен насихаттау, ұлттық спорт пен өнерді дамыту ісін ілгерілетуге үлес қосқаны мәлім. Б.Момышұлы қанша уақыт өтсе де, тот баспайтын, құндылығын жоғалтпайтын ақиқат-шындықты шыңдап қана қоймай, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа шегелеп қалдырды. Бауыржан Момышұлының құдіреті ғажап, көркемдік қуаты мол нақыл сөздері мен толғаныс-тебіреністері парасаттылық пен кісіліктің, тазалық пен тектіліктің айдынын аңсаған шығармалары барша оқырман үшін қызықты болары сөзсіз.
Тағдырдың тезінен аман өткеніміз де, Тәуелсіздік таңына абыроймен жеткеніміз де, ең алдымен, Алаштың арғы-бергі тарихындағы Бауыржандай асыл азаматтардың ерлігінің арқасы. Қазақ халқы аман тұрғанда, Батыр Бауыржанның аты да, өсиеті де өшпек емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен, Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген рухты сөзі ұлы қаған Күлтегіннің, ұлы үш бидің өсиеттерімен бірге Қазақстан Парламентінің төріне жазылғанынан хабардармыз. Бұл Бауыржандай асыл перзентті түлеткен барша жуалылық жұртшылық үшін үлкен мақтаныш.
Отан үшін қан майданда от кешкен даңқты қолбасшы, бірегей әскери қайраткер Бауыржан Момышұлының тағылымын кейінгі жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында аудан көлемінде көптеген жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, ең алдымен еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлының есімі берілді. Одан кейін ауданда Батырға қатысты мұраларды сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізетін орын ретінде Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейі салынды. Батырдың көзі тірісінде пайдаланған заттары, әскери атақтары мен марапаттары, сонымен қатар, отбасына қатысты баға жетпес құнды жәдігерлер, тарихи құжаттар аталған музейде сақтаулы тұр. Аудандық мұрағатта да Батырдың бірқатар фотосуреттері, аздап болса да өмірбаяны, құжаттарының көшірмелері бар. Мұндай құнды дүниелерді жас ұрпақ өз қажетіне жаратары анық. Баукеңнің есімімен аталатын білім ошақтарында да тағылымды шаралар өз жалғасын тауып келеді. Қорыта айтқанда, Бауыржан Момышұлы – алты Алаштың айбынды тұлғасы, оның есімі ерліктің символы ретінде ұрпақтан-ұрпаққа қала беретіні анық.
Рүстем ҚАЙЫПБЕКОВ,
Жуалы ауданының мемлекеттік
архивінің архивисі