Basty bet
Мердігерлер сапа мен мерзімді неге ескере бермейді?
«Ауылым – алтын бесігім» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламалары аясында өңірімізде биыл көктемнен бері 2, 599 млрд. теңгенің жалпы саны 38 инфрақұрылымдық жобасы іске асырылуда. Мемлекет тарапынан бір ауданға мұндай ғаламат қаржы бұрын-соңды бөлінбеген. Осы қаражатпен мемлекет елді мекендерде өзекті болып отырған ауыз су және газ құбырын тарту, ауыларалық және ауылішілік автожолдарды орта және ағымды жөндеу, білім ошақтарынын ғимараттарын кеңейту, әрлеу, ұйық басқан су тоғандары мен арналарын аршу және т.б. секілді проблемаларды шешпек.
Бағдарламалардың діттеген тағы бір мақсаты – құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындарды тартып, отбасы табысын арттыру. Кейбір объектілерде жұмыстар кесте бойынша уақтылы аяқталып, пайдалануға берілсе, бірқатарында қара күз бітпей аяқталуы тиіс.
2008 жылдан кейін үзіліп қалған елді мекендерді газдандыру жобасы былтырдан бері қайта жанданып, таулы өңірдегі ауылдарға газ құбыры тартылуда. Онымен қат-қабат газ құбыры жеткізілген ауылдардағы көшелерге газ кіргізу жұмыстары қоса атқарылуда. Ауыларалық және ауылішілік автожолдарды орта жөндеу жұмыстары бойынша 12 жоба, су арналарын аршу және ағымды жөндеу бойынша бес жоба ұсынылып, жұмыстар атқарылуда. Оған қоса бірқатар білім ошақтарының ғимаратын күрделі жөндеу, ауылдарды таза ауыз сумен қамтуды көзделуде.
Осылайша, өңірлерде жиын сайын тұрғындар тарапынан көтерілетін бірқатар өзекті проблемалар мемлекеттің қолдауымен түпкілікті шешімін таппақ. Алайда, құрылысы жүргізілген объектілердегі жұмыстың сапасы мердігердің біліктілігі мен жауапкершілігіне байланысты.
Білім беру саласында аудан орталығындағы № 15 мектеп-лицей мен № 29 орта мектеп ғимараттарының қасбеті, Мыңбұлақ ауылдық округінің Талапты ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің ғимараты, Күреңбел ауылдық округінің Күреңбел ауылындағы № 10 Күреңбел орта мектебі ғимаратының шатыры күрделі жөндеуден өткізіліп, Жетітөбе ауылдық округінің Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектепке жапсарлас спорт зал мен алты оқу бөлмесінің құрылысы жүргізілуде.
«Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасымен ауданның тоғыз серпінді жобасына енген бес ауылда – Шақпақ ауылдық округінің Шақпақата, Тәттібай Дүйсебайұлы ауылдарында, Боралдай ауылдық округінің Ертай, Көлтоған ауылдарында және Қошқарата ауылдық округінің Қошқарата ауылдарында және одан бөлек «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен тағы 11 ауыл таза ауыз сумен қамтылатын болады. Бұл – Көкбастау ауылдық округінің Теріс, Көктөбе, Қарасаз ауылдық округінің Ақбастау, Жұрымбай, Жетітөбе ауылдық округінің Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Қызыларық ауылдық округінің Алатау, Сұрым, Теріс-Ащыбұлақ, Шақпақ ауылдық округінің Ынтымақ ауылдары.
Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігінің мәліметіне қарағанда бүгінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына енген ауылдарға ауызсу құбырын тарту жұмыстарының 60 пайызы орындалған.
Жеті жоба бойынша жоғарыда аталған 11 ауылға ауызсу кіргізумен мердігер «Байсын-А» ЖШС шұғылдануда. Аталған мердігер ұйымның қырсыздығы туралы газет бетінде бірнеше мәрте көтерілді. Мәселен, Шақпақ ауылдық округіндегі Ынтымақ ауылының тұрғындары ауызсу құбырын жүргізудің кестеге сай орындалмай отырғанына, қазған орлардың тұрғындарға қолайсыздық туғызып, көліктер мен малдардың қозғалысын шектегенін айтып, жергілікті атқару органдарына бірнеше шағымданған. Ақбастау және Жұрымбай ауылында да жұмыстың іркіліспен жүргізілгенін білеміз. Онда мердігер оның себебін мамандардың көбісінің ауру жұқтыруына байланыстырған.
Жобаға сәйкес елдімекендерде жүргізілетін ауызсу құбырының жалпы ұзындығы 100,62 шақырым болса, бүгінгі күнге орындалғаны – 78,08 шақырым немесе жалпы жұмыстардың 70 пайызы орындалған.
Бүгінде өңірдегі 49 елді мекеннің табиғи газбен қамтылғаны – 30 немесе 61%. Ал, халық санына шаққанда 42 303 тұрғын бүгінде көгілдір отынның игілігін көруде, яғни ол 80 пайызды құрайды.
Биыл газ құбыры жеткізілген ауыл-аймақтардағы кварталішілік газбен жабдықтау жобасымен жеті ауыл, атап айтқанда, Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған, Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Қоңыртөбе, Тасбастау, Күреңбел ауылдық округінің Күреңбел ауылдары газбен қамтылуда. Сондай-ақ, Қызыларық ауылдық округінің Ақтөбе ауылында «Тоқтаев» ШҚ газбен жабдықталды.
Таулы аймақтағы қалған бес ауылдық округтегі 19 елді мекенді газбен қамту бағытында мақсатты жұмыстар атқарылуда. 15 елді мекенді, атап айтқанда, Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған, Тасбастау, Қосмұрат, Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қоңыртөбе, Боралдай ауылдық округінің Көлтоған, Рысбек батыр, Ертай, Күреңбел ауылдық округінің Күреңбел, Қаратас, Қошқарата ауылдық округінің Қошқарата, Ақтасты, Қызтоған, және Шақпақ ауылдық округінің Шақпақ станциясын газдандыруға 2017 жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Жобаның құрылыс құны 2,628 млрд. теңгені, ал газ құбырының ұзындығы 102,3 шақырымды құрайды.
Газдандыру жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілуде. Өткен жылы құрылыс жұмыстарын бастауға 1,365 млрд.теңге, оның ішінде 1,203 млрд.теңге республикалық бюджеттен, 162,0 млн. теңге облыстық бюджеттен бөлініп, игерілді. Мердігері – «Таразстрой-2004» ЖШС. Бөлінген қаражатқа төрт елді мекенге, атап айтқанда, Тасбастау, Кәріқорған, Қоңыртөбе ауылдарына және Шақпақ станциясына жеткізуші газ құбыры тартылды.
Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарын жалғастыруға 803,152 млн.теңге, соның ішінде 722,837 млн .теңге республикалық бюджеттен, 80,315 млн.теңге облыстық бюджеттен бөлініп, бес елді мекен, атап айтқанда Майбұлақ, Шыңбұлақ, Қосмұрат, Күреңбел, Қаратас ауылдарына жеткізуші газ құбыры тартылуда.
2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылауда 2020 жылы газ құрылысы жұмыстарын аяқтауға қосымша 414,0 млн. теңгеге салалық министрлікке бюджеттік өтінім тапсырылған.
Таулы өңірдегі ауылдарға магистралдық газ құбырын тартумен қат-қабат ауыл ішілік газ тарту жұмыстары да жүргізілді. «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеті елді мекенге, атап айтқанда Тасбастау, Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Кәріқорған, Қоңыртөбе, Күреңбел ауылдарына жалпы құны 636,119 мың теңге қаржы бөлініп, бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Шақпақ станциясында ауыл ішілік газ тарту жұмыстары аяқталып, тамыз айының соңында пайдалануға берілсе, Шыңбұлақ ауылында жұмыстар 75 пайызға, Кәріқорған, Майбұлақ және Қосмұрат ауылдарында толығымен, Тасбастау және Қоңыртөбе ауылдарында 98-99 пайызға орындалған.
Жоба толығымен аяқталғанда, жалпы аудан көлемінде 38 елді мекен табиғи газбен қамтылып, қамтылу көрсеткіші 77,55 пайызды құрамақ. Бұл халық санына шаққанда, 47086 адамды, 89,56 пайызды құрайтын болады.
Газдандыру бағытындағы жұмыстар осымен тоқтап қалмай, алдағы жылы да жалғасын таппақ. Биылғы жылы таулы өңірдегі қалған Қаратас, Ертай, Көлтоған, Рысбек батыр, Ақтасты, Қошқарата, Қызтоған ауылдарына ауыл ішілік газ құбырын тарту үшін ЖСҚ әзірлеуге 35 835,7 мың теңге қаралған.
Билікөл аймағындағы төрт елді мекенді, атап айтқанда, «Қарабастау, Жылыбұлақ, Дарбаза, Әбдіқадыр ауылдарын газдандыру» қуаттылығы сағатына 10 мың текше метрлік «Билікөл» автоматты газ тарату станциясының құрылысына» ЖСҚ әзірленді 18,6 млн. теңге бөлінген. Жобалаушы мекеме – «Нұр-Құрылыс» ЖШС.
Елді мекендерге газ кіргізу 2023 жылға дейін аяқтау жоспарлануда.
Инфрақұрылымдық жобалардың ішінде маңыздысы – ауылдар арасындағы және ауыл ішіндегі автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары. «Ауылым – Алтын бесігім» бағдарламасы аясында Нұрлыкент-Теріс ауылдары арасындағы 1,04 шақырымдық және Ақсай ауылдық округінің «Диқан ауылына кіреберістегі» 1,606 шақырымдық автомобиль жолдары мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен аудан орталығындағы 14 көше жолы орта жөндеуден өткізілуде.
Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылы күннен-күнге көркейіп, ажарланып келеді. Халық банкі, балалар жазғы демалыс орталығы, мәдени-демалыс саябағы, аудандық орталық мешіт орналасқан Қонаев атындағы көшедегі жалпы ұзындығы 1,4 шақырым жол орта жөндеуден өткізілуде. Одан бөлек, тұрғындардың көптен бергі сұранысымен осы көшенің бір қапталына нөсер жауынды ағызып әкететін бетон науалар орнатылып, жаяу жүргіншілер соқпағы төселді.
Мердігер ұйым «L-BITA Темп строй» ЖШС бүгінде Д.Қонаев көшесі жолының тек үштен бірін ғана төсеп отыр. Жөндеу жұмыстары қыркүйектің 11-не аяқталатынын ескерсек, мердігердің кестені орындай алмау қаупі бар. Тапсырыс беруші ауыл әкімі Көбейсін Хайралаповмен әңгіме барысында Жібек жолы көшесінің бойындағы жол жиегіне жиектастар орнату, бірнеше тұстан автотұрақтар орнату жұмыстары да кестеден кеш қалып отыр. Мердігерге көше жолын салғанда, көшелер қиылыстарындағы жолдардың тегіс шығуын қамтамасыз ету талап етілуде. Сонымен қатар ауыл әкімі өз тарапынан мердігерге объектінің тапсыру мерзімі мен кемшіліктерді түзету туралы бірнеше мәрте ескерткенін, шартқа сай мерзімнен кешіккен әр күніне тиісті айыппұл санкциялары қолданылатынын айтады.
Одан бөлек, ауылдағы орталық саябақта да қайнаған қызу еңбек жүріп жатыр. Саябақты қайта жаңғырту жұмыстарын мердігер «Жасыл-Жуалы» МКК атқаруда. Аудан бюджетінен бөлінген 73,6 млн. теңгеге тозығы жеткен жазғы амфитеатр ғимараты бұзылып, жаңадан заманауи үлгімен қайта тұрғызылып, төбесі жабылады. Одан бөлек, жаңа спорт алаңдары, «Стрит воркаут» алаңшасы, балалар демалыс аймағы салынып, жарықтандыру жүйелері жүргізілуде, саябақты көгалдандыру және абаттандыру үшін арнайы суландыру жүйесі тартылып, тал-дарақтар ерекше күтімге алынуда. Сыртқы қоршауы жаңа эскизбен дайындалып, жасалуда, алдына көлік тұрағы салынуда. Серіктестік директоры Бақытжан Сүлейменқұл құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтауға күш салып жатқанын жеткізді.
Аудан аграрлық өңір болғандықтан, мемлекет биыл алғаш рет егіс алқаптарына су жеткізетін арналарды аршуға көңіл бөліп отыр. Осы мақсатта Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында 220 гектар алқапты суландыратын жеті шақырымдық су арнасын ағымдағы жөндеу, Бауыржан Момышұлы ауылында тұрғындардың үй іргесіндегі қосалқы шаруашылығын суландыратын су таратқыш жүйелерді жаңғырту, Шақпақ ауылдық округінің Шақпақата ауылындағы Д.Пахомов көшесі бойындағы науалар орнату, Нұрлыкент ауылдық округінің Нұрлыкент ауылындағы Е.Байғазиев көшесіндегі науаларды орта жөндеу, Қарасаз ауылдық округінің Қарасаз ауылындағы «Береке», Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Жарбұлақ» және Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылындағы «Қайрат» су тоғандарын ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталу үстінде.
Жалпы, ауылдағы ағайынның игілігі мен берекесін көздеген ұзын-ырғасы 38 жобада жергілікті тұрғындар еңбек етіп, әр жұмыс істеуші орта есеппен 85 мың теңгеден жалақы алуда. Кейбір іске қосылған объектілерде тұрғындар тұрақты жұмыс істеуге қалмақ.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»