Basty bet
Еңбек ер атандырады…
еңбек ардагерлері Әлжапар Бейсеқұлов пен Майкөн Байтұрсынқызының өмірлерінен бір үзік сыр
Біздің қазақ ақын халық, батыр халық. Халқымыз күнделікті тұрмыс-салтын, өмірдің бар өрнегін көбінесе өлең мен ән арқылы жеткізіп отырған. Жүректегі қатып қалған шер-мұңын, қуаныш-қайғысын да өлең-жырмен тарқатады. Оған мысал да, нақты оқиғалар да жетерлік. Осындай халық әндерінің бірі: «Дүние бір қисық жол бұраңдаған, Бақ тайса ерге дәулет құралмаған. Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең, Сонда да күдер үзбе бір Алладан» деп келеді. Бұдан біздің ұғатынымыз, түйетініміз не?! Дүниенің қисық жол екені рас. Тағдырдың тайғағында табаның тайса, дұшпаның түгіл, бірге жүрген досың да табалайды. Басыңнан бағың тайса ағайын-туысың да сенен теріс айналады. Бұрынғы аталарымыздың: «басыңнан бағың кетпесін, тақымыңнан тағың кетпесін» дегені осындайда айтылған ба деп қаласың.
Ауданға еңбек сіңірген боралдайлық еңбек ардагері, марқұм Әлжапар Бейсеқұлов та жастайынан әкеден жетім қалып, тағдырдың ауыр сынынан өтті. Бұғанасы қатпай жатып, еңбекке араласты. Қысқасы, бала Әлжапар қиыншылықты көп көрді. «Соғыс жылдары туған балаларда балалық шақ болған жоқ» дегенді үлкендерден көп естуші едік. Әлжапар бір жасқа толар толмаста әкесі Бейсеқұл соғысқа аттанып кете барады. Ол соғысқа өзі сұранып барған екен. Содан соғыста Сталинград майданында соғысып, кейіннен хабар-ошарсыз кетеді. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Әйтпесе, әкеден тірі айырылу ешкімге оңай емес. Атадан жалғыз туған Әлжапар ата-апаларының қолында тәрбиеленіп, еті тірі, пысық жігіт болып ержетеді. Техникумда оқып, мамандық игереді. Етек-жеңін жинап, еңбекке ерте араласып кете барады…
-Әлжапар екеуміз 1961 жылы үйлендік. Әлжапар да, мен де Рысбек батыр ауылынанбыз. Аталарымыз бір көшеде тұрған сыйлас кісілер еді. Екеуміздің де ата-аналарымыз шаруа кісілер болған. Келін боп түскенде екі енем болды. Үрзада, Сұлухан апаларымның қолында болып, сол кісілерден көп дүниелер үйрендік.
Үйленіп, бас құраған тұста Әлжапар да, мен де жас едік. Отағасы талаптанып оқуға түсуге ниеттеніп, Қордай ауданында ауыл шаруашылығы техникумын бітірді. Онда жағдай мәз емес. Екі енемнің де тұрмыс жағдайлары нашар еді. Бала кезде қиыншылықты көп көрдік. Бала болып ойнаған емеспіз, тойып тамақ ішкен жоқпыз. Анамыз бидайдың масағын теріп әкелетін. Біз соны талғажау етіп, қатарға қосылып кеттік.
Әлжапар техникумды бітіріп келіп, инженер болып жұмыс істеді. Қазіргі Қошқарата ауылында ол тұста ХХІ партсъезд атындағы үлкен колхоз болатын. Ол сонда колхоз бастығы, ауыл шаруашылығының ұтқыр ұйымдастырушысы Жұрымбай Медетовтың қол астында жұмыс істеп, сол кісінің тәрбиесін алып, колхоздың алдыңғы қатарлы кадрларының бірі болды. Кейіннен Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітіріп алды. Көлтоған ауылындағы «Путь к коммунизму» колхозында ұзақ жылдар инженер болып жұмыс жасады. Отағасымен бірге еңбек ете жүріп, балалар бірінен соң бірі дүниеге келе бастады. Жанұяда Рәсілхан, Әлия, Гуля, Айгүл, Жандарбек, Тұрлыбек, Қазыбек, Ғани есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп, жеткізген болатынбыз. Тағдырдың жазуымен отағасы өмірден ертерек өтті. Одан кейін бір қыз, бір ұлым жастай қайтыс болды. Баладан айрылу кез келген ата-анаға ауыр қайғы. Қалғандарына өмір берсін.
Өмірде көп қиыншылық көріп, талай әділетсіздікке ұшырадық. Жұмыс істеп жүрген ұжымында Әлжапардың адалдығына шек келтіргендер де болды. Ондағысы «шаруашылықтың арпа-бидайын ұрлады» деген жалған жала. «РСХО»-ның басшылығы жалған жала жауып, оны соттың алдына да апарды. Қызметтік тексеріс жүргізген орындар оның адал екеніне көз жеткізген шығар деп ойлаймын. Олай дейтінім, Әлжапар қай шаруашылықта жұмыс істесе де қазынаның мал-мүлкіне адал болды. Ақ сөйлеп, адал өмір сүрді деп сеніммен айта аламын,- дейді қазір әулеттің анасына айналып отырған Майкөн Байтұрсынқызы.
Өмірден көп нәрсе көріп, еңбекпен есейген Әлжапар Бейсеқұловтың Жуалы ауданының ауыл шаруашылығы саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол тұста «Бәрін білікті маман шешеді» деген қағида болатын. Әлжапар да өзі жұмыс істеген шаруашылықтарды алға сүйреп, тиісінше, мал басының көбеюіне, жерді тиімді игеріп, өнімділікті арттыруға, жерді агротехникалық шараларды сақтай отырып игеруге күш салды. Осындай білімді де, білікті, сонымен қатар, жұмысына жауапты әрі ұлтжанды азаматтардың, өз ісінің майталмандарының арқасында Одақ тұсында колхоз-совхоздардың шаруалары шалқыды деуге болады. Мұның бәрі ең алдымен елдің байлығы, халықтың ырысы мен берекесі болатын.
Өткен өмірдің өзі дәлел. Кеңес Одағы ыдырап, кеңестік кезең келмеске кеткен алмағайып заманның тұсында шаруашылықтар да тарап кетті. Малды асылдандыру, жерді тиімді игеру, егін егудегі талаптардың барлығы сақталмайтын болды. Одақ тұсында өмір сүріп, сонда жұмыс істеген аға буын өкілдерінің тәртіп пен талапқа баса көңіл бөлетіні, сол замандағы өмір сүру мен еңбек ету салтын жиі-жиі еске алып отыратыны сондықтан болса керек.
Әлжапар Бейсеқұлов Жуалы аудандық ауыл шаруашылығы бірлестігінде де жұмыс жасап, аянбай тер төкті. «РСХО» деп қысқартылып аталатын мекеме шошқа бордақылаумен айналысқан. Бордақылау алаңын сапалы жем-шөппен қамтамасыз ету жұмысының маңызы айтпаса да түсінікті. Осы мекемеде жұмыс істеген азаматтардың айтуынша, бірлестікке қарасты 10 мың гектардан аса егістік алқабы болған екен. Білікті маман осы мекемеге бас агроном болып орналасып, ұзақ жылдар жұмыс жасаған. Оның іскерлігі, жұмысты ұйымдастырудағы қасиеті аталған ұжымда айшықтала түсті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме дана халқымыз. «РСХО» мекемесінде Әлжапар Бейсеқұловпен бірге қызмет істеген ауыл шаруашылығы саласының ардагері Сапарбек Байсеріков былай деп пікір білдірген еді.
-Әлжапар Бейсеқұлов ауданда бірқатар шаруашылықта жұмыс істеген білікті маман, іскер ұйымдастырушы болатын. Оны Әлжекеңнің көзін көрген, бірге жұмыс істеген әріптестері жақсы біледі. Мен Әлжапар ағамен 15 жылдай қызметтес болдым. Ол кісі мекемеде бас агроном болса, мен мал шауашылығы бойынша маман болдым. Өмірде маған ақыл-кеңесін айтып, жол көрсеткен азаматтар болса, соның бірі Әлжапар Бейсеқұлов болатын.
Ұжымымыз үлкен. Мал бордақылаумен айналысатын мұндай мекеме Жамбыл облысында екеу ғана еді. Үлкен мекеме болғандықтан ұжымда жұмыс істейтіндердің де саны көп болатын. Әлжекең бас агроном. Бұл өте жауапты жұмыс. Себебі, бордақы малына жем-шөптің мол қоры қажет. Бірлестікке қарасты жерлерге арпа, бидай, жоңышқа, сүрлемдік жүгері егілетін. Егістік алқаптарды бас агроном қол астындағы бригадалардың күшімен игеретін. Бригададағы механизаторлар, комбайншылар, басқа да мамандарға бас агроном Әлжапар Бейсеқұлов басшылық жасайтын. Ол кісінің бірінші мамандығы инженер еді. Техниканың тілін жақсы білетін. Жұмысты да ынта-шынтасымен істеуші еді. Әлжекеңдей білікті мамандар өте сирек кездеседі.
Бірлестікке қарасты жерлер Көксайда және Құрамада болатын. 10 мың гектардан аса егістік алқапты игеру оңай жұмыс емес. Көктемнен қара күзге дейін алқаптың басында жүруің керек. Бас агроном Әлжапар Бейсеқұлов жұмыстың қиындығына қарамастан аянбай еңбек етті. Жұмысты жүйелі ұйымдастыра білді. Соның арқасында бірлестік көптеген жетістіктерге жетті.
Әлжапар ағаның азаматтық келбетіне тоқталар болсам, ол кісінің адами қасиеті өте жоғары болатын. Өте қарапайым, еңбекқор болды. Мен Әлжекеңнің немере інісі Тұрған Мақышевпен Алматы қаласында зоотехникалық-мал дәрігерлік институында бірге оқыдым. Сол жылдары Әлжекең де ауыл шаруашылығы институтында сырттай оқиды екен. Мені өз бауырындай көретін. Өмірден көрген-түйгенін, жұмыс тәжірибесін үнемі айтып, бағыт-бағдар беріп отыратын. Жұмысқа таңғы алтыларда келетін. Содан түннің ортасында бір-ақ келеді. Шаршауды білмейтін нағыз еңбекке жаралған адам еді Әлжекең жарықтық.
Әзіл-қалжыңды да келістіріп айтатын. Өзі де қалжыңды жақсы көтеретін. Уәдеге берік болды. Бір адамға уәде берсе, соны орындағанша тыным таппайтын. Мен Әлжекеңмен бірге жұмыс істей жүріп, ол кісінің жақсы қасиеттерін байқадым. Сынық салатын да қасиеті бар еді ол кісінің. Менен басқа да азаматтарды тәрбиеледі. Қол астындағы жұмысшыларына дауыс көтеріп, айқайлағанын көрген емеспін. Тіл табысып жұмыс істеді. Көпті көрген, көппен араласқан кісі еді. Отбасында Майкөн Байтұрсынқызы екеуі ұл-қыздарын тәрбиелі етіп өсіріп, жеткізді. Мұның бәрі үлкен еңбекті талап етеді. Өмірдің сынынан өтіп, өзін нағыз еңбек адамы ретінде көрсете білді. Қорыта айтқанда, Әлжапар Бейсеқұлов бүкіл өмірін ауданның дамуына арнаған үлкен жүректі азамат еді. Бір өкініштісі, өмірден ерте кетті. Артында қалған жары мен ұл-қыздарының өмірлерінің ұзақ болуына тілектеспін,- дейді Сапарбек Сауытұлы.
Бір айта кетерлігі, Әлжапар Бейсеқұлов еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ ауданда ең бірінші болып шаруа қожалығын құрған екен. Б.Момышұлы ауылының батыс жақ бетіндегі әулиебұлақтың маңындағы жерді игеріп, осында үлкен үй салды. Үйдің айналасына алма және терек, тағы басқа ағаштардың көшетін егіп, гүлдендірді. Егістіктің де, төрт түліктің де басын көбейтті. Оның тағы бір қасиеті, жаңашылдыққа құмар болатын. Мақсары дақылын ауданға әкеліп егіп, оны жерсіндірді. Бір жылдары мақсары майын да өндіріп, оны да шамалы уақыт кәсіптің көзіне айналдыра білді. «Еңбек ер атандырады» демекші, еңбектің майталманына айналған Әлжапар Бейсеқұловтың жарқын бейнесі, кісілік келбеті Жуалы жұртшылығының жадында ұзақ сақталатынына күмән жоқ.
«Орнында бар оңалар» деген. Әлжапардың Майкөн Байтұрсынқызы екеуі тәрбиелеп жеткізген ұл-қыздары бар, 23 немересі жайқалып, өсіп келеді. Отанасы екі мәрте қажылық парызын өтеп келген екен. Бес уақыт намазын қаза еткен емес. «Батыр ана» төсбелгісінің иегері, сексен жасқа аяқ басқан Майкөн апа қазіргі таңда қара шаңырақта немересі Абайдың қолында тұрып жатыр. Ақ жаулықты ана бізбен әңгімелесе отырып жас ұрпақтың білімді әрі иманды болып өсуін Алладан тілейтінін жеткізді.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ