Basty bet

Жұмыс сапасы тұрақты бақылауда

Кеше ауданға «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары, топ жетекшісі Нұржан Тілепов, топ мүшесі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев, топ мүшесі, облыстық көпбейінді ауруханасының заңгері Серік Жүсіпәлиев іссапармен келді. Ондағы мақсат – мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы және асырылған жұмыстарға талдау, зерделеу жұмыстарын жүргізу.

Зерделеу жұмысы Б.Момышұлы ауылындағы Д.Қонаев көшесінен басталды.
Көшенің жалпы ұзындығы 1420 метр. Смета құны 55,7 млн теңге. Аталған сомаға көше толығымен орта жөндеуден өткізілу қажет болатын. Алайда жөндеу жұмыстарын ұтып алған мердігер «L ВИТА-ТЕМП СТРОЙ» ЖШС жұмысты аяқталу мерзімінен кешіктіруде.
Топ жетекшісі Нұрлан Сейдәзімұлы тапсырыс беруші ауылдық округ әкімдігінің өкілі Мақсұт Орынбаевтан неге жобаның паспорты көшеге ілінбегенін, жұмысты уақтылы орындамағаны үшін мердігерге ескерту берілгені немесе берілмегені, тағы да басқа мәселелерді сұрады. Аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбековтың айтуы бойынша көшедегі жөндеу жұмыстарының тоқтап қалуына битумның жоқтығы себеп болып отырғанын жеткізді.
Мердігерге жоба қаржысының 80%-і аударылған.
-Көшеде жобаның төлқұжаты ілінуі керек. Онымен көше тұрғындары таныс болуы тиіс еді. Ол жоқ.
Сонымен бірге битум жоқ деген себеп есептелмейді. Тиісті қаржысы аударылған. Сондықтан мердігер тиісті жұмысты уақтылы аяқтауы керек еді,- деді Нұржан Тілепов.
Топ мүшелері №29 орта мектепке атбасын бұрды. Бұл мектеп 2005 жылы салынған. Алайда мектептің сырты жөндеуді талап ететін. Әсіресе, жел жағы жауын-шашыннан жыл да мүжіліп, оны жөндеуге ауданымыздағы ірі кәсіпкерлердің бірі Әбдібек Пошқаев демеушілік жасайтын. Биыл аудан әкімінің қолдауымен мектептің сыртын жөндеуге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда толық жөнделді. Жөндеу жұмысына 20 млн 769 мың теңге қаржы бөлінген. Қаржыны ұтып алған «Асау-инвестНиК» ЖШС-нің директоры Ағабек Байтақов бүгінде жұмысын толық аяқтаған. Мектеп басшысы Мұхамеджан Бейшенов аудан әкімі мен жұмысты сапалы орындаған мердігерге алғысын білдірді.
Келесі кезекте топ мүшелері Ақбастау және Жұрымбай ауылдарында жүргізіліп жатқан ауызсу жүйесінің жұмысымен танысты. Мұнда негізігі жұмыстар атқарылған. Алайда әлі де атқарылар жұмыстар бар. Мердігер аяқталу мерзіміне дейін жұмысты толық бітіруге уәде берді.
Топ жетекшілері сонымен бірге Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектепке барды. Орта мектепке биыл жапсарлас спортзал құрылысы жүргізілуде. Мұнда да негізгі жұмыстар аяқталған. Жалпы құрылыс жұмысына бөлінген қаржының 70%-і игеріліп отыр. Бүгінгі таңда 38 жұмысшы ішкі әрлеу, сырлау жұмыстарын атқаруда. Мектеп директоры Нұржан Құрмашев сонымен бірге мектеп ауласында абаттандыру жұмыстары мен мектепті қоршау жұмыстары да атқарылатынын жеткізді.
Топ жетекшілеріне жұмыс барысымен мердігер «Ай-Дин Тараз құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Бауыржан Қалаубеков пен мектеп басшысы таныстырды.
Іссапарды топ жетекшісі Нұржан Тілепов қорытындылады.
-Біздің мақсатымыз – мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен қаржы игерілуін бақылау. Сіздердің ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың кейбірінде белгілі себептермен мердігердің жұмысты кешіктіріп жатқан жағдайлары бар екен. Бірақ, мердігерлердің сөзіне сенсек, кешіккен жұмыстың бәрін атқарып, кемшіліктерді жойып, уақтысында үлгеруге уәде беріп отыр.
Мына Д.Пахомов атындағы орта мектептегі құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде екен. Яғни, мектепте жапсарлас спортзалмен қатар әжетхана, жылу жүйесі, сонымен бірге мектеп ауласына абаттандыру жұмыстары да жүргізілуде.Құрылыс жұмысын аяқтауға бір ай уақыт бар екен. Алайда мердігер екі-үш аптада жұмысты аяқтаймын деп уәде беруде. Жұмыс сапалы орындалса, ауыл тұрғындар үшін үлкен қуаныш деп есептейміз.
Біз енді өз тарапымыздан бұл мәселелердің барлығын бақылауда ұстаймыз. Іссапарымыздың қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында қорытынды отырыс өтеді. Отырысқа тиісті мемлекеттік құзырлы органдардың басшылары шақырылып, атқарылған жұмыстар туралы тапсырыс берушілер мен мердігерлердің есебі тыңдалатын болады,- деді ол.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close