Basty bet

Басты міндет – әдеп нормаларын сақтау

Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек, адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Мұндай сенім мен құрметке жету оңай емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа қызметшінің жеке мінез-құлық мәселесі және бар. Яғни, кызметшінің кәсібилік деңгейі мен жоғары моральдық адамгершілік қасиеттері қатар тұру керек.

Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір ант қабылдаған мемлекеттік қызметші осы қағиданы берік ұстанып, ұмытпауы тиіс. Ел игілігі үшін халық қамын ойлап, кез келген жағдайда елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Себебі, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты.
Осы ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі атты бөлімінде бұл саладағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажет екенін атап өтті. Ең алдымен мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастауымыз керектігін баса айтты. Сонымен қатар, пандемия және дағдарыс жағдайында мемлекеттік басқару жүйесі бар күш-жігерін жұмылдырып жұмыс істеп отырғанын жеткізді.
Президент өз Жолдауында мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құру қажеттігіне, пандемия кезінде мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігінің қашықтан жұмыс істеу режіміне көшуі мемлекеттік аппаратты қысқарту керектігін және бұған толық мүмкіндік бар екенін көрсеткендігін айтты. «Бізге жаңа кадрлар, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар қажет. Мемлекеттік қызмет қол жетпейтін жабық кастаға айналмауға тиіс. Сонымен қатар, кәсіби және этикалық нормалардың құлдырауына жол бермей, сабақтастық пен институционалдық дәстүрдің сақталуын қамтамасыз ету маңызды» деп мемлекеттік қызметшінің әдеп кодексін қатаң ұстану қажеттігін, жас мамандарға қолдау керектігін және мемлекеттік басқарудағы жаңа бастамаларды айтып өтті.
Мемлекеттік қызмет жұмысының тиімділігі әрбір мемлекеттік қызметшіге, оның тәжірибесі, ұқыптылығы, сондай-ақ кәсіби және жеке тұлғалық қасиеттеріне байланысты. Әрқашан халықтың мемлекеттік қызметкерлерден кәсібилікті, жоғары деңгейдегі адамгершілікті, отансүйгіштікті, заңдылықты мүлтіксіз сақтауды күтетінін есте сақтауымыз керек. Себебі, қарапайым халық шенеуніктен қолдау күтеді, әділдік іздейді.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары шеңберінде «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» қабылданды. Кодекс мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Қоғам – мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз, әрі адал қызмет етеді деп сенеді.
Мемлекеттiк қызметтiң жаңа принциптерi тиiмдiлiк, нәтижелiлiк, ашықтық, меритократия, этика талаптарын сақтау, құқықбұзушылыққа төзбеушiлiк сияқты бiрқатар iзгiлiктi құзыреттермен толықтырылған. Сондықтан, олардың бойында коммуникативтiлiк, ұйымдастырушылық, ұжыммен бiрлесе жұмыс жасай бiлу, мақсатты дұрыс анықтап, алдағыны болжау сияқты стратегиялық-логикалық қасиеттер табылуы қажет. Осының iшiнде, әсiресе, әдеп мәселесiнiң маңызы зор деп айтсақ болады.
Мемлекеттiк қызметшiлер жұмыс уақытынан бөлек, бос уақытында да әдеп кодексiн ұстануы мiндеттi. Оның iшiнде қызметкердiң сыпайы, адал, сабырлы, салмақты, ұқыпты болуы және кез келген ортада өзiн iскерлiк стильге сай ресми түрде ұстауы мiндеттелген. Сондай-ақ, мемлекеттiк қызметшi елiмiздегi тiлдерге, салт-дәстүрлерге сыйластықпен қарап, әдiл де заңды шешiмдер қабылдауы, жалған ақпар таратпауы, сын айтқаны үшiн бiреудi қудаламауы және мемлекет меншiгiн тек қызмет бабында пайдалануы қажет. Мұнан бөлек мемлекеттiк қызметшi жемқорлық фактiсiне қатысты, тiптi, есiмiнiң аталуына жол бермеуi, қол астындағыларды кемсiтпеуi және қызметкерлердiң барлығына құрметпен қарауы тиiс.
Мемлекеттiк қызмет – бұл барлық мемлекеттiк басқаруды ұйымдастыруда жетекшi рөлге ие, ең маңызды тетiктердiң бiрi. Мемлекеттiк қызметшiнiң моральдық бет-бейнесi мен этикасына айрықша көңiл бөлiнуiнiң себебi – оның iскерлiгiн ғана емес, айналасындағыларға деген құрметi мен iзетiн де жетiлдiру. Себебi, мемлекеттiк қызметшiлердiң бiлiмi мен бiлiктiлiгiне және жүрiс-тұрысына қарай қазiргi қоғамда халықтың атқарушы билiк жайлы көзқарасы мен оған деген сенiмi қалыптасатыны да белгiлi.
Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бiз мемлекеттiк қызметтiң кадрлық құрамын iрiктеу және кәсiби даярлықтың жетiлдiрiлген әдiстемелерiн енгiзу арқылы сапалы түрде жақсартуымыз керек» деп, мемлекеттiк қызметке деген мiндеттердi айқындап бердi.
Еліміздің мемлекеттік қызметшілерінің әдеп стандартын сақтауы сенімді түрде өркендеген, мәдениеті жоғары Мемлекет болуға қол жеткізудің нысаны екендігін аңғартады.
«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейді Алаш арысы Әлихан Бөкейхан. Қандай болғанда да, мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын сақтауға қалыптасуы, Әдеп кодексін оқып, өзін-өзі үйретуі, өзгеден үйренуі және өзгені үйретуі керек. Көпшілікпен жасалатын жұмыс ұжым арасындағы өзара қызметтік ынтымақтастықты нығайтуға, қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және ұжымды қызмет барысында ортақ мақсаттарға жетуге біріктіреді.

Серік Қойбақов,
аудан әкімі аппаратының
басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкілі

Таңдаулы материалдар

Close