Basty bet
Дайындық барысы зерделенді
Өткен аптаның соңында аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы аудандық орталық ауруханаға коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындық барысын зерделеу үшін арнайы барды.
Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің ғимаратына оттегімен қамтамасыз ету жүйесі орнатылған. Бүгінгі күні аудандық орталық аурухана дәрі-дәрмек, медициналық қорғаныс құралдары, антибиотик, тағы да басқа қажеттіліктермен шамамен екі айға жететін мөлшермен қамтылған.
Ауруханада COVID-19 індетінің ең жоғары деңгейінде жұмыс істейтін арнайы 11 мобильді топ құрылған. Оның құрамына жалпы тәжірибелік дәрігер, медбике, лаборант, психолог, әлеуметтік қызметкерлер кіреді. Оған қоса CALL-орталық іске қосылған.
Оттегі баллондарының саны 9-дан 49-ға жеткізілген. Сондай-ақ, өкпені жасанды желдету құрылғыларының 8, оттегі концентраторларының 22, Бобров аппаратының 20 данасы бар.
Жұқпалы аурулар бөлімінде қосымша 30 орын, қабылдау бөлімінің ішінен 30 төсек артық ашылып, барлығы 60 орынға кеңейтілген. Ауруханадағы жағдаймен бас дәрігердің міндетін атқарушы Нұрбай Ергебеков және ішкі аудит басшысы, хирургия бөлімінің меңгерушісі Қалдыбай Байрамов таныстырды.
Сонымен бірге, аудан басшысы аудан орталығындағы «Береке» дәріханасына барып, халыққа аса қажетті дәрі-дәрмек қорының қаншалықты екенін зерделеді. Дәріхана иесі бүгінде дәрі тапшылығы жоқ екенін және медициналық бетперде бағасының төмендегенін айтты.