Basty bet
Жалынды жас Бахтияр
Елімізде жастардың еркін өмір сүріп, оқып білім алуына қажетті жағдайлар жасалып отырғанын жақсы білеміз. Өйткені, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын да сол елдің жастары. Қазіргі таңда жастардың шетелде оқып, мамандық алып шығуына да барынша жол ашық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарғы оқу орындарда білім алып жатқан студент жастардың шәкіртақысын өсіріп, олардың жақсы білім алуына Үкімет тарапынан лайықты қамқорлық жасады.
Ел дамуының аясында біліммен қаруланған бірқатар жастар өз мамандықтары бойынша қызметке орналасып, қоғам дамуына барынша үлес қосып жүр. Солардың қатарында төтенше жағдайлар бөлімінде қызмет етіп жүрген жас маман Бахтияр Мағыртайдың есімін атап айтуға болады. Бахтияр Батырбекұлы 1997 жылы Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Ол 2003 жылы №1 мектеп-гимназияның табалдырығын аттап, аталған білім ошағын 2014 жылы жақсы үлгеріммен бітіріп шықты.
Асқақ арманы мен таудай талабы алға жетелеген бозбала Көкшетау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі Төтенше Жағдайлар Комитеті Көкшетау Техникалық Институтына оқуға түсіп, оны 2018 жылы жақсы бағамен бітіріп шықты. Жас маман Бахтияр Мағыртай алғашқы еңбек жолын Сарысу ауданы Жаңатас қаласының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері лауазымында бастаған. 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап Жуалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері лауазымында қызметін атқарып келеді. Шені – азаматтық қорғау аға лейтенанты. Жуалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ербол Әміров жас маманды өзінің тәлімгерлігіне алып, шеберлігінің шыңдалуына зор үлес қосуда. Ербол Шалхарұлының және ұжымдастарының айтуы бойынша, Бахтияр өте тәрбиелі, білімді, еңбекқор азамат. Ұжымның арасында да сыйлы, қарапайым және болашағынан үлкен үміт күттіретін маман.
Ол Шұғыла Жүншеевамен шаңырақ көтеріп, отбасын құрды. Бахтиярдың әкесі Батырбек Мағыртаев ауданға қарасты Ақтасты ауылының тумасы. Қазіргі уақытта №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің мұғалімі. Анасы Гүлнар Таңсықова уақытша жұмыссыз, қазіргі уақытта үй шаруасымен айналысады.
Бахтиярдың мектептегі сынып жетекшісі Жеделхан Бектұрова шәкірті туралы мынадай пікірде: «Бахтияр мектептегі әртүрлі іс-шараларға белсене қатысып, өзін тек жақсы жағынан көрсетті. Спорттық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан табылған озат оқушымыз болды. Тапқырлығы мен шеберлігін сынау мақсатында пікірсайыстар мен дөңгелек үстел отырыстарына, сонымен қатар, түрлі конференцияларға қатысып, өзінің қабілеттерін байқатқан жастың бірі болды» деген еді.
Айтса айтқандай, Бахтияр бүгінде өз қызметі арқылы айналасына танылып үлгерді. Ішкі істер саласындағы тындырымды қызметіне орай Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі Төтенше Жағдайлар Комитетінің Алғысхатымен бірнеше мәрте марапатталған. Онымен қоса, жоғарғы оқу орнының сертификаттарына ие болған жалынды жастың бірі.
«Ежелден ел тілегі, ер тілегі, Адал ұл ер боп туса, ел тірегі» деп даңқты қолбасшы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы айтқандай, Бахтиярдың өзі де бала кезінде: «Мен өскенде генерал боламын»,- деп армандайды екен. Асыл арманы арқылы оның нақты мақсатына жететініне біз де шынайы тілектеспіз.
Жуалы ауданы
Төтенше жағдайлар бөлімі