Basty bet

Жанашыр азаматтардың сыйы

Сана-сезімімізді, ұлттық дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарды одан әрі дамытуды мақсат тұтқан Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын. Бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өтер едім» деп сананы жаңғыртудың басты бағыттарын белгілеп берді. Оның ішіндегі «Прагматизм» деп аталатын бағытта: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек»-деді Елбасы.

Осы ретте, ата-бабамыздан қалған асыл қасиеттердің бірі – қайырымдылық қағидаттары әлемді шарпыған аты жаман індеттің алдын алу кезеңінде жарқын көрініс тапты. Туған жеріне жанашыр, жаны жомарт жандар қиын- қыстау шақта көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын берді. Көмектер қаржылай және азық-түліктей көрсетіліп, «Атымтай жомарт» азаматтар елдің алғысын алып, ризашылығына бөленді.

Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі, ізгіліктің көрінісі. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді дана халқымыз. Сонымен қатар, қайырымдылықты жақсылық жасаумен балап, оны имандылықтың, сүйіспеншіліктің, тәрбиеліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі деп біледі. Бұл асыл қасиеттеріміз бір-бірімізге көмектесуге, жанашырлық танытуға жетелейді. Яғни, ол арқылы халқымыздың бойындағы асыл қасиет қайта жаңғырып, рухани жаңғыруға бастау алады.
Мемлекетіміздің ең басты байлығы – халқының денінің саулығы мен амандығы. Осы ретте, биыл аты жаман індетпен бейбіт күнде ақ халатты абзал жандар күресіп, адам жанын өлімнен арашалады. Төрткүл дүниеге таралған бұл індет ең бірінші тыныс алу жүйелерін зақымдайтындықтан оны жұқтырған адамдардың демалуы қиындай түсті. Ауруханадағы кейбір жандар «жасанды ауа» жеткізетін аппараттың жетіспеуінен көз жұмып кетті. Әрине, бұл өкінішті-ақ. Дегенмен, бұл індетпен күресте халқымыздың бекем бірлігі көрініс тауып, оттегі концентраторы қайырымды жандардың ықпалымен ауруханаларға сыйға тартылды. Біздің ауданның азаматтары да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірігіп, туған өлкелеріндегі денсаулық сақтау мекемелеріне дәл осындай дүниені тарту етті. Мұндай игі іс Шақпақ ауылдық округінде де жалғасын тапты.
Шақпақ ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Ақжан Ахметов пен аймақтың белсенді жастарының бірі Нұрболсын Аманқұловтың бастамаларымен осыдан бір айға жуық уақыт бұрын «Жомарт жүрек» жобасы аясында «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» атты акциясы басталған болатын. Акцияны ұйымдастырудағы басты мақсат аталған округ орталығындағы дәрігерлік амбулаторияға «Оттегі концентраторын» тұрғындар атынан сыйлау болды. Аталған акция барысында «Каспий голд» реквизиті арқылы ауылдың жастары қаражат жинады. Акциядан аға буынның өкілдері де тыс қалған жоқ.
-Біздің бойымыздағы ең жақсы қасиеттердің бірі қайырымдылық деп білемін. Қайырымдылық тек қиын-қыстау кезде ғана емес кез келген уақытта жасалады. Әркім ниетіне қарай қайырымдылық жасайды. Біздің ауылдық округте де бұл уақытқа дейін түрлі қайырымдылық шаралары өткізіліп келді. Соның жалғасы ретінде дәрігерлік амбулаторияға оттегі концентраторын сыйлау үшін ұйымдастырылды. Әлеуметтік желідегі ауылдық округтің парақшаларына бастаманың барысы жарияланды. Бастамамыз қолдау тауып, аз уақыттың ішінде қаржы жиналды.
Акцияға аймақтың жанашыр азаматы Дүйсембиевтер отбасы да, нақтырақ айтқанда, Ақайдар Дүйсембиев ағамыз үлесін қосты. Өз тарапынан және ауыл жастарының әлеуметтік желі арқылы қолдап, акцияға белсене қатысуы нәтижесінде «Оттегі концентраторы» Шақпақата дәрігерлік амбулаториясына сыйға тартылды. Дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Гаухар Аңқабаева аппаратты қабылдап, акцияға қолдау білдірген ауыл жастарына және акцияны қолдаған Ақайдар ағамызға алғысын білдірді.
Негізінен бұл аппарат індеттің алдын алу мақсатында, сонымен қатар, денсаулық сақтау мекемесіне ең керекті медициналық қажеттілік ретінде сыйланды. Себебі, оны тек осы індетпен күрес кезінде ғана емес, өзге де оқыс жағдайларда пайдаланады. Бұлай дейтінім, ауылымыздың (атын атамай-ақ қояйын) тұрғыны осы аппараттың жоқтығынан аудан орталығына жеткенше сәбиінен айырылған болатын. Ол да өз кезегінде бастаманы бірінші болып қолдап, есепшотқа қаржы аударып, ризашылығын жеткізді.
«Жомарт жүрек» жобасы аясындағы «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» атты акциясына қатысқан, үлестерін қосқан барша аймақ тұрғындарына алғысымды білдіремін. Жалпы жиырма күннің ішінде 146 055 теңге қаражат есепшотымызға жиналды. Ақайдар ағамыз біздің бастаманы қолдап, пандемия кезінде алдын алып, өз жанұясы үшін алған 250 мың теңге тұратын аппаратты бізге небәрі 100 мың теңгеге берді. Қалғанын 150 мың теңгені өзі қосқан болып саналды. Енді 46 055 теңгені басқа да жақсылықтарға жұмсаймыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, игі бастаманы ауылдық округке қарасты Амансай ауылының тұрғыны Айдархан Балтабаев ұлдарымен бірге жалғап, өз қаражаттарынан денсаулық сақтау мекемесіне тағы бір оттегі концентраторын және бес пульсоксиметр тарту етті, – дейді Шақпақата ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Ақжан Ілиясұлы.
«Жас келсе, іске!» демекші, Ақжандай өз ісінің маманы кез келген істі дөңгелетіп әкетеді. Оның жұмысының нәтижесі әрдайым көзге көрінеді. Әлеуметтік желілерде туған жерін насихаттап, түрлі бастамаларды бастап жүр. Аталған ауылдық округтің әлеуметтік желідегі парақшаларында ауылдың әдемі көріністері, киелі жерлері, тыныс-тіршілігі және тағы да басқа қызықты дүниелер жарияланады. Желідегі мақалалар «менше сүй» атты хэштегпен орналастырылады. Бұл жас маманның туған жерін шексіз сүйетіндігін, өзге жерлердегі азаматтарға туған жерге деген сағынышын басу үшін жасалып отырады.
-Әлеуметтік желіні де пайдалы нәрсеге қолдануға болады. Біз қайырымдылық шаралары болсын, түрлі жарыстар болсын әлеуметтік желі арқылы тұрғындарды хабардар етіп отырамыз. «Жомарт жүрек» жобасы аясындағы «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» атты акциясын осы арқылы үлкен қолдау тапты. Алдағы уақытта «Шақпақ қоры» деп қор ашып, қорға қайырымдылық үшін қаржы жиналып отырса деген ниетіміз бар.
Одан бөлек, ауылдың белсенді жастарының бірі Нұрболсын Аманқұловтың бастамасымен «Түлектер аллеясы» деп аталатын саябақ ашсақ дейміз. Бұл ойымызды ауылдың жастары бірауыздан қолдап отыр. Жыл сайын эстафета арқылы жолданып, әр жылғы мектеп бітірушілері саябақты көркейтіп, тұрғындар сейіл құрып демалатын орынға айналдырсақ дейміз.
Сонымен қатар, елді мекендегі киелі жердің бірі Шақпақ әулиені «Тектұрмастай» орынға айналдырып, туризм саласын дамыту жоспарымызда бар. Бұл ұсыныс қолдау тапса, туған жеріміздегі киелі жерді өзгелерге көрсететін боламыз. Сондай-ақ, қазіргі таңда ата-бабамыздан келе жатқан асар дәстүрін жаңғыртып, «Асар» акциясы ұйымдастырылуда.
Whatsapp мессенджерінде тұрғындармен біріктірілген топ ашылған. Топта ауылда жасалатын игі бастамалар, өткізілетін шаралар туралы ой бөлісіп тұрамыз. Жиналған қаржының есеп-қисабы да осы жерде айтылады. Ақылдасатын, бірге атқаратын жұмыстар да осында шешіледі. Алдағы уақытта жазғы науқандағы жұмыстарда денсаулығына зиян келтіріп алған ауылдың тұрғынына акцияда жиналған қаржымен көмек көрсету жоспарлануда. Мұны барша тұрғындар мақұлдап отыр.
Әр адамның туған жерге деген жүрегінде ыстық сезім бар. Сол сезім туған өлкесін көркейтуге, дамытуға жетелейді. Осы ретте, ұйымдастырылған акция барысында ауыл жастарының белсенділігін байқадым. Халқымыздың бойындағы асыл қасиеттердің жоғалмағанын аңғардым. Бірлігіміз жарасқан осы қалпымызда әлі де талай істерді бірге атқарамыз деп сенемін, – дейді ауылдық округтің жастар ісі жөніндегі инспекторы.
«Туған жерге туыңды тік!» демекші, әр азамат өзінің туған өлкесіне жанашырлық танытып, ата-бабамыздан қанымызға дарыған асыл қасиеттерін ұстана білуі тиіс. Сонда қоғамда бір-біріне деген мейірімділік пен бауырмалдылық, қайырымдылық көп болады. Әсіресе, еліміздің ертеңі саналатын жастар арасында бұл игі қасиеттерді жаңғыртып, рухани жаңғыруға жол бастау керек. Себебі, ұлттық құндылықтарды сақтайтын, игі қасиеттерді кейінгі ұрпаққа жеткізетін аға буын өкілдерінен кейін жастар қауымы саналады. Ал, шақпақтықтардың игі бастамалары, ауызбіршілігі көпшілікке үлгі-өнеге болуы тиіс.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close