Basty bet

Ана жанының арашашысы

Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар бар. Соның бірі – дәрігерлер. Оларды «ақ желеңді асыл жандар, адам жанының арашашысы» деп жатамыз. Әр адам өз өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласын, шарапатын сезінеді. Сондықтан бұл мамандық иелерін қалай атасақ та артық етпейді.

Ауданымыздағы білікті дәрігерлердің бірі – ауданның бас акушер-гинекологы Ғазиза Егізбаева.
Ғазиза Серғазықызы 1981 жылы Ақбастау ауылында мұғалімдер отбасында өмірге келген. Әкесі Серғазы Әлтаев 40 жыл ұстаздық жолда абыроймен еңбек еткен үздік ұстаз. Анасы Дариха Сәдуақасова да 40 жыл орыс тілі пәнінің мұғалімі болды.
Ғазиза Егізбаева1998 жылы Бейімбет Майлин атындағы орта мектепті үздік тәмамдап, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясының емдеу ісі факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын 2006 жылы бітіріп, аудандық емханаға акушер-гинеколог болып орналасады. 2008 жылы аудандық перзентханаға дәрігер-ординатор болып ауысады. 2017 жылдан бастап аудандық аурухананың бас акушер-гинекологы болып қызмет етіп келеді.
Дәрігер болу – Ғазиза Серғазықызының бала кезден арманы.
– Отбасымызда үш ұл, үш қызбыз. Олардың көбінің мамандығы мұғалім. Менің дәрігер болуыма ата-анам қарсы болды. Ол кісілер: «сенің мінезің заңгерлікке келеді, заңгер боласың» дейтін. Мектеп бітірген соң мені жоғары оқу орнына заңгерлікке алып барды. Бірақ мен оқымаймын деп кетіп қалғанмын.
Шындығында дәрігер болуды бала кезімнен қатты армандадым. Оған себепкер әкемнің қарындасы бүгінде елімізге танымал акушер-гинеколог, «Алтын скапель» иегері Зәуреш Аманжоловаға қатты еліктедім.
Жоғары оқу орнына түсіп, бітіріп, жұмысқа орналасқанымда қуанышымда шек болған жоқ.
Алғаш перзентханаға ауысып, кезекшілікке түскенде ауыл алыс болғандықтан күндіз-түні үйге бармай перзентхананың бір бөлмесінде жатып жұмыс істейтінмін.
Дәрігер болу – әрине қиын. Дәрігерлерге ешқашан қателесуге болмайды. Себебі, адамның денсаулығы, өмірі үшін жауаптысың. Уақытпен санаспай еңбек етесің.
Ең қиын сәт ауыр халдегі науқастың жағдайына байланысты шешім шығару жауапкершілігі өзіңе жүктелген сәт. Ондай сәтте бүкіл өмірің көз алдыңа елестейді, жеке өмірің мүлдем есіңнен шығып кетеді, бар ойың науқасты қайткенде де аман алып қалу. Ал, ең қуанышты, бақытты сәт – әрбір босанатын әйелдің аман-есен босанып, сәбиін құшағына алып қуанғанын көрген сәт.
Еңбек жолымда бірнеше рет білім жетілдіру курстарында болдым. Алматыда, Астанада «Ана мен бала» орталығында іс-тәжірибеден өттім. Белорусия елінің мамандарымен тәжірибе алмасу мақсатында өткен семинар-кеңеске қатыстым. Мемлекетіміздің Белорусия мемлекетін таңдаудағы себебі, ол елде соңғы он жылда ана мен бала өлімі болмаған екен.
2016 жылы акушериядағы ультра дыбыстық зерттеу саласы бойынша оқыдым.
Жалпы еңбек жолымда маман болып қалыптасуыма ұстазым акушерия саласының көшбасшысы Ашилова Замира Құдайбергенқызының еңбегі өте көп. Кейбір жандар өзінің білгенін ешкімге үйреткісі келмейді. Ал, Замира Құдайбергенқызы өзі өмірін жұмысына арнаған жан және шәкірттерінен де соны талап етеді. Жас маман ретінде күндіз-түні жанына ертіп, бар білгенін үйретуден жалыққан емес. Ол кісінің «Ешқашан уақытпен санаспа, жұмысты жанашырлықпен істе, ізденуден, еңбектенуден жалықпа» деген сөзі өмірлік ұстанымыма айналған. Әрине, қаталдығы да бар. Сол қасиетімен жас мамандарды ширата да біледі. Ол кісі жанымда болса, маған рух береді. Еңбек жолымда қандай биіктікке жетсем де сол кісінің еңбегі, үлесі көп деп есептеймін.
Өмір сүре келе көп нәрсені көңілге түйесің. Күнделікті қаншама әйел-ана келіп көмегімізге жүгінеді. Әрқайсысының өмірі, тағдыры әртүрлі. Сондықтан науқаспен тығыз қарым-қатынаста болу керек. Дәрігер алдына келген жанның тәнін де, жанын да жаза білетіндей мейірімді, кішіпейіл, шарапатты болуы қажет. Әрдайым жедел көмек көрсетуге дайын болуы тиіс. «Бұл менің жұмысым емес» деген немқұрайдылықтан аулақ болуы қажет.
Дені сау анадан ғана дені сау бала туылады. Сондықтан әрбір әйел, отбасы жанұяны жоспарлау, денсаулықты күту, жүктілікке дайындыққа қатты мән беру керек. Жанұяны жоспарлау туралы Денсаулық сақтау министрінің бірнеше бұйрығы бар. Бұл мәселе ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Себебі, ана мен бала өлімінің алдын алудың бірден бір жолы осы. Бірақ, өкінішке орай бұл мәселеге көңіл бөлмейді. Аяғы ауыр әйелге отбасы қолдау білдірмейді. Яғни, ілім мен білімнің аздығы көптеген келеңсіз жағдайларға жеткізіп жатады.
Ауруханада науқасқа шұғыл көмек көрсету қажет болған жағдайға арналған арнайы жасақталған мобильді топ бар. Оның жетекшісі бас дәрігер Батихан Алпысбай. Құрамында білікті, тәжірибелі Қалды Байрамов сынды, т.б дәрігерлер бар. Жалпы қай ұжымда болмасын жұмыс командамен бітеді. Барлығы ауызбіршілікпен, жауапкершілікпен еңбек еткенде ғана нәтижелі болады. Біздің аурухана ұжымы қалыптасқан кәсіби ұжым,- дейді Ғазиза Серғазықызы.
Дәрігер-гинеколог жолдасы Орынбасар Егізбаев екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Жолдасы Орынбасар Әбзаділұлы жедел жәрдем бөлімінің фельдшері. Сонымен бірге ауданымзға танымал футболшы. Спортсүйер азамат ТарМУ-ден дене шынықтыру мамандығын да алған.
Дәрігерлер отбасының тұңғыштары Әйгерім биыл Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияны «Алтын белгіге» аяқтап отыр. Арманы – тіл қатынастары маманы болу. Екінші перзенттері Ғалымжан 10 сынып оқушысы. Кенжелері Алуа №1 мектеп-гимназияның 1 сынып оқушысы. Ол қазірден дәрігер болуды армандайды екен.
– Отбасымызда анамызбен бірге тұрамыз. Анамыздың есімі Күлзада Құттымбекова. Мен үнемі шүкіршілік етіп отырамын. Енем менің бағыма жолыққан кісі. Айлап оқуда боламыз, күндіз-түні жұмыста боламыз. Соның барлығын түсініп, қандай жағдайда да қолдау білдіріп отырады. Барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, біздің алаңсыз жұмыс істеуімізге жағдай жасап отырған жан,- дейді дәрігер.
Әрбір анаға қолынан көмегін аямайтын ақ халатты абзал жан Ғазиза Серғазықызын төл мерекесімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, жұмысына табыс пен абырой тілейміз.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close