Basty bet

Еңбекпен жеткен абырой қымбат

«Халқымыз – кейде дана, кейде бала. Әсіресе, бала дегенде жүрегі елжіреп, тілегі мөлдіреп тұратыны содан болса керек. Ұрпағым жалғасса деген шынайы тілектерін дүниеге келер балаларына риясыз көңілден арнап, олардың аман-есен болуларына ерекше мән берген. Даланың өз философиясы мен шындығы, өз заңдылықтары бар. Оның бәрі ата-бабамыздың өмір сүру салтынан, ұлттық дәстүрінен айқын көрініп, анық танылып жататын. Қазіргі кезде біз оны бірде ескіліктің қалдығы, енді бірде күні өткен дәстүр ретінде қарап, жеңіл байлам, желбуаз әрекеттерге де бой беріп қалып жүрміз». Біз бұл сөйлем жолдарын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары» деп аталатын еңбегінен алып отырмыз.

Тамырсыз ағаштың жайқалып өсіп, шаршаған жанға сая болмайтыны сияқты қай халықтың болсын ежелден қалыптасқан өмір сүру дәстүрлері болады. Біздің қазақ халқында дала философиясы, атадан балаға мирас болып келе жатқан ізгі қасиеттердің жөні бөлек. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда барады» демекші, ата-бабалар дәстүрінің өміршеңдігін, ұрпақтар сабақтастығын қазіргі заманның беталысынан да анық байқауға болады.
Адам мәңгі жасамайды. Мәңгі жасайтын оның ісі, жақсы қасиеттері, артында қалған тәрбиелі ұрпағы болмақ. Еңбекпен жеткен абырой да, жетістік те қымбат. Осы орайда аудандағы үлкен елдімекендердің бірі Нұрлыкент ауылында түтін түтетіп, ұлағатты ұрпақ өрбітіп отырған Түлкібаевтар әулетінің еңбек пен өмір сүру салты жайында әңгімелемекпіз.
Бүгінде әулеттің алтын діңгегіне айналып отырған ата мен әже Оралбек Түлкібаев пен Сұлукүл Байдуанованың отандасқандарына жарты ғасырдай уақыт болды. Бұл отбасында бір ұл мен үш қыз тәрбиеленген. «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан» деп хакім Абай өсиет еткендей, отбасында өнегелі тәлім-тәрбиемен өскен балалар бүгінде өмірден өз орындарын тапқан. Отағасы Оралбек ата 1949 жылы ата-бабаның бұрынғы қонысы болған Ергебексайда туған екен. Ал Сұлукүл апа Бақалы ауылында туып-өсіпті.
-Біз әкеміз Қалыбек Түлкібаевтан сегіз ағайынды тарағанбыз. Біздің жас күнімізде әкем колхозда қаржы агенті, жылқышы болып жұмыс істеді. Анамыз үй шаруасында болатын. Ата-анамыздың қасында жүріп еңбекке жақын болып өстік. Оның ішінде халқымыздың атакәсібі болған мал бағу жанымызға жақын. Бала кезімнен бастап мал дәрігері болсам деп армандадым. Біз тұрған ауылға мал дәрігерлері келіп, төрт түлікті емдейтін еді. Мен соларға қатты қызықтым. Көктөбе ауылындағы бұрынғы Ю.Гагарин атындағы орталау мектепті бітірген соң екі жылдай колхозда жылқы бақтым. Сөйтіп, 1966 жылы Луговойдағы мал дәрігерлік техникумына түсіп, оны үздік бағамен аяқтадым. Оның арасында екі жыл Ресейдің Түмен қаласында Отан алдындағы әскери борышымды өтеп келдім. 1970 жылы «Большевик» колхозына мал дәрігері болып орналасып, содан колхоз тарағанша табан аудармай сол ұжымда жұмыс істедім.
Онда колхоз шошқа ұстайтын. Алғашында шошқа фермасында жұмыс істеп, сонымен бірге, жылқы, қой, сиырдың түрлі ауруларының алдын алып отырдым. Төрт жылдай ферма меңгерушісі қызметінде болып, жалпы аталған колхозда бес бастықпен тіл табысып жұмыс істедік. Асылында, жан-тәніңмен сүйіп жасаған жұмыс қана өз жемісін береді. Бұл – өмір шындығы. Еңбектен, жалпы жұмыс істеуден қашпау керек. Өзім де жан-жүрегіммен қалап алған жұмысымның арқасында ұжымда сыйлы болдым. Еңбегіміз еленіп аудандық газетте мен туралы мақала жарияланды, суретіміз Құрмет тақтасында ілініп тұратын. Құрметті, абыройлы болу үшін кез келген азамат өз жұмысын шын көңілден жасау керек. Сонда ғана биік беделге ие боласың,- дейді еңбек ардагері Оралбек ата.
Өз ісінің хас шебері болған Оралбек атаның ветеринария саласында тәжірибесі мол. Ол мал ауруларының алдын ала жүріп, өзін кәсіби маман ретінде үнемі жетілдіріп отырды. Жұмыс барысында тентек қойдың миына ота жасау, өз күшімен туа алмаған сиырды ота жасау арқылы тудыру сияқты тәжірибелерді терең меңгере білді. Мұндай тәжірибелі мамандар қазір жоқтың қасы.
Өмірден көрген-түйгені мол, білікті мал дәрігері Оралбек Қалыбекұлы өз кезегінде білікті шәкірттер тәрбиелей білді. Атап айтқанда, Шырынтай Бекбауов, Қанат Қартабаев, Ғабитбек Кебеев, Зәуірбек Қошмамбетов, Әнуар Махаев, Есенбай Бекболатов (марқұм) Орағаңның тәлімін алған азаматтар. Қазір олар – ветеринария саласының майталмандары.
Шырынбек Бекбауов еңбек жолын ауданда бастап, кейіннен облыстық ветеринарлық станцияны басқарды. Елордада министрлікте жұмыс істеп, зейнетке шыққан айтулы азамат. Ал Қанат Қартабаев қазіргі таңда облыстық ветеринария басқармасында бөлім басшысы. Ғабитбек Кебеев 2015 жылдан бері «Жуалы ауданы әкімдігінің ветеринария қызметі» ШЖҚ КМК-ның директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.
-Оралбек ағамен «Большевик» колхозында бірге жұмыс істедім. Мен онда жаңадан оқу бітіріп келген жас маман болатынмын. Ағамызға шәкірт бола жүріп, ветеринария саласының қыр-сырына қанығып, тәжірибе жинақтадым. Оралбек Қалыбекұлын өз ісінің нағыз шебері деп айтуға болады. Ол кісі көбінесе тәжірибе жүзінде жұмыс жасайтын. Мұндай білікті мамандар қай уақытта да абырой биігінде. Шәкірті ретінде мен ол кісіге ұзақ ғұмыр тілеймін,- дейді Ғабитбек Ақылбекұлы.
Әйел қашанда отбасының, ерінің тірегі, балаларының анасы, өмірге ұрпақ әкеліп тәрбиелеуші. Осы орайда, жанұяның отанасы Сұлукүл Байдуанованың да еңбегін айтпай кетуге болмас. Апайдың негізгі мамандығы медицина қызметкері. Ауылдағы балабақшада ұзақ жылдар балалар медбикесі болып жемісті жұмыс істеген екен. Еңбек ете жүріп балаларының бойына жақсы тәлім-тәрбиенің нәрін сіңіре білді. Соның нәтижесі болар, бүгінде ұл-қыздары кеңінен өркен жайып отыр. Бұл отбасындағы жалғыз ұл Асқардың мамандығы – фотограф. Қазір аудан орталығында фотостудия ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. Қыздары Ләззат, Алмаш, Жанар өмірден өз орындарын тапқан. Үшеуінің де өз алдына жеке кәсіптері, шаруа қожалықтары бар.
Ұлағатты, өнегелі, іргесі берік отбасылар қашанда қоғамның мықты тірегі. Нұрлыкент ауылының байырғы тұрғындары осында ұрпақ өрбітіп, мәуелі бәйтерекке айналып отырған Түлкібаевтар отбасының ұл-қыздарынан 14 немере, төрт шөбере тараған. Бұл да ұрпағының аман, көп болуын тілеп отырған ата мен әже үшін үлкен көз қуаныш. Ежелден ұрпағының көп болуын тілейтін халқымызда бала, немере, шөбере дегенде елжіремейтін жүрек, мөлдіремейтін тілек болмайтыны айтылады. Бүгінде әулеттің үлкен немерелері Әлішер мен Милана Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларындағы жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Ал Оралбек Қалыбекұлының жиен немересі Тәуіржан Рақым нағашы атасының жолын қуып, бүгінде Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде мал дәрігері мамандығының қыр-сырын меңгеру үстінде.
Атаның жолы – балаға үлгі. Адал еңбекпен өніп-өскен, кезі келгенде осынау отбасылық құндылықтарды жан-жағына айтудан жалықпаған Түлкібаевтар жанұясының қара шаңырағына ұлы Асқар Оралбекұлы мен келіні Надежда иелік етіп отыр. Ал Оралбек ата мен Сұлукүл апа әулеттің ақылшысы болып, бейнеттерінің зейнетін көріп отырған бақытты қариялар. Олар еңбектен қол үзген емес.
Адамның белгілі бір кәсібі, өз алдына тірлігі болмайынша оның ел ішінде де қадірі болмайды. Түлкібаевтар отбасы мұндай еңбек жетістіктеріне отбасындағы ауызбіршілік пен ынтымақтың, адал да қажырлы еңбек етудің арқасында жетіп отыр. Тегінде еңбекпен жеткен абырой қымбат. Өмірлік асыл мұраттарға тек қана адал еңбек жеткізетінін ұмытуға болмайды.

Таңдаулы материалдар

Close