Basty bet
Көзге көрінбейтін жаумен жағаласқан
Осыдан 35 жыл бұрын, яғни 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр стансасының төртінші блогі жарылды. Апаттың зардабын жою жолында 100 мыңдаған сарбаз Отан алдындағы борыштарын атқарды.
Стансадағы жарылыстан радиация көрші мемлекеттерге де жеткен. Оның салдарынан ондаған адам қайтыс болып, кейін мыңдаған адам радиациядан уланып өлді.
Чернобыль атом электр стансасындағы апаттан кейінгі 8 минутта 4-ші реактордан сыртқа шыққан 140 тонна радиактивті отын ауаға тарады. Ядролық реактордың жалыны 350 метрге көтеріліп, салмағы бір тоннаға жететін темір жабулар әуеге ұшты.
Чернобыль АЭС-дағы жарылыс – келтірген залалы мен салдары жағынан ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат. БҰҰ-ның 1995 жылы жасаған есебі бойынша аталған апаттан 9 миллион адам зардап шеккен. Оның төрт миллионы 14 жасқа дейінгі балалар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы радиактивті элементтің құрамында адам ағзасына қатерлі ісік ауруларын тудыратын цезий – 143, йод-131 түзілімдері болғанын анықтап отыр.
Апаттың зардабын жоюға КСРО-ның барлық республикаларынан еріктілермен қатар арнайы қызмет орындарының өкілдері де жіберілді. Басым бөлігі әскери қызметкерлер болды. Химиялық қорғау полкінің құрамында шамамен 32 мың қазақстандық болған.
Чернобыль апатының зардаптарын жоюға барған қазақстандықтардың ішінде біздің жуалылықтар да бар.
Жақында редакцияға Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан үш ардагер келіп, апат жайлы, бүгінгі бейбіт өміріміздің қадірі, жас ұрпақтың тәрбиесі туралы пікірлерімен бөліскен еді.
Алдымен ардагерлердің өмір жолына қысқаша тоқталып өтейін.
Әзімхан Әмірсейітұлы 1953 жылы Ынтымақ ауылында өмірге келген. Шақпақата ауылындағы С.Киров атындағы (қазіргі Қ.Сағындықов атындағы ОМ) орта мектепті бітіріп, 1972-1974 жылдары Байкалда әскери борышын өтейді. Әскерден келген соң “Креминевский” совхозында механизатор болып еңбек жолын бастайды. 1980 жылы “Қазауылшаруашылығы техникасы” мекемесіне механик болып ауысады. Кейін “Жеміс-жидекпен қамтамасыз ету базасының” аудандық филиалында механик болып жұмыс істейді.
Чернобыль апатының зардаптарын жоюға 1988 жылы тамыз айында барады.
-Жуалы аудандық Қорғаныс бөлімі шақырып, Чернобыльдегі жағдай туралы, апат зардаптарын жоюға мен өзімнің мамандығым бойынша баруым керектігін айтты. Сонымен ауданнан алты жігіт бірге шықтық. Ал, облыстан 100 шақты жігіт аттандық. Алдымен әскери дайындықтан өттік.
Ыстық нүктеге 30 шаршыметр қашықтыққа пост қойылыпты. Постта адамдар үстінде радиациялық шаң-тозаңның қаншалықты бар екендігі жөнінен тексеруден өтеді.
Чернобыль шағын ғана қала екен. Қала тұрғындары апаттан кейін басқа жаққа көшірілген. Сондықтан қала бос қаңырап қалған.
Барған жігіттерді казармаларға бөлді. Біз ІІ ротаға түстік. Міндетіміз – машина залын тазалау. Залдың астаң-кестеңі шығып, қопарылған. Уран шашылып жатыр. Сол арада 50-100 тонналық бірнеше крандар бар. Менің жұмысым – сол крандардың үздіксіз жұмыс істеуін қадағалау.
Жұмыс істейтін жерге үнемі су себіледі. Яғни, радиациялық шаң-тозаң көтерілмеуі керек.
Ол жерде әр жұмыс түрінің өз уақыты бар. Мәселен, менің жұмысым тәулігіне екі сағаттан артық болмауы керек. Кейбір жерде кей жұмыстардың уақыты бір немесе екі минут. Себебі, одан артық жүрген адам, яғни көп доза қабылдап қойған адам уланып, басы айналып, құлап, сол жерде қайтыс болып кетуі мүмкін. Көп доза қабылдап қойған адамның қаны ақ қанға айналып кетеді екен. Залалсыздандыру жұмысына тартылған талай жігіттерге “жедел жәрдем” шақыртылды. Тіпті кейбірін дәрігерлер тікұшақпен келіп, тіке Мәскеуге алып кеткен кездер болды. Олардың кейбірі құтқарылды, кейбіреуі қайтыс болып кетті.
Асхана қай кезде болса да ашық. Киімімізді жиі ауыстырып, жиі жуынамыз. Бетпердесіз жүруге болмайды.
Ол жақта алты ай болдым. Елге келген соң емханаға тіркеліп, үнемі тексеріліп тұрдым. Радиациялық шаң-тозаңның денсаулығымызға қаншалықты зиян екені ауылға келген соң қатты біліне басталды.
Қазіргі таңда ауданнан барған 30 шақты ардагердің 12-і ғана қалдық. Барлығының түрлі дәрежедегі мүгедектігі бар. Бірінің тістері, шашы түсіп қалса, бірінің баласы болмай қалған.
Ауылға келген соң жеміс-жидек базасында қайта жұмыс істедім. 1997 жылы денсаулығыма байланысты ІІ топтағы мүгедектік беріліп, содан бері жұмысқа жарамсыз болдым,- дейді ардагер.
Әзімхан Әмірсейітұлы жұбайы Бибіажар Наурызбаева екеуі екі ұл тәрбиелеп өсірді.
Алланың берген алты немерелері бар. Ел арасында ел қатарлы өмір сүруде.
Ал, Серік Рахманқұл 1964 жылы Меркі ауданында туған. 1975 жылы Жуалы ауданына көшіп келіп, Қайрат ауылындағы Октябрьдің 40 жылдығы орта мектебінде оқиды. Мектеп бітірген соң су шаруашылығы мекемесінде жұмыс істейді. 1982-1984 жылдары әскери борышын Монғолияда өтейді. 1984-1987 жылдары аудандық білім бөлімінде жүргізуші болып еңбек етеді. 1987 жылдың қаңтар айында Чернобыль апатының зардаптарын жоюға аудандық әскери бөлімнен жіберіледі. Чернобыльдан маусым айында келіп, әрі қарай еңбекке араласады. Екі жыл темір жолда жұмыс істейді. Кейін көмір базасында жүк тасушы болып еңбек етеді.
Алғаш денсаулығына байланысты ІІІ топтағы мүдедек болса, 2005 жылдан бастап мүгедектігі ІІ топқа ауыстырылған.
Отбасында жұбайы Гүлайым Топаева ауруханада медбике болып еңбек етеді. Екеуі үш ұл, бір қызынан әзірге төрт немере сүйіп отыр.
Үшінші ардагер Мұратбек Абдуалиев болса, Чернобыльге 22 жасында барған.
Аталған апат жайлы ресми деректерге сүйенсек, КСРО Қорғаныс министрі Д.Язов қол қойған №045 бұйрықта “…залалсыздандыру жұмыстарына жасы 30-ға жеткен, әрі үйленген, екі немесе одан да көп баласы бар азаматтар ғана тартылсын. Бұл жұмысқа тартылу мерзімі үш айдан аспасын” деп жазылған. Алайда апатты залалсыздандыруға жастары жиырмаға толмаған әскерге шақырылғандар да тартылған. Тіптен екі жыл қатарынан сонда әскери қызметін өтегендер де болыпты.
Мұратбек Абдуалиев сондай жастардың қатарында болған.
Мұратбек Талапұлы 1963 жылы Күреңбел ауылында дүниеге келген. Күреңбел орта мектебінде 8 сыныпты бітіріп, Тараз қаласындағы СПТУ-14 оқу орнында электромонтажшы мамандығы бойынша оқиды. 1983-1985 жылдары әскер қатарында болады.
Әскерден соң Тараз қаласында “Қазхимэлектромонтаж” мекемесінде мамандығы бойынша жұмыс істейді. 1986 жылы Чернобыльге жіберіледі. Онда да мамандығы бойынша жұмыс істейді.
-Чернобыльде мен төрт ай болдым. Негізгі жұмысым кабель тарту болды.
Чернобыльге барғанда мен небәрі 22 жаста едім. Әлі үйленбегенмін. Жанымдағы үлкен кісілер маған жандары ашып, көп жұмыс істетпейтін.
Көп радиация қабылдаған адам бірден қайтыс болып кетеді. Бір жолы бір грузин өз еркімен ту тігу тапсырмасын атқарып, болған соң ауыз-мұрнынан қан кетіп қайтыс болып кетті.
Ауылға келген соң да анам менің денсаулығыма алаңдап, қатты көңіл бөлді. Жақсы күтімнің арқасында болуы керек Аллаға шүкір, қазір отбасымызда бір ұл, бір қызымыз бар,- дейді ардагер.
Ауылға келген соң өзінің жұмыс орнына қайта барып жұмыс істейді. Кейін қысқартуға түсіп, “СУ-1″ құрылыс мекемесіне плотник-бетоншы болып жұмысқа кіреді.
1990 жылдары мекеме жабылып, ауылға келіп, колхозда жұмыс істейді.
Ал қазіргі таңда ІІ топтағы мүгедектігі бар ардагер. Жұбайы Дина Рақышева екеуі шағын кафенің жұмысын жүргізуде.
Ардагерлер:”Чернобыльге барып денсаулығымыздан айырылдық. Чернобыльдегі апат зардабын жоюшылар көзге көрінбейтін жаумен жағаластық. Бірақ, әскерге бару, Отанға қызмет ету – біздің азаматтық парызымыз деп есептейміз. Ендігі жерде жастар аман болсын. Тәуелсіз Отанымыз үшін адал қызмет етсін. Тарихымызды білсін, туған тілімізді, дәстүр-салтымызды құрметтеп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білсін. Алла тағала елімізді көлденең апаттан сақтасын. Еліміз көркейіп, ырысы арта берсін!” – дейді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»