Basty bet
Ардагерлерге құрмет көрсетілді
Қазақ халқы қарияны қазынаға балап, төрден орын берген. Қарияны көрсе, ет жүрегі елжіреген халықтың ұрпағымыз. Ардақты қарттардың бағзы заманнан қалыптасқан, ұрпақтан- ұрпаққа ұштасқан өмірлік мақсаты ел бірлігіне, халықтың ауызбіршілігі мен ынтымақтастығын берік дәнекерлеу, ұлттық бай рухани қазынаны шашау шығармай сақтау және молайта түсу еді. Олар қай кезде де осы міндетті жүзеге асыруда көсемдік танытты, мәрттіктің рухы бола білді. Өмірден көргені-білгені, түйгені мол ардақты қарияларға қошемет пен құрмет көрсету парызымыз. Осы ретте, қазыналы қарттардың төл мерекесі күні ауданның ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Айтулы мереке күні аудан әкімі Нарбай Ергебеков және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков, Ақсай және Мыңбұлақ ауылдық округтерінің ардагерлерін арнайы құттықтап, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың сый-сияпатын тапсырды. Ақсай ауылдық округі Қайрат ауылының тұрғыны Бекболат Әбделиев ұзақ жылғы ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесі жолындағы белсенді қоғамдық қызметімен ардагерлер қозғалысын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен және Мыңбұлақ ауылдық округі Көлбастау ауылының тұрғыны Әбжапар Айсадықов облыстық ардагерлер кеңесінің Алғысхатымен марапатталды.
Сондай-ақ, аталған ауылдық округтердің ардагерлері Қуандық Мелдешовке және Зәуре Үсіповаға облыстық ардагерлер кеңесінің сый-сияпатын және аудан әкімі мен аудандық ардагерлер кеңесінің құттықтау қағазы табыс етілді.
Сонымен қатар, жалғызбасты қария З.Үсіповаға Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі аппаратының тарапынан азық-түліктей көмек көрсетілді.
Мұндай айтулы мереке күні қадірменді қарияларымыздың жүзіне қуаныш ұялап, алғыстарын жеткізді. Қашанда халқының амандығы мен денінің саулығына тілеулес қариялар ақ баталарын берді.
* * *
1 қазан – Қарттар күні мерекесіне орай аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков және Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтап, аудан әкімінің және облыстық, аудандық ардагерлер кеңестерінің құттықтау қағазы мен сый-сияпатын табыстады.
Мереке қарсаңында Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Қайрат Сарыбаев ұзақ жылғы ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесі жолындағы белсенді қоғамдық қызметімен ардагерлер қозғалысын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, еңбек ардагерлері Болысбек Шыңғысбаев пен Қуантай Исаевқа да мереке қарсаңында құрмет көрсетілді.
Аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Өтемісұлы ардагерлерді төл мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі. «Ел басына күн туған қиын-қыстау күндерде халқына сүйеу, жұртына қамқор бола білген сіздердей қарттарымыздың қатары көп болсын» деген ақ тілегін қоса жеткізді.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»