Basty bet
Қосбөлтек ауылында мешіт ашылды
Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл ауылда кішігірім мешіт салынып, жамағат құлшылық-ғибадаттары мен рухани қажетін сонда өтейтін. Осыдан үш жыл бұрын бір жиында «ауылға не керек?» деген әңгіме болғанда, көпшілік бірауыздан мешіттің ойсырап тұрғанын айтқан-ды. Осы әңгіме кейіннен ауылдан шыққан кәсіпкер Раушан Үсенованың ұлы Еркебұланға жетіп, ол мешіттің құрылысын бастап беруге уәде еткен еді.
Міне, содан бері арада өткен үш жылда мешіт құрылысы тынбай жүргізіліп, көз тартар, ауылға көрік берер сәулетті ғимаратқа айналды.
Күндердің сұлтаны болған қасиетті жұма күні Қосбөлтек ауылындағы «Ән-Нұр» мешітінің ашылу рәсімі өтті. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкіл имамы, облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев, ауыл молдалары мен жұртшылық өкілдері қатысты.
Жалпы, төрт мұнаралы мешітті тұрғызуға демеушінің қаражатынан бөлек бүкіл ауыл болып атсалысыпты. Жүк көлігі, тракторлары барлар мешіт салынатын аумақтың жерін тегістеп, құмын, тасын әкелуге жәрдемдессе, жанындағы қосалқы ғимараттарды тұрғызуға ауылдың әр жылдары туған азаматтары жұмылып, өз үлестерін қосқан.
Дизайн, көркемдеу тұрғысындағы идеялар көп жағдайда ел болып ақылдасып шешілгенін айтады жұрт. Діннің мақсаты – іріткі салу үшін емес, ұйыту, ұйыстыру екенін ескерсек, бұл Құдай үйінің іргеде тұрған Көктөбе ауылына да ортақ, осы жұрттың ауызбіршілігінен, жамағаттың бауырмалдығына қызмет ететін болады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкіл имамы, облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев құттықтау сөзінде осынау сәулетті, еңселі ғимарат ендігіде Құдай деген жанға құшағын ашатын, әр мереке, әр жұма сайын елдің басы қосылатын ордаға айналатынын атап көрсетті.
Ауыл, аудан тұрғындары мен әр өңірден келген қонақтардың қатысуымен болған мерекеде санитариялық талаптардың сақталуына да мән берілді. Облыстың бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы бұл ашылған ғибадат үйінің аудандағы 27-ші, ал облыста 311-ші мешіт екенін, бүкіл ел үшін, мемлекетіміз үшін зор қуаныш екенін айтты.
Сондай-ақ, мешіт – тек ғибадат орны ғана емес, ауылдың сәні екені сөзсіз. Сондықтан да айшықты үйдің сәулеті де тартымды болу керегіне ден қою керек. Айталық, Қосбөлтек ауылындағы атшаптырым жерді алып жатқан мешіттің айналасы көгалдандырылған, бақшасына жеміс ағаштары отырғызылған.
Ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев мешітте жастар тәрбиесіне, оларға арналған уағыз-насихатқа көп мән берілетін болады. Дін мен халықты жақындату, жасөспірімдердің жат ағымдарға ілесіп кетпеуіне ықпал етудің бірден-бір жолы да осы болса керек.
Шара барысында мешіттің салынуына тікелей ұйытқы болған марқұм Еркебұлан Кәдірбекұлының рухына Құран бағышталып, оның артына ілесіп келе жатқан бауыры Елжанға ауыл тұрғындарының атынан ат мінгізілсе, әке-шешесі Кәдірбек мен Раушанға қазақы дәстүрмен иықтарына шапан мен камзол жабылды.
Мешіттің таспасы салтанатты жағдайда қиылып, апалар тәттіден мол шашу шашып, ақсақалдар баталарын берді. Облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев жамағатпен бірге жаңа мешіттің табалдырығын аттап, мешіт ақысын өтеп шықты.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»