Basty bet

жүйеге қатыс, өзіңді сақтандыр!

Еліміздің денсаулық сақтау саласы 2020 жылдың 1 қаңтарынан мемлекет пен азаматтардың денсаулығына ынтымақты жауапкершілігін көздейтін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген жаңа жағдайда бастағаны мәлім. Дегенмен, тұрғындар арасында аталған жүйені әлі де жатсына қабылдап, күмәнмен қараушылардың бар екені ескеріліп, азаматтарды жаңа жүйеге жан-жақты бейімдей түсу үшін Үкімет бұл мерзімді тағы да үш айға шегерген-ді. Осы кезеңде азаматтар мәртебелерін нақтылап, жүйеге қатысуға дайын болуы шарт.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру дегеніміз (МӘМС) – халықтың денсаулығын сақтау саласындағы мүдделерін әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС жүйесіне қатысушыларға уақтылы, қолжетімді, сапалы медициналық және дәрі-дәрмектік көмек ұсыну қамтамасыз етіледі.
МӘМС жүйесінің артықшылықтары әлеуметтік әділдік, бірлік, жауапкершілік және қызмет сапасының артуы, бәсекелестік болып табылады, азаматтарға медициналық қызметті таңдау еркіндігі мен қолжетімділігіне мүмкіндіктер беріледі.
Арнайы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылып, азаматтар осы қорға ай сайын міндетті жарналарын аударып отырады. Ал, қорда сақталған қаржы науқастанған жандардың емделуі үшін емханаларға беріліп отырады.
Жаңа жүйе аясында тұрғындарға медициналық көмектің екі түрлі пакеті ұсынылады. Оның біріншісі, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірілген көлемін ұсынатын базалық пакет, мемлекет есебінен медициналық көмек алу, мұнда жедел жәрдем қызметі, санитариялық авиация, әлеуметтік ауруларға, сонымен қатар, төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері енеді. Бұл қызмет барлық азаматтар үшін қолжетімді. Екіншісі, жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Яғни, бұл пакетке енетін қызмет түрлері азаматтардың әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударған жарнасы арқылы жүзеге асады. Екінші қызмет түрлеріне амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек, стационарлық алмастыратын көмек, қалпына келтіру емдік-шаралары, медициналық оңалту, паллиативтік көмек және жоғары технологиялық көмек кіреді.
Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС қорына жарна төлеуден босатылатын табысы аз, әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың 15 санатын белгілеп берді. Оған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларының иегерлері, «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар, ҰОС қатысушылары және мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, интернатта тәрбиеленіп жатқандар, бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейін бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, күндізгі оқу түрінде білім алып жатқандар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар, зейнеткерлер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік қызмет және құқық қорғау органдары жұмыскерлері, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар, уақытша ұстау абақтылары мен тергеу абақтыларындағы азаматтар жатады.
Ауданның денсаулық сақтау саласында жаңа жүйені енгізуге дайындық үш жыл бұрын басталған. Барлық медицина қызметкерлеріне және тұрғындарға жаңа жағдайда жұмыс істеу тәртібі түсіндірілген.
Басқа өңірлердегідей, «DAMU MED» медициналық ақпарат жүйесі енгізілген. Бұл жүйе барлық салалардағы ақпарат жүйелерімен интеграцияланған. Адам өз ЖСН-ін құрылғыға енгізген жағдайда, оның мәліметтері электрондық форматта көрініп тұрады және оған көрсетілетін медициналық қызметтер пакетінің түрі осыған қарай анықталады. Және бұл қызметтер пакеті республиканың кез келген өңірінде жарамды, яғни азамат сапармен қай өңірде жүрсе де, сол пакетті ала алады. Тек тұрған жерінде уақытша тіркелуі шарт.
– Медициналық сақтандыру ең алдымен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған дәрігеріне барып, емделуге мүмкіндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді.
Медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатын болғандықтан, енді емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны сөзсіз. Өз кезегінде бәсекелестік медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады.
Азаматтардың МӘМС қорына аударған барлық сақтандыру жарналары туралы мәліметтер ашық түрде болады. Сақтандыру жарнасын төлеген азаматтар арнайы желідегі «жеке кабинетінен» төлемдердің барлығын ашық түрде көре алады. Қорда жиналатын қаражаттың медициналық қызметтерге бағытталуы өте маңызды, сондықтан қаржы емделетін әрбір азаматқа тікелей бағытталады, – дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбай.
Аудандық орталық ауруханада МӘМС жүйесіне жауапты болып бас дәрігердің орынбасары Нұрбай Ергебеков бекітілген.Оның айтуынша, МӘМС негізгі бағыттарын түсіндіру, іске асыру мақсатында аудандық штаб құрылған. Аудандық орталық аурухана ауданның жергілікті мемлекеттік атқарушы органдарымен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Аудан тұрғындарымен тиісті деңгейде түсіндіру жұмыстары барысында халықтың түрлі әлеуметтік топтарымен сауалнама жүргізілді. Штаб құрамында әртүрлі сала, соның ішінде денсаулық, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту және ақпарат салаларының өкілдері енгізілді. Есепті кезеңде жергілікті ақпарат құралдарында тұрақты айдарлармен мақалалар жарық көрді.
Аудандық орталық аурухананың емхана бөліміндегі тіркеу орнында МӘМС жүйесі туралы ақпарат бұрышы жұмыс істеуде. Оған жауапты болып тұрақты маман бекітілген. Бұл бұрышта келушілерге жаңа жүйенің артықшылықтары туралы үлестірме материал таратып беріледі және бұл материалдар қабылдау жүргізіп, ем-дом тағайындайтын әр дәрігердің жұмыс кабинеттеріне қойылған.
Дәрігердің қабылдауына жазылу да электронды форматта жүзеге асырылуда. Бұл процесс тіркеу орнында орнатылған арнайы құрылғыдан іске асырылады. Емделуші осындағы арнайы маманның көмегімен немесе жеке өзі құрылғының экранына өз ЖСН-ін теріп, тиісті дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Немесе «DAMU MED» медициналық ақпарат жүйесіне тіркеліп, сол арқылы үйінде отырып, дәрігердің қабылдауына жазылу, кезегін бақылау мүмкіндігі бар.
Аудандағы барлық медициналық ұйымдарда МӘМС жүйесінің артықшылықтары туралы көрнекі ақпарат құралдар бар. Келушілер назарына аудандық орталық емхананың екінші қабатындағы теледидардан, орталық алаңда, орталық емхананың кіріберіс жақ қабырғасына орнатылған LED-экраннан тақырыптық бейнероликтер тәулік бойына ұсынылады.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Жамбыл облыстық филиалы қызметкерлері ауданымызға келіп, халыққа қызмет көрсету орталығында, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында, ауылдық округтерде болып, тұрғындармен кездесулер, қабылдаулар ұйымдастырып отырады. Аудандық орталық аурухана қызметкерлері арасынан бір дәрігер, бір орта буынды медициналық қызметкер облыс орталығында арнайы ұйымдастырылған семинарларға қатысып келіп, ауданның медициналық ұйымдарының қызметкерлерін каскадтық әдіспен оқумен қамтыған.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Жамбыл облыстық филиалының мәліметінше, ауданда 5411 азамат сақтандырылмаған, яғни сақтандыру қорына қаражат аудармаған.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың МӘМС-не бірыңғай жиынтық төлем төлеу арқылы қатысу мүмкіндігі бар. Бірыңғай жиынтық төлем салық органдарында бейресми жұмыспен қамтылғандар қызметін тіркеудің оңайлатылған тәртібін көздейді. Оның көлемі ауылдық жерлерде тиісті жылға бекітілген АЕК-тің тең жартысын құрайды, яғни 1 326 теңге. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар көрсетілген соманы әр айдың 25-не дейін аудандық аурухананың емхана бөліміндегі тіркелу орнында арнайы орнатылған төлем терминалынан немесе аудандағы кез келген екінші деңгейдегі банктердің төлем терминалдарынан төлей алады,- дейді аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Әбілқасымұлы.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close